378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында заңсыз балық аулаушылармен күрес жүріп жатыр

  • 1147

Атырау облысында Жайық өзені мен Каспий теңізінде заңсыз балық аулаушылардың қатары әлі күнге кемімей тұр.

Сонымен қатар Қытайда шығарылатын бір рет пайдалануға арналған полиэтилен аулар да балық қорының азаюына сеп. Соңғы жылдары браконьерлерге қатысты заң біршама күшейтілді. Алайда, жағалауға жақын орналасқан елді мекен тұрғындары байырғы әдетін қояр емес, - дейді мамандар. Балық қорғаушы инспекторлардың күнделікті жұмысына біздің тілшілеріміз де куә болды. Облыстағы балық аулау және өңдеу ісімен айналысатын кооперативтерге көктем және күз мезгілінде ғана балық аулауға уақытша рұқсат етіледі. Ал браконьерлер жыл бойы ашық теңіз бен өзенді торуылдайды. Жайық өзені мен теңіз тамағына жақын орналасқан 4 елді мекен тұрғындарының көпшілігі заңсыз балық аулауды кәсіп етіп алған. Инспекторлар суға өрмекшінің торындай құрылған ауларды тазалап, күні бойы өзен қорумен болады.

Амангелді Ахтанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы:

- Қазіргі мына иесіз Қытай сеткалары дүкендерде сатылады. Қазір тиімдісі халықтың ақшасы болған жағдайда ауды алады да жағаға сала береді. Өздеріңіз көргендей біз қазір бәрін тазалап жатырмыз. Жұрт қайығын сүйреп қашады, қуалап жатырмыз. Қазіргі таңда аулайтын көбіне балалар соларға ештеңе істей алмаймыз.

Шекара асып келетін қытайлық арзан полиэтилен ауларға түскен балық құтыла алмайды. Мұндай ау-құралға майда шабақтарға дейін шырмалып, суға кері жіберген күнде де қайтып өмір сүріп кете алмайды екен. Сондықтан кеденнен өткізуге мүлде тосқауыл қойылғаны жөн, - дейді инспекторлар. Каспий теңізінде де тыныштық жоқ. Браконьерлер үш жүз аттың күші бар қайықтармен жүйткіп жүрсе, бағалы балық қорын қорғаушы инспекторлар шабан атпен отар соңында жүрген қойшының күйін кешеді. Дегенмен олар бірнеше шақырымға созылатын ауларды тәркілеп, түскен бекіре балықтарын табиғи ортасына кері жібереді.

Исатай Аралбеков, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы:

- Браконьерлерде үлкен-үлкен мотрла жаңағы 300-350-ге дейін, ондайлар бізде жоқ. Ең үлкен біздегі 75-тік моторлар қайықтарымыз кішкентай. Онымен қуып жете алмаймыз оларға. Бірақ инспекторлар енді амалын тауып, сол жұмысты, өзінің міндетін атқарып жатыр.

Балық қорғау инспекциясының материалдық-техникалық жағдайын жасау мәселесі жыл сайын көтерілгенімен, жабулы қазан жабулы күйімен қалып қояды. Бірақ жауапты органдар әлдері келгенше браконьерлермен күрес жүргізіп келеді. Жұртшылықтың қоршаған ортаға деген көзқарасы түбегейлі өзгермей, браконьерліктің тамырына балта шабу да аса қиын дейді мамандар.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов.

Хабар 24 телеарнасы