366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы ДСҰ-ның бас директорымен кездесу өткізді

  • 229
  • UPD: 18:16, 27.09.2018

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведумен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос тарап бүгін әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікір алмасып, 2020 жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының XII Министрлер конференциясына дайындық барысын талқылады. Мемлекет басшысы елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуды және кеңейтуді көздейтін Дүниежүзілік сауда ұйымының басты қағидаттарын Қазақстанның толық қолдайтынын атап өтті. Роберту Азеведу Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық танытқаны, және Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымының алдағы ынтымақтастығына арналған мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сізбен Астанада қайта жүздескеніме қуаныштымын. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болар кезде елімізге үлкен қолдау білдіргеніңізді білеміз. Бүгінде біздің ел ұйымның белсенді мүшесі саналады. 2020 жылы Астанада конференция өткізу жөнінде шешім қабылданды. Біз осы шараны тиісті деңгейде өткізу үшін күш жұмылдырамыз.

Роберту Азеведу, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:

- Біз Қазақстан Президентімен жаһандық экономиканың бүгінгі трендтерін талқыладық. Бұл кездесу өте жемісті өтті. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның көпжақты сауда жүйесін дамытуға қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғысымды айттым. Біз Қазақстанның 2020 жылы Министрлер конференциясын өткізуге келісім бергеніне қуаныштымыз. Бұл тарихи оқиға болмақ. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевпен ДСҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуды әрі қарай жалғастыруға келістік.

Хабар 24 телеарнасы