389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы спорт жүйріктерін қабылдады

  • 1931
  • UPD: 20:24, 15.02.2019

Мемлекет басшысы халықаралық спорт сайыстарында бәйгенің басын бермей жүрген бір топ спортшыны қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

WBC тұжырымдамасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедов, фристайл-могулдан әлем чемпионы Юлия Галышева бастаған дарынды жастар. Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді жеткен жетістіктерімен жеке құттықтап, алдағы жоспарларын тыңдады.

Әлемдік аренада атой салып, қазақ атын төрткүл дүниеге танытып жүрген спортшылар қандай мадаққа болсын лайық. Мемлекет басшысы атлеттермен кездесуінде осылай деді. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің спорт саласын дамытуға және Қазақстанның иммиджін қалыптастыруға атсалысып жүрген жас шеберлердің ересен еңбегін ерекше бағалайтынын айтты.

Қазіргі қазақ боксындағы ең жас есімдердің бірі – Садриддин Ахмедов. Таяуда ол WBC тұжырымдамасы бойынша жастар арасындағы чемпион атанды. Былғары қолғап шебері бұл жеңісін қалың елі қазағына арнайтынын айтты.

Шарболаттай шыңдалған Садриддин шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей жүр. Кәсіби боксшы мұқым жұртын әлі де жарқын жеңістерімен қуантатынын айтады. 

Қазақстандық атлеттер қысты спорт түрлерінен де біраз жетістікке жетіп жүр. Солардың бірі – Юлия Галышева. Қаршыдай қыз Америкада өткен әлем біріншілігінде фристайл-могулдан чемпион атанды.

Парк-сити қаласында өткен жаһандық жарыс тартысқа толы болды. Бірақ қазақстандық спортшы ешкімге дес бермеді. Бұл – Юлия Галышеваның әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі.

Америкада қазақ туын желбіреткен тек Галышева ғана емес. Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева да күміс алқа алған еді сол жарыста. Талантты спортшы «Төрт құрлық чемпионатында» тұғырдан көрінді.

Сергей Ткаченконың да бәсі басым қазір. Шаңғымен трамплиннен секіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Финляндияның Лахти қаласында өткен тартысты додада тарихи жеңіске қол жеткізді. Кіл мықты өнер көрсеткен сайыста отандасымыз қола жүлдені еншіледі.

Ақордада өткен кездесуде жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнері, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтып берді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа табыстарға жете беруге шақырды.

Жиын соңында жас спортшыларға Қазақстан Президентінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы