371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы судьяларға артылатын жүктемені азайтуды тапсырды

  • 230
  • UPD: 22:46, 19.11.2018

Халықтың сотқа деген сенімін күшейту керек. Елбасы Ақордада сот жүйесін жаңғырту бойынша кеңес өткізіп, осындай міндет жүктеді. Президент судьяға артылатын жүктемені азайтып, сапаға мән беруді де тапсырды. Себебі олар қарайтын істердің саны соңғы 3 жылда 2 есеге артқан. Ал көздеген меженің орындалуын Президент әкімшілігі қадағалайды.

Бұқараның сотқа деген сенімін арттырып, заң үстемдігін қамтамасыз ету. Елбасы жуырда жариялаған халыққа жолдауында осы мәселеге ерекше мән берген болатын. Президенттің бұл саланы ерекше бақылауында ұстауының себебі түсінікті. Адамдар сотқа қиын жағдайға тап болғанда ең соңғы мүмкіндігім деп жүгінеді. Сондықтан халықтың сенімінен шығып, әділ шешім шығару судьяларға жүктеліп отырған негізгі міндет. Көздеген межеге жету үшін Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сотқа Үкіметпен бірлесіп, жыл соңына дейін тиісті шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Міне арада 1 ай өтті. Президент берілген тапсырманың орындалу барысын Ақордада арнайы кеңес өткізіп, сонда пысықтады.

Елбасы сот жүйесін жаңғыртуды осыдан 3 жыл бұрын тапсырған болатын. 5 институционалдық реформаны жариялап, онда да бұл салаға айрықша назар аударды. Айтып ғана қоймай, атқару керек міндеттерді жіпке тізіп, 100 нақты қадам аясында ашып көрсетті. Президенттің тапсырмасына сай бүгінде елімізде сот жүйесі түбегейлі реформалаудан өтті. Нәтижесінде қазір сот отырыстары бейнеге түсіріліп, таспаға жазылады. Бастысы, тараптар жазбаны кез келген уақытта қарап, көкейінде күмән болса сейілтеді. Бұл шара барынша ашықтықты қамтамасыз етеді. Атқарылған іс мұнымен бітпейді. Бес сатылы сот жүйесі қазір 3 сатыдан тұрады. Бірақ судьяларға артылған жүктеме азайған жоқ. Керісінше соңғы 3 жылда 2 есе арта түсті.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот Төрағасы:

- Соңғы 2 жылда қаралатын істердің саны күрт өсті. 2016 жылы 1,7 млн іс қаралса, биыл 4 млн жетті. Яғни 2 есеге артып отыр. Бұл дегенімз мыңдаған  коммуналдық іс пен сот орындаушылардан келіп түскен миллиондаған санкциялар. Біз соттарды осындай функциялардан шектеуді қалаймыз. Бұдан адамдар мен бизнес жапа шекпейді.

Бұл ретте Елбасы судьяларға артылатын жүктемені азайтуды тапсырды. Азаматтық істерді қарауды оңтайландырып, істердің ашық әрі жедел түрде қаралуын қаматамасыз ету керек.

Тура биде туған жоқ. Қара қылды қақ жарған бұрынғының билері секілді шындықты ту ететін білікті азаматтар ғана елімізде судья болуға лайық. Ол үшін талап күшейтілді. Судьялар қатаң іріктелді. 100 үміткердің бесеуі ғана сынақтан сүрінбей өтті. Енді Елбасы үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек деп отыр. Бұрын кадрлық мәселермен Жоғарғы сот айналсса,  енді оған Жоғарғы сот кеңесі жауапты. Қызметкерлердің мансапта өсуі олардың біліктілігіне байланысты.

Келер жылы 470 судья кәсіби бағалаудан өтеді. Бұл ретте Президент Жоғарғы сот пен Жоғары сот кеңесіне әділдікті қамтамасыз етуді тапсырды. Ал, іріктеуден өткен судьяларға қажетті материалдық жағдай жасалады. Бұл шара бармақ басты көз қысты әрекеттерді алдын-алуға ықпал етпек. Сәйкесінше оларға артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр.

Нұрсұлтан Назарбаев сот өндірісінде замануи электрондық жүйелерді дамытуды да тапсырды. Сондай-ақ азаматтармен байланыс жасайтын кеңселер ашу жүктелді.

Бүгінде сот жүйесінде атқарылған шаруа аз емес. Бірақ жеткен жетістікке тоқмейілсімей, әрі қарай да саланы одан сайын жетілдіру міндеті күтіп тұр. Бұл жаңашылдықтар қарапайым халықтың яғни сіз бен біздің құқығымызды теңдей қорғау керек. Жұртшылықтың сотқа деген сенімін күшейтіп, қоғамда тек әділеттік орнауы тиіс. Елбасы жүктеп отырған міндет осы.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы

Осы категория бойынша: « Н.Назарбаевтың төрағалығымен сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінен кеңес өтті Елбасы: Құқық қорғау органдарының қазіргі жағдайы азаматтардың көңілінен шықпайды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы