368,46 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы елорда мерейтойына орай ашылған жаңа нысандарға бағасын берді

  • 617
  • UPD: 09:02, 03.07.2018

Астанада Байқоңыр ғарыш айлағының бір бөлігі пайда болды. Бұл ерекше тарту-таралғы Қызылорда облысының Астананың 20 жылдығына сыйы. Сондай-ақ алып шаһар Алматы 240 орындық балабақша салып беріп, төр қала бүлдіршіндерін шадыман шаттыққа бөледі.

Бұған қоса тарихы кенен, тағылымды мекен Қарағанды өңірі «Ұлытау» аллеясын ашты. Мемлекет басшысы жаңа нысандарды аралап, аймақтардың сый-құрметін жоғары бағалады. Сонымен қатар жаңа ботаникалық саябақты аралап, Шығыс Қазақстан облысының тартуын тамашалады.

«Союз», «Протон», «Зенит». Тұмсығын көкке тіреген бұл зымырандар Сыр елінің бас қаладағы бір белгісі. Қызылорда облысының елорда тойына тартуы ашық аспан астындағы музей. Мұнда нағыз зымыран тасығыштарымен бірге «Боран» орбитааралық кемесінің макеті қойылды. Музей кешенін Елбасы алғашқы болып аралап, елден келген ерекше сыйға разылығын білдірді.

Президент мұражайдан кейін Ұлттық ғарыш орталығында болды. Мемлекет басшысы тәжірибелі өндірісі бар ғарыш техникасының  арнайы конструкторлық бюросымен танысты. Кешен спутниктердің қосалқы бөлшектері мен құрал-жабдықтарын өндіреді. Онда 100 келіге дейінгі бұйымдар мен ғарыштық аппараттарды механикалық сынау зертханасы да бар. Өндіріс орны отандық ғарыш саласын дамудың жаңа сатысына көтеруі тиіс. Ол жыл соңына дейін іске қосылмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өзіміздің Байқоңыр ғарыш орталығы бар. Сондықтан қазір біз ғарышқа жерсерігін дайындайтын мына зауытты менің келісімімен Франциямен бірге жасап жатырмыз. Құдай бұйыртса, жер серіктерін өзіміз жасайтын боламыз. Құдай бұйыртса, Қазақстан жаңа технологиялық деңгейге көтерілейін деп отыр. То есть Казахстан, страна где находится космодром Байконур, мы стремимся стать сами космической страной. Здесь спутники какие нам нужны будем изготовливать сами в будущем пусковая установка будет наша, ракета «Зенит» в 2022 году будет готова. Тогда наши ракеты, наши спутники. Мы можем полностью уже стать в среде космических государств. Это очень важно для техники для технологий для подготовки наших кадров. Істеп жатқан балалардың барлығы шетелде оқып келген. Болашақтың жігіттері. Мына жерден өте үздік ғылымды, технологияны игеріп жатыр.

Ресейлік ғарышкерлер де елімізде бұл саланың дамып келе жатқандығына дән риза. Әсіресе, ғарыш аппаратын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. Көкті бағындырған тұлғалар мұқым қазақ елін алда келе жатқан Астананың мерейтойымен құттықтады.

Олег Артемьев, «Роскосмос» ғарышкері:

- Аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлы, құрметті қазақстандықтар, халықаралық ғарыш станциясы 56-экспедицияның мүшелері сіздерді шын жүректен Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. Астана өркендеп келе жатқан әсем қала. Онда армандар орындалып, еркін идеялар іске асады. Біз елордада ғарыш орталығының негізі қаланып, бұл саланың дамып жатқанына өте қуаныштымыз. 

Сергей Прокопьев, «Роскосмос» ғарышкері:

- Мұндай стратегиялық нысандар Қазақстанның ғарыш саласының қарқынды дамуына үлкен үлес қосады. Әрі осы күндері Астанада халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы да бізді қуантады. Бұл сіздердің елдеріңіздің алған бағыты айқын екендігін көрсетеді. Осы орайда біздің елдеріміз арасындағы достыққа сара жол салып, берік әріптестіктің іргетасын қалаған Қазақстан мен Ресей Президенттерінің еңбегі ерен.

Ал бұл «Алматы балабақшасы», атауы айтып тұрғандай алып шаһар Алматының сыйы. 240 орындық бөбекжайға да Елбасы арнайы барды. Мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндер үшін 12 топ жұмыс істейді. Әрқайсысы Алатау, Апорт, Медеу, Шымбұлақ сынды брендтік атауларды иемденген. Елбасы нысанды аралау барысында ата-аналармен жүздесіп, бүлдіршіндерге батасын берді.

Балабақшаға Алматының кең көшелері, даңғыл жолдары және көрікті орындары бейнеленген өрнекті кілемдер төселді. Мұны жергілікті әкімдік арнайы тапсырыспен дайындаған. Сондай-ақ мұнда бөбектерге арналған ұлттық нақыштағы әрі залалсыз ойыншықтар көп. Балабақшаның бағына Астананың климатына бейімделген алма ағаштары мен шырша егілді.  

Алтынтас Ахметова, қала тұрғыны:

- Алматылықтарға үлкен рахмет айтамын, осындай керемет зәулім балабақша сыйлап отыр. Ішінде бәрі жақсы істелген.

Қарағанды облысы да Астанаға ерекше сый жасады. «Қазақ еліне мың алғыс» атты 14 метрлік монументі бар жаңа «Ұлытау» аллеясын салып берді. Монументте кавказ, корей және еуропалық келбеттегі 3 баланы бауырына басқан қазақ әйелінің мүсіні бейнеленген. Оның символикалық мән-мағынасы мол. Репрессия жылдарында түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқын бейнелейді. Сондай-ақ аллеяға Ұлытаудың ең басты құндылықтары қойылған. Тіпті Алтын шоқы дөңінің басынан табылған Әмір Темірдің жазуы басылған тастың көшірмесіне дейін бар. Теректі Әулие мен Байқоңырдың петроглифтерін де көруге болады. Тастағы жазулар сол кездегі оқиғалардан сыр шертеді. Елбасы аллеяның ашылу рәсімінде қарағандылық түрлі этнос өкілдерімен жүздесті. Олар Мемлекет басшысына алғыстарын айтып, бір тудың астына біріккен қазақ елін мәуелі бәйтерекке теңеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Все, что мы сегодня видим в столице, было достигнуто за эти двадцать лет. Астана строилась и строится всем Казахстаном, иначе невозможно. Поэтому мы отмечаем этот юбилей широко, с участием всех областей. Я хочу, чтобы все, кто живет в нашем государстве, чувствовали себя комфортно, чтобы всем здесь было хорошо. Нам нужно беречь дружбу и взаимное уважение. Я выступаю за то, чтобы все оставались в Казахстане, жили, работали и развивались. Самое главное – нам сохранить добрые отношения.

Елорда күні қарсаңында ашылған жаңа нысандардан кейін Елбасы Ботаникалық бақты аралады. Демалыс орны сол жағалауда орын тепкен. Мұнда Президент «Жасыл ел» еңбек жасағының өкілдерімен кездесіп, бас қаланы абаттандыру ісінің маңыздылығы жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ Ботаникалық бақтағы жылыжайдың жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде жаңа елорда құрылысының негізгі кезеңдерін де атап өтті.

Ботаникалық бақты бұдан әрі де дамыта түсу керек. Ол үшін Президент отандық және халықаралық технологияларды қолдануды ұсынды. Бұған қоса Елбасы бүгін Шығыс Қазақстан облысының тартуы саябақ аумағында салынған алып фонтанды тамашалады. Оның пішіні дөңгеленіп келген. Ішкі диаметрінің өзі 73 метр. Қақ ортасында орналасқан тайқазанның биіктігі 6 жарым метр болса, алып жатқан аумағы 8 метрге жуық. Су осы қазанның ішінен қайнап шығып жатқандай көрініс береді.

Ботаникалық бақта велосипедшілерге және жүгіруге арналған жолдар да бар. Ал абаттандырылған аумақ 613 мың шаршы метрді алып жатыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Осы категория бойынша: « «Ұлытау» аллеясының ашылу рәсімінде түрлі этнос өкілдері Елбасыға алғыс айтты «Global Silk Road» форумы. Екінші күн »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы