365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әулиеатада иттер төрт түлікке шаба бастады

  • 375
  • UPD: 12:44, 05.11.2018

Соңғы уақытта қазақстандықтар үшін ең төменгі жалақының көтерілетіні елең еткізер жаңалық болды.

Облыстық әкімдікте осы мәселе бойынша жиын өтіп, басым бөлігі бастамаға қолдау білдіріпті. «Рavlodarnews» порталында жарияланған мақалада облыстық еңбек басқармасына күн сайын жаңа мәліметтердің түсіп отыратыны айтылған. Бұл туралы басқарма басшысы Асқар Қапанов былай дейді:

«Рavlodarnews» порталы. Павлодар облысында кәсіпорындардың 90 пайызы еңбекақыны көтереді

http://pavlodarnews.kz/index.php?id=16465

Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:

- Бұл кәсіпорындардың еңбекақыны көтеруі бойынша үнемі мониторинг жасаймыз. Күн сайын жаңа мәліметтер түсіп отырады. Егер ірі кәсіпорындар еңбекақыны көтерген жағдайда мамандардың барлығы сонда ауысады. Сондықтан басқалары да көтеруге мәжбүр болады. Егер де ең төменгі көрсеткіштен көтермеген болса, бұл 100 пайыз заңбұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда басқармаға жүгінуге болады. Заңды немесе жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК-тен бастап айыппұл салынуы мүмкін.

Облыстық еңбек басқармасы басшысының айтуынша, ең төмен жалақы көбінесе шағын және орта бизнес нысандарында кездеседі екен. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай жағдайдың болмауы үшін қазірден бастап тиісті шаралардың қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Бұл орайда «Крендель» ЖШС-нің қаржы директоры Валерий Силкин 297 адам жұмыс істейтін мекемеде орташа еңбекақы 150 мың теңгені құрайтынын атап өтіп, еңбекақыны көтеру жоспарда бар екенін айтады.

Валерий Силкин, серіктестіктің қаржы директоры:

- 40 мың теңгелік жалақыны штаттық кесте бойынша кондитер шәкірттері ғана алады. Қазіргі таңда мұндай бес адам еңбек етуде. 1 қаңтардан бастап 48 мың теңгеге көтереміз. Кондитер шәкірттері екі айдан соң екінші деңгейге ауысады. Сол кезде орташа жалақы 80 мың теңгені құрайтын болады. Еден жуушылар, жүк тасушылар мен сатушыларда орташа жалақы – 76-85 мың теңге. Олардың саны – 30 адам. Келесі жылдың 1 сәуірінен бұл санаттағы жұмысшылардың еңбекақысын 10 пайызға көтереміз. Сәйкесінше басқа да санаттағы қызметкерлердің еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Әзірге биылғы жылға бюджет бекітілген.

«Aikyn» gazeti. «Бала мен ит ойнап жүр, бір аулада...»

https://aikyn.kz/2018/11/02/72219.html

Ал «Айқын» газетінде «Бала мен ит ойнап жүр бір аулада» атта мақала жарық көрді. Мақалада Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданы Байзақ ауылының тұрғындары хабарласып, дабыл қаққаны туралы айтылады. Ең қызығы, ауыл іргесіндегі 200-ден астам итті асырап-бағып отырған «Ақтөс» питомнигінің жанынан 300 балаға арналған мектеп бой көтеріпті. Тұрғындар қаңғыбас иттерден көресіні көріп келеміз деп ашынып отыр.

Ауыл халқы ең алдымен иттерді бетімен жіберген иесіне наразы. Олар төбеттердің төрт түлікке қасқырдай шабуды жиілеткенінен шошып отыр. Күнкөріс көзі малынан бір айырылған халық биыл азын-аулақ бау-бақшасынан бір түйір де жеміс алмаған. «Иттер таптап тастады» деп ашынады. Көше толы иттің нәжісі қолқаны қауып, тынысты тарылтады деп бір дабыл қаққан еді. Оған құлақ түрмеген жергілікті әкімдік енді тура сол питомниктің жанынан мектеп салып беріп отыр.

Енді ата-аналар осы мектепке барып келетін балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.

Қазір мектеп ауласында балалар иттермен бірге ойнап жүр. «Ит құтырмасын» деп тілейік. Себебі, құтырма ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, дүние жүзінде жыл сайын құтырма ауруынан 55 мың адам көз жұмады. Ауырған 55 мың адамның 99 пайызының жұқтыру көздері – ит. Соңғы 3 жылда елімізде 19 адам құтырмамен ауырып, қайтыс болған.

Мақалада айтылғандай, аудан басшылығы халықтың мұң-зарына құлақ

аспай отырған көрінеді. Алдағы уақытта шешімін табады деп сенейік.

«Рavlodarnews» порталы. «Мырзашоқы тауында арқан жолы іске қосылды»

http://pavlodarnews.kz/index.php?id=16593

Ал Павлодар облысында жалақының көтерілуінен басқа тағы бір жағымды жаңалық бар. Ол туралы Рavlodarnews порталы хабарлайды. Өткен сенбі күні Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауында арқан жолы іске қосылды. Осылайша қысқы туризмге жол ашылды. Тау шаңғысы базасы орналасқан ауыл халқы үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Арқан жолының ұзындығы 960 метр, оған екі орындық 63 кресло бекітілген екен.

Медет Жетпісбаев, арқан жолдың операторы:

- Таудың үстіне белгіленген жылдамдыққа байланысты 11-24 минуттың ішінде жетуге болады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін желдің жылдамдығын белгілейтін құрылғы орнатылды. Егер де ол секундына 25 метрді құраса, жоғарыға көтерілу қысқартылады. Бұдан бөлек резервтік қуаттау дизель генераторы қарастырылған. Бүгін Баянауыл ауданында жауын-шашын түседі деп күтуде. Жеткілікті деңгейде қар түскен кезде спортсүйер қауым шаңғымен немесе сноудбордпен көңіл көтере алады. Туристерге қызмет көрсету үшін таудың маңына киім шешетін орын, қарау алаңы мен басқа да үй-жайлар тұрғызылды. Бұдан бөлек спорттық құрал-жабдықтар партиясы сатып алынған.

Тау-шаңғы базасы күн сайын бес мың адамды қабылдай алады. Кешеннің ашылуы Баянауыл ауданында қысқы туризмді дамуына септігін тигізеді. Базаның іске қосылуы нәтижесінде Мырзашоқы тауының етегінде орналасқан Қаражар ауылында қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

«Didar» газеті. «Кәсіпкерлер 24 сақ дәуірінің қорғанын сүріп тастамақшы»

http://didar-gazeti.kz/8659-sa-orandaryn-krep-tastamashy.html

«Дидар» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Қуаныш Сүлейменов сақ қорғандарын қорғап, мәселе көтеріпті. Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Қазақстан облысынан келген жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті жерді пайдаланушылар арасында осыған байланысты үлкен дау туындаған екен.

«Дауға басты себеп біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіштер болып отыр. Ол жерде ұзын саны 24 сақ дәуірінің қорғаны бар. Егер билік өкілдері дер уақытында араласып, тоқтау салмаса, жер қойнауын пайдаланушылар, яғни өңірден алтын іздеуші компаниялар алдағы уақытта оларды сүріп тастауы әбден мүмкін. Ондай болса ғасырлар қойнауынан бізге жеткен мол тарихи мұрамыздан бір-ақ күнде айырыламыз. Сондықтан екі жаққа да бейтарап адам әрі депутат ретінде облыс басшылығына, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасына, облыстық жер қатынастары басқармасына, Жарма ауданы әкімдігіне, өзге де құзырлы орындарға осы жайды жеткізіп, қорғандардың сол қалпында сақталып қалуына шұғыл әрекет жасауларын сұраймын. Қажет болса мемлекеттік тіркеуге алып, қорғалатын аймақ ретінде сақтап қалу үшін қаржы да қарастыру керек».

Айта кетерлігі, бұл қорымдарды кезінде елімізге белгілі археолог, профессор Әбдеш Төлеубаев ашқан екен. «Қазіргі уақытта қорымдарды мемлекеттік тіркеуге алу үшін қажетті құжаттары реттелуде» деп жазады «Дидар» газеті. 

Авторы: Қарлығаш Қасиетова

Осы категория бойынша: « Мемлекеттік сыйлықтың қадірі қалды ма? «Жабайы саудамен» күрес »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы