423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар Street Workout спортынан тегін онлайн жаттыға алады

  • 338
  • UPD: 13:48, 15.04.2020

Елордалық спортшы Айтым Жақыпов жастарды онлайн жаттықтырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Street Workout спортынан еліміздің бас бапкері, осылайша, карантиндегі уақытты текке өткізбей, салауатты өмір салтын ұстануға баулып отыр. Онлайн жаттығуға күллі қазақстандықтар қатыса алады.

Карантинде бос жатпай, денені шынықтырып, жаңа спорт түрін меңгеруге әбден болады. Street Workout-тан еліміздің бас жаттықтырушысы Айтым Жақыпов күн сайын Instagram арқылы жастарға шабыт беріп келеді. Қазір оның екі мыңға жуық онлайн шәкірті бар. Спортшының Street Workout-ты жанына серік еткелі 10 жылдан асқан.

Айтым Жақыпов, Street Workout Kazakhstan бас жаттықтырушысы:

- Қазақстан аталған Street Workout-ты мемлекеттік деңгейде қолдап отырған жалғыз мемлекет. Осыдан екі жыл бойы ел бойынша 100 арнайы алаң салынғанын білесіздер. Мен 2014 жылдан бері бас жаттықтырушымын. Ерекше спортқа жастарды тартқым келеді. Сол үшін өз көлігіммен алғашқы Workout тур жасап, ел аумағында спортты насихаттадым. Ашық жаттығулар өткіздік.

Спортшы биыл елімізден бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанды да аралап шықпақшы. Ол үшін бабында болуы қажет-ақ. Сөйтіп, күнделікті тікелей эфирде өзі де шынығады, өзгені де баптауда. Жауапкершілігі зор азамат арнайы бағдарлама әзірлеп, телефон алдындағы көпшілікпен кешенді жаттығу жүргізуді дағдыға айналдырған.

Айтым Жақыпов, Street Workout Kazakhstan бас жаттықтырушысы:

- Үйде қимылдамай отырғандықтан, көпшілік артық салмақ қосып аламыз ба деп алаңдайды. Біздің онлайн жаттығуға кез келген адам қатыса алады. Ол үшін арнайы құралдар қажет емес, қолда барын пайдалануға болады. Біз күн сайын 20:00-де жиналамыз.

Айтым Жақыповтың ізбасарлары еліміздің әр түкпірінде бар. Олар да ерекше спорт түрін дамытуға үлес қосып жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дәурен Жұрхабаев

Хабар 24 телеарнасы