379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Дүниежүзілік Арнайы олимпиада ойындарына қатысатын қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі

  • 557
  • UPD: 22:30, 14.03.2019

Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Дүниежүзілік Арнайы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Құрметті қонақ ретінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

Арнайы олимпиада ойындары әдеттегі спорттық сайыс емес, бұл шараның астарында үлкен гуманитарлық мән бар. Ол – интеллектуалдық дамуында тежелісі бар адамдарға теңдей қоғам құру. Шараға қазақстандық спортшылар да қатысып жатыр.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

– Бүгін Абу-Дабидегі шейх Заид стадионында Дүниежүзілік Арнайы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Бұл жарыс та төрт жылда бір рет өтеді. Бірінің бабы, енді бірінің бағы оза шабады. Дегенмен Арнайы олимпиаданың астарында күллі адамзатқа айтар үлкен ой жатыр. Ол – күллі жаһан жұрты жиылып, мүмкіндігі шектеусіз шексіздік құру.

Арнайы олимпиада ойындары – бұл әлемдегі ой-өрісі тежелген, бірақ спортқа деген сүйіспеншілігі жоғары азаматтарға арналған ойындар. 1968 жылы шағын қозғалыс түрінде басталған шараның, бара-бара ауқымы да, маңызы да артты. Бүгінде беделді саясаткерлер, спорт және эстрада жұлдыздары осы қозғалысты қолдайды. Айта өту керек, 50 жылдық тарихында бұл ойындар тұңғыш рет Таяу Шығыс елінде өтіп жатыр. Бұл шараға әлемнің 190 елінен 7,5 мың ой-спортшы келді. Олардың арасында қазақстандық құрама да бар.

Мақсат Әбуов, Қазақстан құрамасының өкілі:

– Біздің Қазақстан құрамасы спорттың 15 түрінен келді. Павлодар облысынан баскетбол командасын алып келдік.

Осыдан тура он күн бұрын Алматыдағы Балуан шолақ сарайында қазақстандық құраманы Абу-Дабиге шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстанның 8 аймағынан келген олар үстел теннисі, дзюдо, жүзу, гимнастика секілді спорттың 15 түрінен бақ сынайтын болады. Барлығы 98 адамнан тұратын Қазақстан құрама командасы бұл сайыстан қанжығасын майлап қайтудан үмітті.

Қазақстан – мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін әркез ескеріп отыратын мемлекет. Елбасы осыған дейін «Спешиал Олимпикс Қазақстанды» ұйымдастырушылар мен спортшыларға сәттілік тілеп, мейірімділік пен қайырымдылықты сақтап қалу ұмтылысына бүкілхалықтық қолдауды жеткізген болатын.

«Біздің елімізде мықты және дені сау азаматтар тағдыр талқысына түскен жандарға әрқашан мейірімділік пен қайырымдылық танытып, қол ұшын беріп келеді. Шынайы гуманизмге толы ізгі қоғамда осы жақсы дәстүрді сақтап қалуға деген ұмтылысқа халық қолдауын көрсетуге дайын. Қымбатты достар, сіздерге осы игі салада табыстар тілеймін!»

Бұған дейін Мемлекет басшысы Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен жеке кездесті.

Тараптар қос ел арасындағы экономикалық байланыстарды бекемдей түсетін тұстарды талқылады. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемалар, туризм, цифрландыру, ғарыш, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастық сөз болды. Тараптар өзара экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, инвестиция тарту және Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару мәселесін ширатуға келісті. Сонндай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидегі шейх Заид мешітіне барып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Елдер арасындағы мәдени-гумнаитарлық байланыс та берік. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев бір жағынан осындай ауқымды гуманитарлық шара өткізіп жатқан дипломатиядағы досы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды, екінші жағынан қазақстандық құраманы қолдау үшін арнайы олимпиаданың ашылу салтанатына қатысады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Руслан Жакеев

Хабар 24 телеарнасы