431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

EXPO-2017 – әлемдік деңгейде өзгеріс әкелген көрме

  • 5020

115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан бұл жолғы EXPO несімен ерекшеленді? Әлем ғалымдары қандай тың жобаларын таныстырды? 90 күнге созылған тарихи оқиға әлем үшін нендей жаңалық, нендей өзгеріс әкелді?

Астана жас қала болса да, бас қала. Елорда ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі шараларды өткізіп, алға қойған мақсат-міндеттерін абыройлы атқарып келеді. Соның бірі – ЕХРО-2017 көрмесі. 3 ай бойы мұнда 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым «Болашақ энергиясы» тақырыбында жан-жақты ізденістерін паш етті. Жай ғана таныстырып қойған жоқ, үздік жобаларын ұлттық құндылықтарымен ұштастырып, келушілер үшін естен кетпес әсер сыйлады. Мәселен, Монако павильонындағы әсем көріністерді айрықша атап өткен жөн. Бұл Княздік жер шарындағы шағын мемлекеттердің бірі болғандықтан, онда жер тапшылығы өзекті. Осы жәйтты ескерген ғалымдар су бетіне шаһар салу жобасын жүзеге асыра бастады.

Александр Бокийон, Монако Княздігі павильоны комиссарының орынбасары:

– Су үстіне шаһар салу жобасын бастап кеттік. 2025 жылға қарай жер көлеміміз 6 гектарға ұлғаяды деп ойлаймыз. Негізгі мақсатымыз теңізге зиян келтірмеу және оның биоалуандығына өзгеріс енгізбеу. Құрылыс барысында суға ешбір қалдық түсіп кетпеуі керек. 

«Болашақ энергиясы» тақырыбын жан-жақты айшықтаған тағы бір нысан – Үздік тәжірибелер алаңы. Мұнда жиырмадан астам таңдаулы жоба қойылып, табиғи құбылыстан да электр қуатын өндіру мүмкін екені дәлелденді. Келушілерді әсіресе испаниялық өнертапқыштардың жасыл-желектен қуат алу әдісі ерекше қызықтырды. Олар өсімдік жерден құнар алып қана қоймай, күн сәулесімен қоректенетінін ескеріп, сол энергияны қайта өндіріп алу әдісін ойлап тапқан.

Айғаным Төлеулиева, стэндші:

– Осындай батареялар бізге бір шаршы метріне 40 киловатт энергия бере алады. Бұл энергияны бір бөлмеге қолдана аламыз. Сонымен қатар батареялар 4 жылға дейін істейді. Еш зақымын тигізбейді. Егер сізде бақша бар болса, осындай панельдерге орнатып, үстіне жеміс-жидек өсіре аласыз.

EXPO-ға келуші қонақтардың көбі Қытай павильонына бас сұқпай кетпейді. Бұл мемлекеттің экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы бірегей бастамалары жетерлік. Осындай жоба жетекшілерінің сөзіне сенсек, әлемдегі жылу электр орталықтарынан шығатын зиянды қалдықтарды едәуір азайтуға жол ашылды. Ол үшін қытайлық ғалымдар арнайы қондырғы жасап шығарды. Сондай-ақ олар су түбіндегі балшықтан отын өндіру жобасын жүзеге асырды. Яғни пайдалы энергия алып қана қоймай, ластанған айдынды тазарту тәсілін ойлап тапты.

Вей Нао, Қытай павильонының стэндшісі:

Қазандықтар мен пештерде газ пайда болады. Ол қоршаған ортаға өте зиян. Біздің қондырғымызда бұл улы заттар каталитикалық реакция арқылы жойылады. Нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды элементтер тиісті нормадан аспайтын болады. Ал мына жоба көптеген елдерге қажетті деп ойлаймыз. Ластанған су айдындарындағы балшықты отынға айналдыру ісі бірегейлігімен танылып отыр.

Бұл әлемдік энергетика саласына тың серпін әкелген технологиялардың бір парасы ғана. Яғни EXPO-да таныстырылған тың жобалар саны жетіп артылады. Тек оларды өндіріске енгізу қажет. Яғни Африкада жаңа гидростанциялар салу жөнінде ілкімді іс қолға алынуы мүмкін. Сондай-ақ Таяу Шығыста күн батареялары орнатылып, Үндістанда ащы суды тазартатын зауыт іске қосылады деген жоспар бар. Ал еуропалықтар графенді қолдану арқылы атмосфераны зиянды қалдықтардан тазарту ісіне кіріспек. Демек, EXPO көрмесі діттеген мақсатына жетіп, әлемдік энергетика және экология салаларына тың серпін әкелді.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы