367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

  • 650
  • UPD: 23:04, 15.10.2018

Бүгін Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрсұлтан Назарбаев аймақта атқарылып жатқан істерді өз көзімен көріп, өңірдің дамуына бағасын берді. Облыста ілкімді істер көп. Биылғы жылдың 8 айының өзінде аймақтың экономикасына 272 млрд теңге инвестиция тартылып, өндірістегі өсім 100 проценттен асқан. Елбасы облыс орталығы Ақтөбедегі бірнеше әлеуметтік нысандарды аралады.

Мемлекет басшысы барған алғашқы нысан – Ақтөбедегі көз аурулары орталығы. Мемлекет пен жеке сектордың серіктестігімен салынған жобаның құны – 3.2 млрд теңге. Нысан осы жылдың басында пайдалануға берілді, осы уақыт аралығында мұндағы дәрігерлер мыңға жуық, нақтыласақ 982 операция өткізді. Президен орталықты аралап, Ақтөбе облысына өз тәжірибелерімен бөлісуге келген шетелдік дәрігерлермен тілдесті.

Ұлт денсаулығы – мемлекеттің негізгі капиталы. Тұрғындардың саулығын сақтауда өңірде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 27 медициналық мекеме салынған. Соның нәтижесі болса керек, қазір өңірде өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты.

Ғалымжан Елеуов, «Дару» оңалту медициналық орталығының директоры:

– Бұрын Ақтөбе, яғни батыс тұрғындары шет елдерге баратын. Ресей, Орынбор, Башқұртстан, Уфа, Мәскеу, ал Қазақстанда Алматыға. Бірақ жолға, басқасына көп қаражат қажет. Сондықтан жергілікті әкімдік пен инвестордың арқасында нысан ашылды. Үлкен кісілер, балалар бәрі ақысыз операция жасата алады.

Елбасы барған келесі нысан – «Аяла» балаларды оңалту орталығы. Бұл жерде ДЦП, аутизм және жүйке жүйесі патологиясына шалдыққан балалар емделеді. Оңалту орталығы толығымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде салынды. Нысан – «Ақтөбе мыс компаниясының» облысқа тартуы. Жобаның жалпы құны – 700 млн теңге. Орталықамерикалық технологиямен жабдықталған. Мұнда балаларды аяққа тұрғызуға робот көмектеседі.

Облыста 3629 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Солардың бірі – Аружан Қалдыбаева. 7 айында жабысқан дерттен әлі күнге айыққан жоқ. Оңалту орталығының қалада ашылуы оның отбасы үшін үлкен қуанышқа айналды. Аружан оңалту орталығындағы емін бастап та кетті.

Меңдіжұбан Қалдыбаева, қала тұрғыны:

– Осы уақытқа дейін бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Қытайға да бардық, Талдықорғанда да, Алматыда емделдік. Қызылордаға жақында барып келдік. Осында өте жақсы. Өз қаламызда мүмкіншілік ашылып жатыр.

«Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын».

Елбасының бұл тапсырмасын ақтөбеліктер асыра орындап жатыр. Аймақта бұқаралық спортпен шұғылданатындардың саны 31 процентке жетті. Биыл облыста 28 спорт нысанын салу және жөндеу жоспарланған. Соның бірін бүгін Елбасы өзі ашты. Мұз айдыны – мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі шеңберінде салынды. Инвесторлар – словакиялық кәсіпкерлер.

Жалпы Ақтөбе облысында Мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі серпінді. Өңірді дамыту үшін биыл бюджеттен тыс 32 млрд теңге қаражат тартылмақ. Кешенге 2500 көреремен сияды. Жаңа мұз айдыны ақтөбеліктерді қуантып та үлгерді.

Биыл ақтөбелік спорт сүйер қауым үшін маңызды оқиға болды. Облыста соңғы 28 жылда  алғаш рет мамандандырылған хоккей командасы құрылды. Жастар хоккей лигасының алғашқы ойынын «Ақтөбе» командасы жеңіспен бастады. Тура бір апта бұрын жаңа мұз айдынында ақтөбелік жастар хоккей командасы қарсыласын 7:1 есебімен ұтты.

Игорь Рубцов, «Ақтөбе» ХК жаттықтырушысы:

– Ақтөбе облысында бұл спорт түрі кенже қалып қойған еді. Енді мүмкіндік туып тұр. Ол үшін мемлекет пен облыс басшысына алғысымды айтамын. Секция тегін. Яғни халықтың қандай тобы болмасын қолжетімді, тек балада ынта болса болды.

Мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі арқасында тұрғызылған тағы бір нысан – теннис орталығы. Бұл кешен де бүгін Елбасыға таныстырылды.

Аумағы ат шаптырым орталыққа инвесторлар 1.5 млрд теңге құйған. «Бұл нысан аймақ үшін аса қажет еді», – дейді мамандар. Себебі мұнда спорттың бұл түрімен шұғылданатындардың саны соңғы төрт жылда 150-ден 700-ге дейін көбейген. Бұл – аймақта бұқаралық спорт дамып жатқанының тағы бір дәлелі. 

Аркадий Ни, Қазақстан теннис федерациясының Ақтөбедегі филиалының директоры:

– Президент өзінің осы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту жайында айтты. Біздің соған қосқан шағын үлесіміз осы. Әкімдік қаланың жаңа ауданынан жер берді. Бұл ауданда болашақта 300 мың адам тұрады деп болжанып отыр. Бұл жерде бір емес бірнеше спорт нысандары орналасқан. Сондықтан әр бала өзіне керегін таңдап алып, спортпен шұғылдана алады. Біз мына орталықта 500 баланы жаттықтырамыз.

Қазақстанның бірінші ракеткасы. 10 жасқа дейінгі балалар арасында бұл атақты сегіз жасар Мансұр Құсайынов соңғы екі жылда ешкімге берер емес. Жаңа теннис орталығының ашылуы оны қатты қуантты.

Мансұр Құсайынов, жаттығушы:

– Бірінші өз әкемнің қарауында болдым, сосын ол жұмысқа шыққасын, Нина Афанасьевнаға бардым. Аптасына бес рет айналысамын, тегін. Мен болашақта Роджер Федерер секілді болғым келеді.

Мансұрдың бұл арманын орындауға мүмкіндік туды. Нысанда 8 теннис корты, 66 орындық қонақүй, 40 адамға арналған асхана бар. Жергілікті жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыру үшін болашақта шеттен мамандар тарту болжанып отыр. Сондай-ақ Елбасы бүгін «Ақтөбе» индустриялық аймағына барды. Өңірдің дамуы үшін өте маңызды бұл нысан осыдан үш жыл бұрын іске қосылған болатын. Бұл жерде инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Нысан – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының бойында тұр. Бұл өте ыңғайлы.

Бүгінде индустриялық аймақта төрт жоба жүзеге асты. Тағы бес жобаның құрылысы биыл аяқталмақ. Осы жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына Ақтөбе облысының өткен тоғыз айдағы даму қорытындысын таныстырды.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Бүгінде Ақтөбе – батыстағы бақуатты облыстардың бірі. Мұндағы оң өзгерістердің нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасы жоғары. Ал бұл – Президенттің өзі үнемі айтатын межелі міндет, осы жолғы Жолдаудың арқауы. Экономикасы қуатты. Биыл облыста 63 млрд теңгенің 15 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. Аймақтың болашағына Мемлекет басшысы сеніммен қарайды, үнемі үлгі етеді, қолайды. Президенттің бұл жолғы сапары да аймақтың даму қарқынына қарқын қосары хақ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Айдос Серікболұлы.

Осы категория бойынша: « Елбасы «ACE Tennis Center» теннис орталығының жұмысымен танысты Елбасының Ақтөбе облысына сапары жалғасып жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы