369,36 420.60 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оңтүстікқазақстандық мақташыларға енді субсидия берілмейтін болды

  • 294
  • UPD: 11:47, 07.12.2018

Оңтүстікқазақстандық мақташыларға мақта шикізатына субсидия берілмейтін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыны естіген диқандар алаңдаушылықтарын білдіріп отыр. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» газеті жазады. «Қазақстан фермерлер одағының» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жүсіп Шәріпұлы аймақтық басылымға берген сұхбатында енді субсидия тек қана мақтаны талшыққа өткізгендерге төленетін болып шешіліпті деген екен. Оның пікірінше, бұл заң шаруалардың жағдайын одан сайын қиындатып жіберуі мүмкін. Өйткені фермерлер мақтаны өткізіп болған соң, ақысын 5-6 айдан кейін ғана алады. Сол себепті қосымша қаражаты болмағандықтан, ертең көктемде егіндерін еге алмай қалулары ықтимал. Бұл әсіресе, мақтамен күн көріп отырған шаруалар үшін өте қиын болғалы тұр. Егер диқандар ереже бойынша мақтаны талшық күйінде өткізбесе, облыстағы бүкіл мақташылардың 80-90 пайызы субсидиядан қағылайын деп отыр.

«Сонда дейміз-ау, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы тиісті мамандар субсидия тәртібі туралы жаңа ережені неге дер кезінде мақташыларға түсіндірмеген деген сауал туындайды. Енді ала жаздай тер төгіп, адал еңбегі заяға кеткелі тұрған мақташылардың обалын кімге артамыз? Әлде мұны реттейтін жол бар ма? Шаруалар осыған алаңдаулы».

«Жасанды түсік – қазаққа жат түсінік»

«Жасанды түсік – қазаққа жат түсінік». «Қазақ үні» газеті де қоғамда қызу талқыланып жатқан Денсаулық сақтау министрлігінің абортқа қатысты ұсынысына байланысты мақала басып шығарды. Естеріңізде болса, сала ведомствасы қыз балаларға 16 жастан бастап ата-анасының келісімін алмай-ақ, жасанды түсік жасата беру туралы жобаны ұсынып, заң жүзінде бекітіп алмақшы. Ал қазіргі біздегі қолданыстағы ережелер бойынша кәмелетке толмаған қыз балаларға мұндай медициналық көмек көрсету үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімі міндетті түрде керек. Заңмен бекіткенмен, іс жүзінде қалай болмақ? Біздегі тәжірибеге сүйенсек, дәл осы бағытта талай дау-дамайдың туындауы, тіпті адам өлімі орын алуы да әбден мүмкін. Жаңа заң қабылданған екен деп біздің дәрігерлер сапалы қызмет көрсетуге көше қояды дегенге сенім аз. Естеріңізде болса, дәрігерлердің жауапсыздығы мен салғырттығынан босануға келген бірқатар ананың өлімі тіркелгені белгілі. Ондай жағдайлар әлі де жалғасуда», деп жазады республикалық басылым.

Жасанды түсік жасау да қатерлі екенін ұмытпағанымыз жөн. Аталған ұсыныс әзірге талқыланып жатыр. Ереже қабылданған жағдайда, жасөспірім келісім беретін құжатқа өзі қол қоятын болады. Кәмелетке толмаған, оң-солын ажыратып үлгермеген жас қыздарға соншалықты жауапкершілігі мол шешім қабылдауды өз еріктеріне беріп қою қалай болар екен?»

«Ақбауырға» жатбауырлық танытқанымыз қалай? Шығыс Қазақстан облысындағы астрономиялық һәм археологиялық кешенің мәселесін «Түркістан» газеті көтеріп отыр. Отандық басылым «Ақбауыр» жойылудың аз-ақ алдында тұр деп жазады. Өскемен қаласынан 30 шақырым жердегі Құржымбай тауының етегінде, ашық аспан астындағы «Ақбауыр» тарихи кешені қола дәуірінен сыр шертеді. Ел аумағында ғана емес, ғаламшарымыздағы ең көне жәдігерлердің бірі. Өңірдегі өлкетанушылар «соңғы жылдары туристердің көптеп келуіне байланысты тастың бетіндегі ежелгі таңбалар мен суреттер өшіп барады», ‒ деп дабыл қағуда.

Ескерткіш тастарға қашалған петроглифтерді бұған дейін вандалдар бүлдіріп үлгерген. Онымен қоймай, жәдігердің маңын туристер қазір кәуәп пісіріп, көңіл көтеретін орынға айналдырыпты. Ел тұрғындары мен өлкетанушы ғалымдар бас көтеріп, тарихи кешенді мемлекет қорғауына алу керектігін айтып жүргелі талай уақыт болды. Бірақ нәтижесіз деп алаңдаушылық білдіріп отыр мақала авторы.

«Бұлай жалғаса берсе, сан ғасырдан бері өңін бермеген маңызды таңбалар өшіп тынуы мүмкін. Өлкетанушылар бұл аумаққа кім көрінгеннің кіруіне шектеу қойып, шұғыл ғылыми зерттеу жүргізуді ұсынып отыр. Жергілікті тұрғындар болса, Дағыстанның халық ақыны Расул Гамзатовтың «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» ‒ деген сөзін қаперге ілмейтіндерді жазалау керек дейді».

Осы категория бойынша: « Балаларымыз неліктен отандық мультфильмге қызықпайды? Қазақстандағы ветеринарлық қауіпсіздік қай деңгейде? »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы