425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

АЭФ: Әйгілі сарапшылар «жасыл экономика» тақырыбы төңірегінде ой тарқатады

  • 833
  • UPD: 21:27, 06.05.2018

2020 жылға қарай елімізде өндірілетін баламалы қуат көзінің үлесін үш пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Қазір бұл көрсеткіш тек 0,9 пайызды құрайды. Астана экономикалық форумы аясында осы мәселе кеңінен талқыланбақ. Атағы алты құрлыққа әйгілі ғалым-сарапшылар елордада екі күн бойы «жасыл экономика» тақырыбы төңірегінде ой тарқатады. Соған сай кейін тиісті шаралар қабылданбақ.

Еліміз табиғи ресурсқа бай. Бірақ оның да түбі бір сарқылуы мүмкін ғой. Тіпті сарапшылардың айтуына қарағанда, үш жылдан кейін мұнай мен газға деген сұраныс төмендейді. Себебі қазір әлем баламалы қуат көздеріне бет бұрып жатыр. Ірі-ірі кәсіпорындардың өзі жарық пен жылуды күннен яки желден өндіріп алатын деңгейге жетті. Мұндай әлеует Қазақстанда да бар. Бірақ бізде «жасыл технология» енді-енді дамып келеді. Себебі елімізде «жасыл экономика» концепциясы тек 2013 жылы қабылданғаны белгілі.

Асхат Сүлейменов, «Жасыл экономиканы» қолдау мен G-Global дамыту коалициясының атқарушы директоры:

– Осы Астана Экономикалық форумында 5 жылдың ішінде қандай жұмыс атқарылды және де алда қандай жоспарлар бар, соның бәрін біз нақтылап, айқындап алуымыз керек. Бүгінгі таңда білесіздер, Үкіметтің шешімімен «Жасыл технологиялар» орталығы ашылған еді. Осындай «жасыл технологиялар» орталығы Оңтүстік Корея мемлекетінде 10 жылдан артық жұмыс істеп жатыр. Солардың Пан ги Мун бастаған басшылары келеді. Ол кісі сол басшысы бүгінгі таңда. Тәжірибе алмасады. Одан кейін Ресейдің белгілі ғалымы Михаил Юлкин деген кісі келіп, өздерінің тәжірибесімен алмасатын болады.

Қазір Қазақстанда «жасыл технологияға» жете мән беріліп отыр. Әсіресе кәсіпорындар баламалы энергия көздеріне тұтыну жолдарын іздейді. Бұл жерде ұтыс көп. Өндірістен таралатын зиянды қалдықтың мөлшері азаяр еді. Осы орайда мемлекетке салмақ салғысы келетіндер көп. Рас, ел Үкіметі де барынша қолдап жүр. Тіпті кейбір жобалар таяда қабылданатын «экологиялық кодекске» енуі мүмкін. Күні кеше «Қазақстандағы экологиялық қауымдастық» өкілдері жаңа заңнаманың тұжырымдамасына енгізу үшін бірнеше ұтымды ұсыныстарын айтты.

Елдос Абақанов, Қазақстандағы экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

– Осы ұсыныс негізінде тарсырма берілді. Осы тапсырма негізінде біздің қауымдастық тарапынан біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Негізгі мақсат экология кодексінде «жасыл экономика» принциптерін одан ары дамыту. Оны қалай іске асырамыз? Бүгінде біз өзіміздің тұжырымдамамызды Энергетика министрлігіне ұсындық. Осы ұсыныс барысында бірнеше механизмі бар. Оның бірі кешенді рұқсаттамаларды енгізу. Оны енгізу үшін осы қолжетімді жаңа технологияларды кәсіпорындарға, былай айтқанда, табиғатқа тікелей зиянды әсер ететін кәсіпорындарға енгізу. Одан бөлек солардың нақты анықтамалық құжаттамаларын жасау деген сияқты ұсыныстар енгіздік.

Алдағы уақытта еліміздегі мұнай өңдеу саласына энергия тиімділігін арттыру жобасы енеді. Осы арқылы баламалы қуат көзінің үлесін 2020 жылға қарай үш, ал 2030 жылға дейін он пайызға жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін «ЭКСПО» базасында болашақ энергиясының инвестициялық жобалары қолға алынып, «жасыл технологиялардың» халықаралық орталығы құрылады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы