368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұрсұлтан Назарбаев Павлодардағы өндіріс орындарын аралады

  • 329
  • UPD: 15:38, 17.07.2018

Президент алюминий өңдейтін GiessenHaus серіктестігінде болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Өндіріс орны былтыр ашылған. Оның жалпы құны шамамен – 5 млрд теңге.

Қазір жобаның бірінші кезеңі іске асты. Биыл 6 айдың ішінде 381 млн теңгенің өнімін шығарды. Жалпы жоба 2 кезеңді қамтиды. Кәсіпорын келер жылы толық қуатына шыққан кезде жылына 36 мың тонна алюминий өндіруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев осы шығарылған алюминийден автокөлік дискілерін жасайтын зауытты да аралап көрді. Бұл өндіріс ошағы былтыр Елбасының қатысуымен өткен дәстүрлі телекөпірде іске қосылды. Бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Онда биыл бірінші жартыжылдықта 50 мың дана көлік дискісі шығарылды. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 13 есеге арта түспек. 

Бұдан бөлек Президент «Қазэнергокабель» мекемесіне де барды. 1993 жылы іргесі қаланған кәсіпорында былтыр 16 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 5 млрд теңгеге жетіп отыр. Өндіріс ошағы өнімдерін Ресей, Израиль, Беларусь елдеріне экспорттайды.

Мемлекет басшысы Павлодар мұнай-xимия зауытына да табан тіреді. Бұл кәсіпорын тайяуда жаңғыртудан өтті. Ол үшін 180 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде қуаттылығы артып, қазір жылына 5 млн тоннадан аса мұнай өңдейтін болды. Күрделі жөндеуден кейін өнімнің сапасы да жақсарды. К4 стандартына сәйкес жанармай мен К5 дизель отынын шығаруды қолға алды. Өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Қытай сынды елдерге де жөнелтіп жатыр. Онда 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің орташа жалақысы – шамамен 300 мың теңге. Бастысы, өндіріс орны еңбек өнімділігін арттыратын заманауи теxнологиямен жабдықталған.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кітапханаға да барды. Онда Мемлекет басшысы білім беру мен денсаулық сақтау саласын цифрландыру шарасы қалай іске асып жатқанымен танысты. Тақырыптық экспозицияларды да аралап көріп, облыстың киелі жерлерінің картасын қарады. Оған облыстағы 41 киелі орын кірген. 

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды Елбасы Павлодар облысындағы ауызсу мәселесін шешуді тапсырды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы