382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда түйе азайып барады

  • 455
  • UPD: 11:01, 05.06.2019

Елімізде түйе азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан шұбат көлемі кеміді. Бұл мәселе баспасөзде көтерілді.

Шұбаттан жасалатын құрғақ сүтке әлемде сұраныс жоғары. Елімізде оны өндіретін кәсіпорын да бар, бірақ шикізат тапшы.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, осыдан үш жыл бұрын республикамызда 200 мыңдай түйе болған. Ал 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде 188 мыңнан астам түйе барын жария етті. Яғни малдың ішіндегі ең азы да сол.

Қазір шұбат тек өз елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Алайда сол сұранысты игеретіндей, Қазақстанда қауқар жоқ болып шықты, - деп жазады «Айқын» газеті.

«Сұранысты өтеуге түйелер жетпейді. Шұбаттан құрғақ сүт жасайтын жалғыз кәсіпорын бар. Әйтсе де, небәрі 1 тонна құрғақ түйе сүтін өндіру үшін 16 тонна шұбат керек. Бұл кәсіпорын өз өнімдерін Қытай нарығына шығарады. Себебі оларда осы құрғақ сүт орасан зор көлемде тұтынылады. Бұл жерде республикада қуаттылық бойынша мәселе жоқ. Аталған отандық кәсіпорын тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Бірақ өңдейін десе, сонша көлемдегі шұбат табылмайды. Сондықтан зауыт бие сүтін де өңдеумен айналысуда. Түйе сүтінің тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету – үлкен проблема. Біз өңірлік деңгейде әкімдікпен тізе қосып, осы мәселені шешу бойынша жұмыс істеп келеміз. Бұл үшін Түркістан облысында түйе басын өсіруге бағытталған өңірлік және салалық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен бірге Қазақстанда түйе бизнесін дамыту жөніндегі нысаналы бағдарламаны іске қосу қажеттігі пісіп-жетілгеніне Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударғымыз келеді».

Шымкент мектептерінде ақша жинауға қатаң тыйым салынды. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 260 миллион теңге бөлінген. «Сондықтан қандай да бір желеумен қосымша қаржы талап етуге жол берілмейді», – деді мұғалімдермен өткен жиында қала әкімінің орынбасары. Бұл туралы «Жас қазақ» газетінде мақала жарық көрді.

«Қала əкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының тапсырмасына сəйкес, Шымкентте үшінші жыл қатарынан мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінеді. Əрине оқу жылы аяқталған соң, мектептер белгілі бір деңгейде жөндеуді қажет етеді. Бірінің сыртын сырлау керек болса, енді бірінің кафелін ауыстыру қажет. Биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 260 млн теңге бөлінген. Сондықтан мен барлық ата-аналарға, мұғалімдерге, мектеп директорларына ресми түрде мəлімдеймін: Шымкент қаласында қандай да бір желеумен болмасын, қосымша қаржы жинауға қатаң түрде тыйым салынған».

Қарағандыда 5380 түлек ұлттық біріңғай тест тапсырады. Емтихан 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтпек. Жалпы биыл талапкерлер үшін қанша мемлекеттік грант бөлініп отыр. Ол жайында «Орталық Қазақстан» газетінен оқып біле аласыз.

«Талапкерлер үшін 15 тестілеу пунктінде 122 кабинет, оның ішінде, 19 резервтік кабинет жұмыс істейді. Тест тапсыру орындарының барлығы желдеткіштермен және ауа салқындатқыштарымен жабдықталады. Қазіргі таңда облыста 200 бейнебақылау камерасы мен 50 металл іздегіш, 123 ұялы байланыс тетігі әзірленді».

Ата-аналар мен бақылаушылар түлектердің тест тапсыру сәтін онлайн көрсетілім арқылы бақылай алады. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік комиссия мүшелері тестілеудің дұрыс өтуін қадағалайды. Түлектер тестілеуден кейін белгілі болған білім көрсеткіші арқылы мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады.

«Nurly Ertis» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 50-ден астам көп балалы отбасы көшіп келді. Олар бірден жаңа пәтермен қамтылды. Еңбекке жарамдылары жергілікті кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыспен қамтылмақ. Ал балалары балабақша мен мектептерге орналастырылады. Сондай-ақ оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін құжаттарды рәсімдеуге жәрдем көрсетілмек. Жағымды жаңалықты еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» жариялады.

«Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Павлодар облысы әкімдігінің бастамасымен «Nurly Ertis» бірегей бағдарламасы іске қосылды. Барлық көшіп келу­шілерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Екібастұзда көптеген ірі өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, кәсіпкерлік жақсы дамыған, сондықтан оны Қазақстанның дамыған және перспективалы қалаларының бірі деп атауға болады. Бұл оң тәжірибені еліміздің басқа да еңбек күші тапшы аймақтарында пайдалану қажет».

Хабар 24 телеарнасы