412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ОҚО ЕХРО-2017 көрмесі қонақтарын қабылдауға әзірленіп жатыр

  • 759

Оңтүстіктегі Отырар ауданы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне келетін туристерді қабылдауға әзірленіп жатыр.

Мұнда негізінен тарихи-қажылық туризмге ден қойылған. Мысалы, өңірдің ғана емес, еліміздің рухани құндылығы саналатын «Арыстан Баб» мавзолейі, көне Отырар қаласы меймандарға есіктерін айқара ашуға дайын. Тек Қазақстандағы тұңғыш археологиялық қорық музейі ашылып үлгермейді.

Тарихы тереңде жатқан бұл қорымдардың археологтарды қызықтырғаны тегін емес. Жақын күндері сол жәдігерлер қайта түлеп, миллиондаған туристердің назарына ұсынылмақ. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне келетін туристер аты аңызға айналған Отырар қаласының құпиясы мен сырына кеңінен қанық болады.

Бүгінде ескі шаһардың қақпалары қайта жаңғыртылып жатыр. Көне көшелер мен байырғы тұрмыс ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

Пердехан Жаппарқұлов, Отырар ауданы әкімінің орынбасары:

- Ауданда жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында табылған бірқатар бұйымдар мемлекеттік археологиялық қорық музейіне өткізілген. Олар да меймандар назарына ұсынылатын болады. Алайда көрмеге дейін экспозицияларды құрып үлгерулері екіталай. 

Аталған олқылыққа жаңғырту жұмыстарымен айналысқан фирманың салғырттығы себеп болыпты. Қазір жәдігерлерді жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр. Мұнда 24 мың бірегей артефакт шоғырланса да, соңғы үш жылда жөндеу жұмыстарына байланысты көрермендерге жабық болған. Жергілікті билік музейдің ашылу салтанаты кешіктірілсе де, туристерді қызықтыратын нысандар жеткілікті екенін айтады. Солардың бірі – өңірдегі жалғыз этноауыл. «Мұның өзі келгендердің таңданысын тудырмай қоймайды», – дейді олар. 

2 гектар аумаққа бөренеден қақпа тұрғызылған әрі төрт түлікке арналған қоралар да дайын тұр. Мұның барлығы тарихи аймақта орналасқан. Осылайша қонақтар халқымыздың бай салт-дәстүріне куә болмақ.

Авторлары: Мейрамгүл Құспан, Мерей Мұратханқызы, Катерина Попкова, Ерболат Абишов

Хабар 24 телеарнасы