389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҰОС ардагерлеріне тамақ таситын еріктілер қажет

  • 706

Соғыс ардагерлеріне ыстық тамақ таситын ерікті адамдар қажет. Алматыдағы Ардагерлер кеңесі осындай өтініш білдірді. Алып шаһардағы дәмханалар қарттарға тегін тамақ үлестіруге дайын. Бірақ игі бастаманы жүзеге асыруға азаматтардан қолдау қажет болып отыр.

92 жастағы батыр ана Полина Шуховцева көмекке зәру ардагерлердің бірі. Денсаулығы сыр бергеннен бері кейуана дүкенге барып, сауда жасауға қауқарсыз.

Университет оқытушысы Асқар Мәуленов ардагерлерге тегін тамақ тасуға ниет танытқан жалғыз азамат. Ол мұндай игі бастама туралы әлеуметтік желі арқылы біліпті.

Асқар Мәуленов, ерікті:

- Ардагерлерге тек тамақ тасып қана қоймай, олардың әңгімелеріне де құлақ түрген дұрыс. Қариялардың жалғызсырайтынын байқадым. Оларға басқа да көмек қажет. Мысалы, үй-ішін жинастырып, көңілдерін аулауға көңіл бөлсе, артық болмас. Сондықтан мұндай шараға жастарды жұмылдыруымыз керек.

Игі шараны қолға алған қоғамдық қор өкілдері Алматыдағы 30-ға жуық ардагерге тамақ таситынын айтты. Ал Алматыда соғысқа қатысқан шамамен 600 дей қария бар. 

Любовь Форат, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық қорының өкілі:

- Біздің қоғамдық қор арқылы қарттарға тегін тамақ үлестіруге қолдау білдірген кәсіпкерлер бар. Тек сол ыстық тағамдарды жеткізетін еріктілер болмай тұр. Бізде 60-қа жуық ардагердің мекенжайы белгілі. Олардың тең жартысы жалғызбастылар, оларға көмек ауадай қажет.

Ардагерлерге көмек беруге ниет болса, 277 88 78 нөміріне хабарласыңыз немесе әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық қордың парақшасында хабарлама қалдырсаңыз жеткілікті.

Автордары: Гауһар Омарбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы