387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хоккей: Қазақстанның әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

  • 438
  • UPD: 14:43, 28.05.2019
Хоккей: Қазақстанның әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс «Ролан Гаррос» турнирінің екінші кезеңіне шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы айналымда француз қызы Одри Албимен кездескен жерлесіміз 6:2, 6:2 есебімен басым түсті. Зарина ертең ресейлік Вероника Кудерметовамен ойнайды.

«Ролан Гаррос» турнирі

Қазақстандық теннисші Александр Бублик «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында неміс Рудольф Меллекерден басым түсті. Есеп: 7:5, 6:7, 6:1, 7:6. Әйелдер арасында еліміздің бірінші ракеткасы Юлия Путинцева жарыстан шығып қалды. Қазақстандық спортшы швециялық Ребекке Петерсонға есе жіберді. Екінші кезеңге Серена Уильямс та жолдама алды. Алғашқы айналымда ресейлік Виталия Дьяченкомен ойнаған америкалық теннисші 2:6, 6:1, 6:0 есебімен жеңіске жетті.

Харри Кейн Чемпиондар лигасының финалына қатысады

«Тоттенхэм» шабуылшысы Харри Кейн Чемпиондар лигасының финалдық матчына қатысады. Футболшы жарақатынан айығып, толыққанды жаттығып жүр. Лондон командасының бас бапкері Маурисио Почеттино Кейнге қатысты нақты мәлімет берген жоқ. Шабуылшы шешуші сында негізгі құрамда алаңға шықпаса да, қосалқы команда сапында болады. Чемпиондар лигасының финалы 1 маусым күні Мадрид қаласында өтеді. Еуропа құрлығының басты кубогын ағылшын клубтары «Ливерпуль» мен «Тоттенхэм» сарапқа салады.

Харри Кейн, «Тоттенхэм» ФК шабуылшысы:

- Маусымдағы негізгі кездесулердің бәрі соңғы минуттарда шешілді. Сәтсіздіктер де, жетістіктер де болды. «Аяксқа» қарсы кездесудегі айтулы жеңіс команданың мінезін паш етті. Бұл матч ешқашан мойымау керек екенін дәлелдеді. Енді финалға да осындай мақсатпен шығамыз. Футболшы болуды көздейтін кез келген баланың арманы еурокубок жарысының финалында ойнау екені түсінікті. Сүйікті командаммен шешуші сында өнер көрсетемін. Бар күш-жігерімді саламын. 

Қазақстанның әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

Шайбалы хоккейден 2020 жылы Швейцарияда өтетін әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Элиталық командалардың қатарына қосылған Қазақстан «Б» тобында сынға түседі. Біздің хоккейшілер жексенбі күні Словакияда аяқталған әлем біріншілігінің жеңімпазы Финляндиямен және қола жүлдегер Ресеймен ойнайды. Сонымен қатар АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия Қазақстанға қарсылас атанды. Элиталық құрамалар арасындағы әлем чемпионаты 8-24 мамыр аралығында Цюрих пен Лозанна қалаларында өтеді. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы биылғы дүниежүзілік біріншіліктен кейін ұлттық командалардың рейтингін жаңартты. Қазақстан 2570 ұпаймен 19-орынға жайғасты. Топ басында 3705 ұпаймен Канада тұр. Үздік үштіктің қатарында Ресей мен Финляндия бар.

Хабар 24 телеарнасы