374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 5 кеңес

  • 385
  • UPD: 16:43, 24.09.2018
«7-20-25» бағдарламасы бойынша 5 кеңес arnapress.kz

«Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасына қызығушылық танытып отырған қазақстандықтарға 5 кеңес берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

  1. Тек қана алға жүріңіз

«7-20-25» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдадыңыз ба? Демек, Сіз жарты жолға жеттіңіз. Енді тезірек пәтер тауып, құрылыс компаниясымен келісіп, банк үшін құжаттарды да жедел жинаңыз. Егер жеңіске жету үшін күту қажет болса, күтіңіз. Қазір Сіз үшін ең бастысы, ақырын жүріп, анық басып үйлі болу.

  1. Ипотека ойыншық емес

Ипотека – ол қарыз. Сыйлық емес, көмек емес. Ал қарызды қайтару қажет. Сондықтан келісімшартқа қол қоймай тұрып, жақсылап ойланғаныңыз жөн. Мүмкіндігіңіз жете ме? Егер байқасаңыз, банктер қарыз алушының қаржылық жағдайын жіті тексеруде. Себебі, «7-20-25» бағдарламасы бойынша барлық қаржылық тәуекел мемлекет емес, банктердің мойнында. Егер Сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, «7-20-25» бағдарламасына қатыса аласыз. Алайда, банктер Сіздің жылдық айналымыңызды, нақты жұмыс істегеніңізді мұқият қарайды. Оған дайын болыңыз. Және кей банктер өз несиелік саясатының негізінде жеке кәсіпкерлерге несие бермейтінін де ескеріңіз.

  1. «7-20-25» бойынша барлық ақпаратты тексеріңіз

«7-20-25» бағдарламасының аты дүркіреп тұр. Нарық та оны байқап отыр. Бұл жағдайда «7-20-25»-тің жалына жармасып, өзінің коммерциялық мақсаттарын шешіп алғысы келетін түрлі құрылыс компаниялары, қаржылық ұйымдар, тұрғын үй кооперативтері мен алаяқ жандар да аз емес. Сондықтан кез келген ақпаратқа күмәнмен қараңыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиені тек серіктес банктер береді. Ол бойынша 7% жылдық үстемеден басқа ешқандай артық төлем болмауы тиіс.

  1. Құрылыс компаниясымен саудаласуға еш ұялмаңыз

Кейде құрылыс компанияларының өздері тұрғызған үйді нарықтан қымбатырақ бағалайтыны бар. Сондықтан ол баға тәуелсіз бағалаушының актісі бойынша бекітілген бағамен сәйкес келмей жатады. Бұл жағдайда банктер тәуелсіз бағалаушының актісі бойынша бекітілген бағаға ғана несие береді. Мысалы, құрылыс компаниясы пәтерді 15 миллион теңгеге, ал бағалаушы 12 миллионға бағаласа, банктердің несие сомасы 9,6 млн теңге болмақ. Оған өзіңіздің 2,4 млн теңге алғашқы жарнаңызды қосасыз. Құрылыс компаниясы қойған бағаға 3 млн теңге жетпей тұр. Не істеу керек? Бұл жағдайда құрылыс компаниясымен еш қысылмай саудаласу керек немесе айырмасын өз қалтаңыздан төлеу қажет болады.

  1. 25 жылға байланудың еш қажеті жоқ

«7-20-25» бағдарламасы тек қана 25 жылға несие береді деп ойлайтын азаматтар көп. Бұл қате пікір. 25 жыл – ол шекті мерзім. Сондықтан Сіз несиені өзіңіз қалаған мерзімге, 1 жыл, 5 жыл, 10 жылға да ала аласыз. Мерзімді өзіңіз анықтайсыз. Мерзім неғұрлым аз болса, үстінен қосып төлейтін сома да аз болады.

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту туралы жоспармен танысты Астанада кептеліс мәселесі түбегейлі шешілмек »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы