377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Ресейдің байланыстары жүйелі түрде жалғаса береді

  • 274
  • UPD: 10:34, 04.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде алғашқы ресми сапармен Ресейге барды.

Мәскеуде Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Владимир Путинмен екі жақты кездесу өткізіп, екі ел ынтымақтастығын тереңдету жайын талқылады.

Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы бұған дейін негізі қаланып, қалыптасқан байланыстардың жүйелі жалғасатынын мәлімдеді.

Бұл сапар Тұңғыш Президент – Елбасы салып кеткен сара жолдың жалғасы іспеттес. Тәуелсіздік таңы атқан кезеңнен бері Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған сырт елдермен саясаттың тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаев алды. Сөйтіп, алғашқы сапарын Ресейден бастады. Мемлекет басшысына мұнда жоғары мәртебелі мейманға сай сый-құрмет көрсетті. Көк туымыз көтеріліп, әнұранымыз да әуеледі.

Президент кортежі Мәскеу әуежайынан Қызыл алаңға беттеді. Ресми сапардың мақсаты – екі жақты қарым-қатынасты нығайту. Қазақстан-Ресей арасында достық сипатта өрбіп келе жатқан экономикалық әріптестікке жаңа серпін беру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас елдің сенімін арқалағанына 2 апта уақыт өтсе де көптеген мемлекет басшыларымен телефон арқылы сөйлесіп үлгірді. Соның ішінде Ресей Президенті Владимир Путин де бар. Сақа саясаткер сол жолы-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге ресми сапармен келуді ұсынып, өзара-қарым-қатынасты қалыптастыруға ниет білдірген болатын. Көп ұзамай, президент те әріптесінің шақыруын қабыл алып, үлкен Кремль сарайына табан тіреді.

Үлкен Кремль сарайы – Ресей Президентінің басты резиденциясы. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің алғашқы келіссөзі осында өрбіді. Сарайдың мәртебелі меймандарды күтуге арналған залында мемлекет басшылары әдеттегідей қол алысып, тарихи кездесудің мән-маңызына тоқталды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы сізді Ресейде қарсы алғаныма қуаныштымын. Біз бұрыннан жақсы таныспыз. Дегенмен, мемлекет басшысы ретінде алғаш рет келіп отырсыз. Сізді жоғары лауазымыды қызметке кірісуіңізбен құттықтаймын. Арадағы байланыстың қай деңгейде екенін жақсы білесіз. Әрине оның бәрі Тұңғыш Президенттеріңіздің арқасы. Екіжақты қарым-қатынас және халықаралық ұйымдар аясында зор жетістіктерге жетіп келеміз. Бұл кездесу осы бағытта өз септігін тигізуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сыртқы сапары алпауыт Ресейден басталуына тағы бір себеп  арадағы сауда айналымы. Алыс-беріс көлемі жыл сайын артып келеді. Былтырғы көрсеткіш 17 миллиард доллардан асқан. Қазақстанда 9 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары стратегиялық мақсаттарды көздейтін 200-дей құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сізге бұл сапардың жедел ұйымдастырылуына атсалысқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сізге алдымен Елбасының сәлемін жеткізгім келеді. Дұрыс атап өттіңіз, Тұңғыш Президент Қазақстан-Ресей байланысын дамытуға қосқан үлесі зор. Біз қазір одақтастық ұғымын жақсы білеміз. Екі ел арасындағы әріптестік жөніндегі құжат осы бағытта өз септігін тигізіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, байланысымыз озық үлгіде. Менің міндетім сол істі жалғастыру. Бұл жолда қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Дәл осындай қарым-қатынас ұлттық мүдделерімізге де сай келеді. Алдағы уақытта қолға алынуы тиіс шаруалар көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен жан-жақты саясатты ұстанады. Оның одан әрі тереңдей түсуі үшін алғашқы қадам жасалды. Ресей Президенті де Қасым-Жомарт Тоқаевпен екі жақты байланысты дамытуға ниеттестігін білдірді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Әлібек Әлиев

Хабар 24 телеарнасы