376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚХЛ: «Барыс» овертаймда Мәскеудің «Динамо» командасынан жеңілді

  • 112
  • UPD: 22:20, 27.12.2019
ҚХЛ: «Барыс» овертаймда Мәскеудің «Динамо» командасынан жеңілді

Бүгін елордада «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті кездесуінде Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Динамо» құрлықтық хоккей лигасындағы тәжірибелі команданың бірі саналады. Ресейлік клуб аталмыш додада 2011/12, 2012/13 жылдарда жеңімпаз атанған. Екі команда арасындағы кездесулерде «Динамо» көбірек жеңіске жеткен. Бүгінгі күнге дейін ресейлік клуб «Барыспен» өткізген 24 ойында 14 мәрте жеңіске жетіп, қалғанында қарсыласына есе жіберген.

Команда биыл да бір мәрте кездесп үлгерді. 2019 жылдың 11 қарашасында елордалық клуб Мәскеуде айдын иелеріне овертаймда 2:3 есебімен жол берген еді. Сондықтан «Барыс» сол кеткен есені бүгінгі ойында қайтаруға тырысты.

Кездесу екі команданың алма-кезек шабуылымен басталды. Десе де бірінші кезеңде ресейлік команда «Барыс» қақпасына екі шайба соғып кетті. Оны 9-минутта Андрей Миронов, 12-минутта Дмитрий Яшкин өздерінің еншісіне жазды.

Екінші кезеңде елордалық хоккейшілер ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 24-минутта Дастин Бойд есеп айырмасын қысқартты. Ал 37-минутта елордалық Антон Сагадеев таразы басын теңестірді.

Үшінші кезеңде «Барыс» қарқынды ойын көрсетті. Ойынның 44-минутында Роман Старченко елордалық клубты алға шығарды. Дегенмен 56-минутта «Динамо» хоккейшісі Андре Петерсон мергендік танытты. Негізгі кезеңде 3:3 есебімен аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Динамо» Вадим Шипачёв жеңіс шайбасын соқты. Кездесуде «Барыс» қарсыласынан 3:4 есебімен жеңіліп қалды.

Енді «Барыс» екі ойын өткізеді. Алдымен 29 желтоқсанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен кездессе, 30 желтоқсанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен мұз айдынға шығады.

Хабар 24 телеарнасы