405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таяу Шығыстағы шиеленістің күрмелуінен мұнай өндіруші елдер ұтады

  • 1729
  • UPD: 11:59, 09.01.2020

Мен президент болып тұрғанда Иран ешқашан ядролық держава бола алмайды. Бұл «Айқында» шыққан жаңалықтың тақырыбы. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ирактағы АҚШ әскери базаларына зымыран соққыларынан кейін жасаған мәлімдемесінде шабуылдың келтірген шығыны аз болды, бірде-бір америкалық қаза болған жоқ және Ирактағы АҚШ-тың базаларында аса қатты қирау болмады деді. Оның айтуынша, ерте ескерту жүйесі өте жақсы жұмыс істеген. Дональд Трамп мәлімдемесі кезінде Иранның ядролық державаға айналуына жол бермейтінін де айтты.

Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстанға әсері: доллар 250 теңге бола ма? Мұны да «Айқыннан» оқыдым. Экономикалық шолушы Денис Кривошеевтің айтуынша біз ұлттық валютаның мүлдем күтпеген жағдайда нығайғанының куәсі болуымыз мүмкін. Таяу Шығыстағы қақтығыс жалғасатын болса, онда түптеп келгенде, бұдан осы мәселеден аулақ тұрған мұнай өндіруші елдер ұтады. Атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Әзербайжан секілді мемлекеттер. Олардың валюталары қосымша қолдауға ие болады, сәйкесінше аталған елдердің аумақтарында доллар тапшылығы біртіндеп жойылады. 

Полторанин шаңғы спортынан ресми түрде шеттетілді. Бұл жаңалық Түркістан газетінде шығыпты. 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин допингке қарсы ережені бұзғаны үшін төрт жылға спорттан шеттілген. Полтораниннен бөлек, эстониялық шаңғышылар Андреас Веэрпалу мен Карел Таммъярв, сондай-ақ көмекші қызметкер эстониялық Мати Алавер де төрт жылға жазаланды. 

Айыппұл өсті, абайла! Жол ережесін бұзушыларға жаза күшейді. Бұл енді Астана ақшамында жарияланған жаңалық. Мемлекет басшысы 30 желтоқсанда бірқатар заңға қол қойғаны белгілі. Енді жаңа жылдан бастап мас күйде көлік жүргізгендерге жаза қатаңдатылды. Бұрын мас күйінде ұсталғандар көлік жүргізу құқығынан екі жылға дейін айырылып, 40 тәулікке дейін қамалатын болса, енді бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан шеттетіледі. Бұдан бөлек, өзге де ережені бұзғандарға айыппұлдардың көлемі өскен. Сонымен қатар жаяу жүргінші жол ережесін бұзса, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтсе, оған 2 АЕК 5302 теңге айыппұл салынады.

Хабар 24 телеарнасы