389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде көлеңкелі экономикамен күрес күшейтіледі

  • 1179
  • UPD: 12:44, 12.12.2018

«Көлеңкелі экономикамен» күрес күшейе түседі деп жазады Жамбыл облыстық «Арай» газеті. Экономиканың ілгерілеуі ел дамуына негіз болатындығы жасырын емес. «Алайда ел экономикасынан бұрын құлқынның қамын күйттейтіндердің ісі саланың дамуына тежеу болатыны тағы бар» дейді мақала авторы Шынболат Күзекбаев. Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқартуды тапсырған болатын. Автор осы мәселеге қатысты Жамбыл облысында атқарылып жатқан істер жайында мынадай статистика келтіреді.

«Ағымдағы жылдың 10 айында облыс бойынша экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 188 қылмыстық іс болды. Оның 136-сы өндіріспен аяқталды. 55 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 2 миллиард 133 миллион теңгені құрап, оның 1 миллиард 632 миллион теңгесі өтелді»

«Түнгі сот» тұрғындарға қолайлы. Бұл туралы Астана қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ботагөз Баянова жазады. Мақала «Астана ақшамы» гезетінде басылған екен. Мысалы Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотында «Түнгі сот» жобасы жұмыс істей бастаған бес айда 1 811 әкімшілік іс қаралып, оған 3 720-дан аса адам қатысқан. 

«Статистика көрсетіп отырғандай, «Түнгі сот» жұмыс істей бастаған бес айдың ішінде судьялардың жұмыс жүктемесі біршама азайған. Мәселен, 2018 жылдың маусымына дейін бір судьяның орташа айлық жүктемесі – 300, 330 іс болса, қазіргі кезде өндірістегі істер саны 250-257 болып отыр. Түнгі сот жұмыс істей бастаған уақыттан бері бір күнге судья 10-11 іс тағайындаса, ал 2017 жылдың осы кезеңінде бір судья күніне 25-тен 40 іске дейін қарайтын»

Келіп түскен әкімшілік материалдарды сол күні қарау адамдардың сот жүйесіне деген сенімдерін нығайта түседі. Осының өзі қолға алынып отырған жобаның тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдей түседі.

Жоғарыда атап өткендей, түнгі соттар істі басқа күнге қалдырмай тез шешіп, уақытты үнемдеумен қатар, заңдылықты қалпына келтіреді. Яғни, істің жылдам қаралуын қамтамасыз етіп, сот әділдігін орнатуға ықпал етеді. Өйткені, оқиғаның ізі суымай қаралуы азаматтарға да ыңғайлы.

Қостанай облысында биыл 331 шақырым жол жөнделді. Ал келесі жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмысына 30 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Оның сыртында 11 миллиард теңге республикалық жолдарды жөндеуге жұмсалатын болады деп жазады Егемен Қазақстан газетінің тілшісі Нәзира Жәрімбет. Облыстық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұловтың айтуынша жаз айларында құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың уақытылы жүруіне кері әсер еткен.

«Қиыршық тас, битум қымбаттаған. Мысалы, көктемде битумның тоннасы 90 мың теңге болса, жазда ол 140 мың теңгеге көтерілген»

Басқарма басшысының бұл уәжіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаздың қамын қыста ойлау керек екенін айтты.  

Бағаның көтерілуі жолдардың сапасына да кері әсер етеді. Құрылыс материалдарын үнемдеген соң, оның нәтижесі сапасыз болады. Битумді Қазақстанда Шымкент, Ақтау және Павлодар қалаларындағы өндіріс орындары өндіреді, ал қиыршық тас Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінен, «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамдары шығарады. Алдағы уақытта жол құрылысы басталмай тұрып, ең болмаса жергілікті өндіріс орындарымен келісім жүргізу керек. 

Алматыда 180 көше мен 30 ықшам ауданның атауы өзгертіледі. Бұндай шешім Қалалық мәслихаттың жергілікті мемлекеттік басқару және тұрғын үй саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысынан кейін қабылданып отыр. Мәслихат депутаттары Әуезов, Алатау және Наурызбай батыр аудандарындағы көшелерге жаңа атау беруді ұсынған. Айқынның тілшісі Жадыра Аққайырдың хабарлауынша белгілі хандар, өнер қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауымның атына көшелер аталады.

«Атап айтқанда, Алатау ауданына қарасты Алғабас 1-6 ықшамаудандарына Нұркент, Ботакөз, Ақмаржан, Ғажайып, Дарабоз, Зерделі атауы берілсе, осы аудандағы Заря Востока – Шапағат, Құрылысшы – Самғау деп өзгертіледі. Сонымен бірге, жаңа ықшамаудандар ішінде Мәдениет пен Томирис бар. Әуезов ауданы аумағындағы орысша аталатын ықшамаудандар ендігіде Шабыт, Атамекен, Жазира, Алмас, Қуаныш деген атау алады. Көпшіліктің құлағына сіңген Ремизовканы Асқартау деп өзгертсе, Бутаковка ендігіде Мұзтау болады»

Тағы бір жағымды жаңалық Каблуков көшесіне жазушы Әбіш Кекілбаевтың есімі беріледі. Бұдан өзге Мұзарт, Шабыт ықшамаудандары мен Әлқисса, Желмая сынды бірқатар жаңа көшелер пайда болады. Жалпы Алматы қаласындағы 3 мың көшенің ішінде 250 көшенің атауы бірдей болса, 200-ге жуығының тіпті атауы жоқ екен. Осы көшелердің барлығы да әдемі атауларға ие болады деген сенімдеміз.

Хабар 24 телеарнасы