385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Антына адал тәртіп сақшысы ерен ерлігі үшін марапатталды

  • 1157

Тәуелсіздік жылдары елімізде қоғамдық тәртіпті күзетіп, қауіп-қатерден қырағы қорғайтын полиция қызметі қалыптасты.

Бұл сала өкілдері қандықол қылмыскерлерді қолға түсіруде басын бәйгеге тігіп, міндетін мінсіз орындап келеді. Қол-аяғы икемге енді келе бастаған жамбылдық Бекжан Тіленшиев мұндай халге қандықол күдіктіні ұстаймын деп душар болған еді. Тараздағы қарулы қақтығыста жаумен бетпе-бет келген тәртіп сақшысы мойын омыртқасынан ауыр жарақат алды. Ал қолына түскен қылмыскердің көзін жойып, қоғамға төнген қауіптің бетін қайтарды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тәртіп сақшысына мәртебелі марапат ұсынылды. Елбасы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табыс етіліп, министрдің арнайы алғыс хаты берілді. Полицей қазір қатарға қайта қосылатын күнді асыға күтіп отыр. Ол үшін мемлекеттік көмек арқылы жағдайын жақсартып алмақ. Шетелдік емдеу мекемесіне де барып, зақымдалған омыртқасын оңалтып қайтады.

Бекжан Тіленшиев, тәртіп сақшысы:

- Әр полицейдің міндеті ол қоғамдық тәртіпті сақтау және жол ережесін қадағалау. Менің орнымда болған басқа жігіттер осылай істер еді. Құдай қаласа, аяққа тұрып, қатарға қосыламын деп ойлаймын.

Сондай-ақ Бекжан шаңырақ көтеруді көздеп отыр. Ал әріптестері болса, ерлігін көпке үлгі етіп, қолдан келген көмектерін көрсетіп жүр.

Самат Құсайынов, Жамбыл облысы ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

- Жамбыл облысында мұндай жағдай екінші рет болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, 2012 жылы Ғазиз Байтасов террористі ұстау барысында қаза тапқан болатын. Қазіргі таңда Тіленшиев Бекжанға квота бөлінді. Жамбыл облысы әкімінің және ішкі істер департаменті басшысының қолдауымен. Алдағы уақытта шетелге барып емделеді. Емделіп болған соң, қатарымызға қосылады деп ойлаймын.

Жалпы қазақстандық полицейлердің қызмет бабындағы ерліктері ұшан-теңіз. Бекжан Тіленшиев секілді өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, қоғамды зор қауіптен құтқарған антына адал азаматтар жетерлік. 1993 жылдан бері елімізде қызмет бабында жүрген 800-ге жуық полицей ажал құшып, тағы 2000-нан астамы жараланған. Сондықтан ішкі істер органдары бұл азаматтардың есімін ешқашан ұмытпай, ерліктерін елге танытып келеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров.

Хабар 24 телеарнасы