378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Назарбаев: Ел экономикасының өсімі 4 пайыздан асты

  • 767
  • UPD: 17:44, 30.01.2019

Былтыр экономиканың өсімі 4 пайыздан асты.

Бұл жалпы дүниежүзілік орташа өнімнен жоғары. Бұл туралы Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынды ашқан Елбасы өткен жылы министрлер кабинетінің атқарған жұмысының нәтижесін тыңдап, елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына назар аударды. Елбасы өткен жылда ел экономикасының барлық саласында қарқын байқалатынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Инфляцияның жылдық көрсеткіші – 5,3 пайыз. Солай деп жоспарланған едік. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 пайыздан жоғары. Бұл да жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Аталған экономикикалық көрсеткіштердің барлығы халық тұрмысын жақсарып, нақты табысының артуына өзінің себебін тигізеді.

Сондай-ақ өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артқаны байқалады. Бұл ретте Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру ісі сеп болып отыр. Жиында Премьер-министрдің орынбасары есеп берді. Ерболат Досаевтың мәліметінше, жыл басында Ұлттық қордың активтері 61,6 миллиард долларды құрады. Ал жұмыссыздың деңгейі 4,9 пайызға жетті.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың 7 қыры» бағдарламалық мақалаларыңызда айтылған міндеттер әлеуметтік жаңғыру үдерістеріне маңызды идеологиялық қолдау көрсетіп отыр. Жаңа тәсілдерді іске асыру жөніндегі индикатор, мақсаттар және міндеттер қалыптастырылды. Осыны есепке ала отырып, 2018 жылы желтоқсанда 2019 жылға арналған бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.

Хабар 24 телеарнасы