377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жыл: Спорттағы айтулы оқиғалар

  • 138
  • UPD: 14:01, 31.12.2019

Қазақстан астанасы әлемдегі ең ірі спорттық қалалардың қатарында екенін дәлелдеді. Биыл мұнда халықаралық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі ауқымды жарыстар өтті. Бұған қоса, ел спортының дамуына тың серпін беретін маңызды заңдар қабылданып, болашақ чемпиондарды бала жастан тәрбеелеуге ерекше ден қойылды.

Елордамыз осыдан бірер жыл бұрын ресми түрде әлемдегі ірі спорттық қалалар қатарына қосылды. Биыл да сол қарқыннан таймай, халықаралық деңгейдегі аламандарды абыроймен қабылдады. Тіпті бұрын-соңды ел тарихында болмаған спорттық жарыстар да өтті. Мәселен, қыркүйек айында бұнда 100 елден мыңға жуық палуан жиналып, әлем чемпионы деген атақты сарапқа салды. Дүниежүзілік дода ел имиджін қалыптастырумен қатар, жерлестеріміз арасынан жаңа есімдердің шығуына мүмкіндік берді. Ұлттық құрама қоржынында 3 күміс пен 4 қола жүлде бар. Артынша бірер ай өтпей жатып елордаға үздік киокушин шеберлері де жиналды. Қазақстанға алғаш рет каратэден біріктірілген әлем чемпионатын қабылдау құрметі бұйырды. 50 елден 300-ге жуық адам қатысты. 3 жерлесіміз чемпион атанды. Бірақ, маңызыдысы бұл емес. Ең бастысы, Қазақстан бірнеше тармаққа бөлініп кеткен каратэ әлемінің басын бір жерге қосып, әлемдік спорт тарихынан ойып тұрып өз орнын алды.

Омархан Өксікбаев, ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті:

- Кезінде киокушинді жапондықтар 5-6-ға бөліп жіберіп, әр жаққа ыдыратқан дүниені соны қоғам, әлем біріктіргісі келіп жатыр. Біз де соны біріктіріп, сонда киокушиннің салмағы да, дәрежесі де өскен болар еді. Біз соған тырысып жатырмыз. Біз соны Қазақстан ішінде де біріктіреміз деген пікірдеміз, ойдамыз. Солай болса спортсмендердің дәрежесі және жарыстың құндылығы өскен болар еді. 

Бұл бірер мысал ғана. Елорда жыл сайын осындай деңгейдегі ондаған жарысты қабылдайды. Әсіресе олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекелер қосылғаны қуантады. Мәселен, астанамыз жазда алғаш рет парапауэрлифтингтен әлем чемпионатын өткізген болатын. Байрақты бәсекеде алдағы паралимпиаданың жолдамалары да сарапқа салынды. Айтулы аламан елдегі мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спорттың дамуына кәдімгідей дүмпу әкелді. Яғни артынша бірнеше арнайы жарыс өтті. Олардың арасынан республикалық спартакиаданы ерекше атап өтуге болады. 

Арнұр Ысқақов, жоба авторы:

- Мүгедек балалар мен жетімдер арасында көп өткізе бермейді. Сондықтан егер жетімдер осы мүгедек балалармен бірігіп ойын ойнаса, араласса, кейіннен дос болып кетіп, бір-біріне көмектесіп жүрсе нұр үстіне нұр болады деген оймен осы екімәлеуметтік әлсіз топтар біріге отырып, біз осындай ойға келіп, қолдауын алып алдық. 

Байрақты бәсеке алдағы жылдары тұрақты өткізілетін болды. Бұған қоса биыл осы  саладағы қолдау мен қаржыландыруды реттеуге қатысты заң жобасы да дайындалып, парламентте жан-жақты талқыланды. Соған сәйкес, алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалуы тиіс. Оған паралель биыл допингке қатысты мәселе де заң жүзінде бекітілді. Сәйкесінше бұдан былай тыйым салынған препаратты қолданғандарға қатысты жаза күшейеді.

Бұған дейін де жылдың басты жарыстары мен жеңістеріне, жалпы спорттағы маңызды оқиғаларға шолу жасаған болатынбыз.

Хабар 24 телеарнасы