386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері елдегі автомобиль сатылымы 60 пайызға құлдырады

  • 973

Жыл басынан бері елдегі автомобиль сатылымы 60 пайызға құлдырады. Мысалы, былтыр алты айда еліміздегі ресми дилерлер 52 мың көлік сатқан. Ал биыл бар-жоғы 21 мыңға жуық темір тұлпар өз иесін тапқан. Автосалондардағы жаңа көліктер көздің жауын алғанымен, алушылардың нөпірі байқалмайды. Сондықтан менеджерлер клиентке барлық жағдайды жасауы тиіс. Бірақ алматылық Аида Мамырханова армандаған машинасын аламын деп барып, назданып қайтқанын айтады.

Аида Мамырханова, қала тұрғыны:

- Кеңесшілердің қарым-қатынасы көңілімнен шықпады. Салонда адам өте аз болды. Соған қарамастан қойған сұрақтарыма тұшымды жауап ала алмадым. «Міне бағасы, ал машина әне тұр. Көре беріңіз», - деді де қойды. Менің ойымша, қазір әрбір сатып алушы маңызды болуы тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, нарық бір кездегі Ресей рублі құнсыздануының салқынын әлі тартып отыр. Мысалы, 2014-2015 жылдары қазақстандықтар көрші мемлекеттен 320 мыңға жуық машина алып келген.

Эдуард Эдоков, Қазақстан тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

- Жыл соңына дейін автомобиль нарығындағы жағдай түзеле қояды деп айту қиын. Сатылым өспейді. Қазақстандық бірқатар экономистердің болжамы бойынша келесі жылдың басы да автодилерлер үшін ауыр болады.

Ал Қазақстанның Автобизнес қауымдастығының президенті келер жылдан үмітті. Андрей Лаврентьев автомобиль нарығы өзінің ең төменгі шегіне дейін түскенін айтады. Жыл қорытындысы бойынша елімізде сатылатын көліктердің саны 40-45 мыңға жетеді деп болжап отыр.

Андрей Лаврентьев, Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті:

- 2014 жылдың соңында басталған нарықтағы сатылымның төмендеу үдерісі биыл маусым айында тоқтады. Ал 2017 жылдың екінші тоқсанын бастап біз Қазақстанның автомобиль нарығында нақты өсімге қол жеткіземіз. Келесі жылы сату көрсеткіші осы жылмен салыстырғанда 30 пайызға артады.

Әлемдегі қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстанда құрастырылған көліктердің саны артып келеді. Жыл басынан бері отандық машиналардың жалпы сатылымдағы үлесі 30 пайызға жеткен.

Андрей Лаврентьев, Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті:

- Бұл индустрияландыру бағдарламасы басталғалы бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Болашақта Қазақстанда жасалған автомобильдер жалпы нарықтың тең жартысын иеленеді.

Қазақстанның автопаркі ТМД елдері арасындағы ең ескісі саналады. Қолданыстағы 50 пайыздан астам машинаның зауыттан шыққанына 18 жылдан асып кеткен. Егер азаматтар ескі көліктерін жаңасына ауыстыра бастаса, бұл да нарыққа өз үлесін қосады- дейді сарапшылар. Мамандар Қазақстанның автоөндірісін қалпына келтірудің тағы бір жолы қолжетімді көліктерді шығару деп есептейді. Бұдан өзге 2015 жылы басталған жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы да оң септігін тигізіп отыр. Былтыр берілген қаржының бүгінде 1,5 миллиард теңгесі қайтарылып, басқа азаматтарды несиелендіруге жұмсалған.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Дамир Әбуов, Сержан Жұмабаев.

Хабар 24 телеарнасы