360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баспасөзге шолу. Халқымыздың қазіргі той өткізу мәдениеті қандай?

  • 671
  • UPD: 13:13, 27.09.2018

Қазақ басылымдарында жарық көрген өзекті мақалаларды назарларыңызға ұсынамыз.

«Ана тілі». Артық әріптің қажеті бар ма?

«Артық әріптің қажеті бар ма?». Республикалық «Ана тілі» газетінде оқырманға жол тартқан мақала осылай аталады. Автордың көтерген мәселесі – қазақ тіліндегі и және у әріптерінің дыбыстық мәні мен таңбалануы. Мақалада бұл әріптерге қатысты даудың ХХ ғасырда басталғаны айтылған. Олар бірде дауысты, бірде дауыссыз дыбыстарға жатқызылып, ақыры ортақ ереже қабылданған еді. Оған сай, «и және у дауысты дыбыстан соң дауыссыз, ал дауыссыз дыбыстан соң дауысты» болып белгіленді. Сондай-ақ мақалада Жүсіпбек Аймауытұлының пікірі келтірілген.

Айта кетейік, қазақтың қабырғалы қаламгері кезінде бұл мәселені дүркін-дүркін көтерген.

«Жүсіпбек Аймауытұлы и мен у дыбыстарын бір ғана таңбамен жазу қажеттілігін қайта-қайта көтеріп, бірнеше дүркін мақала жариялады, тіпті сол кездегі емлеге өзгеріс енгізуге өз тарапынан жоба да ұсынған болатын. Ж.Аймауытұлының и, у дыбыстарын бір ғана таңбамен беру керек дегендегі уәжі мынадай: «Таластың үлкені ұу туралы. Жаңа оқығандар түгіл, әрі оқығандарымыз да бұған төсеніп кете алмай жүр. Сөздің буынын ашқанда кейде ы, кейде ұ шығады. Ы шықса жалғыз у жазылады. Және сөздің түбіріне сүйенеді: оқу, жору, танудың түбірінде ы дыбысы бар оқы, жоры, таны. Сондықтан жалғыз у жазылуы тиіс».

«Айқын». «Қазақ жаңғырамын десе...»

Бүгін баспасөзге шолуымызды «Айқын» газетінің соңғы санында жарық көрген «Қазақ жаңғырамен десе...» мақаласымен бастаймыз. Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, көтерген жүгі ауыр көлемді дүние ұлтымыздың кем-кетігін түзетуге арналған. Авторы – мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов. Мақала «тоқырау атаулының қауіптісі – рухани дағдарыс» деген сөздермен басталады. Ары қарай статистикалық деректер баяндалады. Мәселен, еліміздегі әрбір үшінші отбасы ажырасып, некесіз туған сәбилердің саны азаймай тұр. Осы жайттарды алға тарта отырып, автор «шілдеханадан жаназаға дейінгі, тал бесік пен табыттың арасындағы қазақы салт-дәстүрлерімізді, елуге тарта рәсімімізді жаңғыртуды» ұсынады.  

«Бірінші кезекте: бүкіл ел, халық, қазақ болып, басшымыз бен қосшымыз, жасымыз бен кәріміз бәріміз жоғарыда айтылған, әлі де айтылмаған қауіпті індеттердің ауқымына, қарқынына, салдарына терең талдау жасап, оның тамырына балта шабу үшін жан-жақты ойластырылған батыл да жедел, қатаң да аяусыз шаралар қолдануымыз керек. Бүкіл қоғам болып, азғындардың аяғының астында жер жәннатындай етуіміз қажет. Оған қоғамның, халықтың күші де, құдіреті де жетеді деп ойлаймын.

Екінші кезекте: осындай мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін қайсыбір жағдайдың пайда болып, қоғамда, адамдардың санасында, өмірінде орын алып, өрістеуінің алдын алатын, болдырмайтын, түбірімен жоятын қатаң заңдар шығарылып, оның орындалуын мемлекет және бүкіл қоғам болып қамтамасыз ету керек».

Сондай-ақ мақалада халқымыздың қазіргі той өткізу мәдениеті де кеңінен баяндалады. Автордың сөзінше, «қазақ торқалы тойлар мен кәделі астардың арқасында іргелі ел, қабырғалы халық болған».

«Қазақта «Ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Қазір бүкіл қазақ есепсіз ас пен тойдың әлегімен әуре. Қазақ дәстүрінде той және томалақ деген ұғымдар бар. Қызды ұзату, ұлды үйлендіру, сүндет – бұл той, ал қалғанының бәрі томалақ болып есептеледі. Той-топыр емес, ас ішіп, аяқ босататын жер емес, той кезекті көңіл көтеру кеші емес, той – ұрпақ, рух салтанаты, тарихи, мәдени шара, мәдениет, өнер, өнеге, тәрбие мектебі. Той – тарихтан тағлым, қазақтың ұлылығынан ұлағат алатын орын. Ал енді осы тойлар, томалақтар бізде қалай өтіп жатыр? Кез келген дәстүрдің озығы да, тозығы да бар емес пе?»

Ары қарай автор қазіргі той өткізу мәдениетін жіліктеп, жеті бірдей кемшілігін жіпке тізіп береді. Олардың негізгілері – өзара бәсеке, дарақылық, даңғазалық, ысырап және мәдениеттің төмендігі. Өкінішке қарай, кемшіліктің барлығын тізіп шығу дәл қазір мүмкін емес. Сондықтан қалың оқырманға мақаланы толық оқуға кеңес береміз.         

«Егемен Қазақстан». «Ұлттық кардиохирургияда жүрек донорының тапшылығы қалай шешімін тауып жатыр?»

Енді келесі материалға назар салсақ. Еліміздегі Ұлттық кардиохирургия орталығында 100 науқас трансплантация бойынша кезекте тұр. Алайда бұл көрсеткіш іс жүзінде 300-ге дейін жетуі мүмкін. «Егемен Қазақстан» газетінде осы өзекті мәселеге арналған мақала жарық көрді. Автор алдымен оқырман назарына әлемдік статистиканы ұсынады. Мәселен, Еуропада 15 миллион адам жүрек жеткіліксіздігіне шалдықса, оның 500 мыңы терминалды сатыдағы науқас екен. Яғни әлемде жарты миллионға жуық адам жасанды жүрекке мұқтаж деген сөз. Мақалада бұл операцияның жаңа әдістері де көрсетілген.

«Жүрек трансплантациясының жаңа әдісі – жасанды жүрек қарыншасы. Бұл бағдарлама клиника ашылған сәттен бері 7 жыл бойы қолданылып келеді. Медицинаға жүрек трансплантациясымен бірге енген бұл әдіс соңғы 20 жылда әлем бойынша қолданысқа ене бастады. «Бүгінде әлемде жүрек қарыншасы трансплантациясының халықаралық тізімінде жасанды құрылғылар имплантациясы салынған 15000 пациент бар. Бұл жасанды сол жақ қарынша, оң жақ қарыншаның астындағы ұстап тұратын тірек, жүрек алынып тасталып, орнына механикалық жүрек салынған операция. Сол жақ қарыншаның имплантациясы 7-8 жыл өмір сүруге мүмкіндік берсе, әлем тәжірибесінде ол имплантациямен 10-15 жыл өмір сүрген адамдар бар. Бірақ бізде бұл бағдарлама небәрі 7-8 жылдан бері қолданыста. Сондықтан ондай деректер әлі жоқ».

«Айқын». «Демографиялық өсім дәрменсіз»

Шолуымызға өзек болған келесі мақала халық санына байланысты. «Демографиялық өсім дәрменсіз» деп аталады. Автор өз материалын Қазақстан халқының санынан бастайды. Қазір бұл көрсеткіш 18 миллион 300 мыңның шамасында екен. Сондай-ақ мақалада қызықты деректер де бар. Мәселен, туу көрсеткіші бойынша халқының саны тығыз орналасқан оңтүстік өңір өзгелерден алда тұр деген түсінік қалыптасқан. Алайда автор статистикаға жүгіне отырып, жоғары көрсеткіштің Маңғыстау облысында тіркелгенін айтады.   

«Әуесқой демографтың дерегіне сүйенсек, еліміздегі бала туудан рекордтық көрсеткіш 1987 жылы тіркелген. Әзірге ол рекорд жаңармай тұр. «2016 жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп көрсеткіш 400 мың балаға жеткен болатын. Ал рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болды. Ол кезде Қазақстанда 417 мың бала дүниеге келген», – дейді ол. Қазақстан қалаларындағы 2018 жылдың бірінші жартысында туғандардың санын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Алматы және Астана қалаларында туғандар санының өсуі сәйкесінше \+4,4\ және \+4\ пайызды құраған. Ақтөбе қаласында .+5.3., Атырау \+6.8\, Орал қаласында \+7.5\ пайыз. Салыстыруға назар аударсақ, Қазақстан¬ның батысындағы үш қала да – туу көрсеткіші бойынша алда тұр».

Демографтар байқаған тағы бір үрдіс Қарағанды және Көкшетау қалаларында халық саны азайып жатыр екен. Мамандар бұл жағдайы аталған шаһарлардың Астанаға жақын орналасқанымен түсіндіреді.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы