389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баспасөзге шолу. Жусан туралы жыр

  • 144
  • UPD: 14:34, 11.10.2019

Шолуымызды республикалық «Егемен Қазақстан» газетінен бастаймыз. Оқырман қауымға күнделікті жол тартатын бұл басылымда түрлі бағыттағы мақала жарияланады. Мәселен, газеттің соңғы санында жусанға арналған көлемді дүние жарық көріпті. Жусан туралы жыр деген тақырыппен. Автор өсімдіктің қасиетімен қатар, тарихтағы орнын да көрсетіп беріпті.

«1125 жылы Владимир Монамах өмірден озады да, осыған байланысты қыпшақтар ежелгі жауларында кеткен кекті қайтаруға ниет еткен. Донда қалған бауыры Орда ханы Сырчан «Елге қайтсын. Оған қыпшақ əндерін орында. Болмаса жусанды бер, иіскесін!» деп Ор деген əншіге қатты тапсырып, Артық ханға хабаршылыққа жібереді. Бұл кезде жергілікті тұрғындармен құдандалы болып, шалқып-тасып өмір сүріп жатқан Артық хабаршының уəжіне көне қоймайды. Араға аз уақыт салып, ағайындары алдына тағы барған. Бұл жолы да олардың қолында туған өлкесінен апарған бір бума жусан болыпты. Соны құшырлана иіскеген Артық хан көзіне жас алып, туған Отанына қайтуға шешім қабылдапты!»

«Ана тілі» газетінің кезекті санындағы елді елең еткізер дүниенің бірі Академик деп аталады. Әрине, мұндай мақалаға кейіпкер болуға жарайтын тұлғалар қазақ ғылымында өте көп. Алайда біз оқырманға ұсынып отырған мақала филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздыққа арналыпты. 

«Тіл тарихындағы ғалым қаламының қарымын көрсеткен құнды еңбектері – Қадырғалы Жалайырдың «Жами-ат тауарихы», Яссауи хикметтерінің тілін зерттеуге арналған монографиялары. Абай тілін зерттеуден бастап, арабизм, фарсизмдерді талдаудың озық үлгілерін қалыптастырған ғалым, Қадырғали би жылнамасы мен Ясауи хикметтерінің тілін талдау кезінде қазақ және араб, қазақ және парсы тілдерінің салыстырмалы сипатына көптеген толықтырулар енгізді. Жалпы алғанда, Р.Сыздықтың араб графикасымен жазылған мәтіндерді транслитерация жасаудағы еңбектері өз алдына жеке сөз етуге тұратын мәселе». 

Мақала ғалымның 95 жылдық мерейтойына орай жарық көріп отыр. Жалпы, Рәбиға Сыздықтың қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Алайда автор оның еңбегін, әсіресе тіл білімін өркендетудегі жұмысын бірнеше топқа бөліпті. 

«Ғалым қалам тербеген қазақ тіл білімінің мәселелерін былайша топтастыруға болады: қазақ тілінің грамматикасы; тіл тарихы, оның ішінде:

а) орта түркі жазба мұраларының тілі, ә) қазақ әдеби тілінің тарихы; б) қазақ әдеби тілінің әлеуметтілігі мен кодификациялануы; в) тіл мәдениетінің теориялық ұстанымдары; г) қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының (сөз сазының) мәселелері; д) мәтін лингвистикасы және т.б. Бұл санамаланған мәселелердің бәрі дерлік әдеби және оның тарихымен астасып жатыр». 

Биыл қазақтың тағы бір дарынды перзенті - Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа келді. Осыған орай Алматы Ақшамында «Патриарх күзі» деген тақырыппен мақала жарияланды. О баста орыс тілінде жарық көрген дүниені қазақ тіліне журналист Сәкен Сыбанбай аударыпты.  

«Бір қызығы, Нұрпейісов – аса көп жазған автор емес, әлем әдебиетіне ол екі кітабымен ғана «Қан мен тер» трилогиясымен және «Соңғы парыз» роман-дилогиясымен («Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған») енді, алайда осы кітаптардың өзі, әдебиеттанушылардың пікірінше, баға жетпес құндылық саналады. Бұлардың әлемнің 35 тіліне аударылуы да, миллиондаған данамен таралуы да жәйдан-жәй емес болар. Демек, ол кітаптарда осыдан жарты ғасыр бұрынғы оқырманның жанын тебірентіп қана қоймай, ғаламтордағы виртуалды әлемде өсіп келе жатқан бүгінгі буынды да өмір мәні туралы ойлануға мәжбүр ететін бір маңызды өзек бар болғаны ғой».

Хабар 24 телеарнасы