421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атақты бразилиялық футболшы «Қайратқа» ауысты

  • 301
  • UPD: 13:08, 24.06.2020

Қазақстандағы аладоп аламаны да ұзақ үзілістен кейін есті жинап, чемпионатты жаңғыруға дайындалып жатыр.

Жоспар бойынша ел бірінішілігі шілдеде басталуы керек. Осыған байланысты командалар ойыншыларын түгендеп, оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Мәселен, алматылық «Қайрат» жаңа шабуылшымен толыққан. Бұл жөнінде бразилиялық легионер Вагнер Лав өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазыпты. Бірақ алматылық клуб бұл ақпаратты әзірге растамады. Айта кетейік, 36 жастағы футболшы бұған дейін бразилиялық «Коринтианс» сапында өнер көрсетті. Одан кейін ресейлік ЦСКА-ға ауысатыны айтылған. Бірақ соңғы таңдауы қазақстандық клубқа түсіпті және қос тарап арасында келісім де бар дейді футболшы.

Қазақстан спортшылары саладағы айтулы тұлғаларға көше атауларын беру туралы бастаманы қолдайды.

Әсіресе, Ольга Шишигина, Илья Ильин, Ермахан Ибраимов, Болат Жұмәділов сияқты әлем және олимпиада чемпиондары олардың еңбегін жоғары бағалап, идея аяқсыз қалмау керек деген пікір білдірген. Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Қазақстан спортшылар одағы отандық спорттың дамуына аянбай еңбек етіп, ел абыройын асқақтатуға атсалысқан 3 адамға көше атауын беру жөнінде мәселені көтерді. Оның ішінде Қазақстан боксының өкіл әкесі Бекет Махмұтов, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Александр Апачинский және танымал спорт функционері Аманша Ақбаев бар. 

Азамат Қайратұлы, Қазақстан спортшылар одағының төрағасы:

- Біз Қарағанды, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдеріне хат жолдап, спорт саласындағы айтулы тұлғаларға көше атауын беру керектігін жеткіздік. Өйткені олардың есімдері және еңбектері уақыт өте ұмытылып барады. Бұған жол беруге болмайды. Осы мақсатта елдегі спортшылар бастамаға жан-жақты қолдау танытып жатыр.

Таэквондодан ел чемпионатының кестесі

Таэквондодан балалар арасындағы ел чемпионатының уақыты өзгерді. Айтулы жарыс 15 шілдеде өтуі керек. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты 17 тамызға шегерілген. Бұл жөнінде Қазақстан таэквондо федерациясы мәлімдеді. Ал жастар арасында Қазақстан біріншілігі тамыздың басында Шымкентте өтеді. Әлемдік аламан қыркүйекте Болгарияда болады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, карантиннен кейін дәл осы спорт түрінде алғаш болып жарыстар кестесі шықты. Сәйкесінше, оған бағытталған оқу-жаттығу жиындарын да кей қалаларда басталып та кетті. Ал басқа спорт түрлерінде жарыстарға қатысты ақпарат әлі күнге дейін жоқ.

 

Хабар 24 телеарнасы