389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел Үкіметі инвестициялық тартымдылықты арттыру шараларын қарастырды

  • 715
  • UPD: 21:50, 22.04.2019

Былтыр ел экономикасына тартылған инвестиция екі есе азайған. Теріс динамика тек біздің елде емес, мұқым әлемде байқалады. Қаржылық қиындықтар қыспаққа алғанда жаһанда шетелдік капитал үшін талас күшейген.

Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе қаралды. Министрлер кабинетінің ендігі қадамы қандай болмақ? Жоспарлары қандай?

Инвестициялық тартымдылық нарығында бәсекелестік күшейді. Осыған орай Қазақстанның да көрсеткіштері өткен жылдарға қарағанда кеми түскен. Мәселен, 2016 жылы елдегі инвестициялар көлемі 8,5 млрд АҚШ долларына тең болса, былтыр екі есеге төмендепті. Мәселенің мән-жайы бүгін Үкімет отырысында көтерілді.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

- Елбасының экономиканы тұрақты дамытуды қамтамасыз ету бойынша міндет қойды. Осы міндетті іске асыру үшін орта мерзім кезеңде негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін, Жалпы Ішкі Өнімнің 30 процентіне дейін арттыру керек. Осы ретте шетелдік инвестициялар еліміздің дамуының негізгі драйвері болып табылады. Шетелдік инвестицияларды тарту экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негіз жасайды. Міндет пен тапсырмалар айқындалды, енді осы бағытта қарқынды түрде жұмыс ұйымдастыру керек.

Бұл ретте, Премьер-министрдің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов көрші елдерде қабылданған инвестициялық бағдарламаларды мысалға келтірді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі:

- Мәселен, 2019 жылы наурызда Қытай шетелдік инвестициялар туралы жаңа заң қабылдады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл 10 жылдың ішінде олардың экономикасына 1,5 трлн АҚШ долларын тартуға мүмкіндік береді. Ал Ресейде тікелей инвестициялық қоры құрылған 50-ден астам жобаға 1,5 трлн рубльден астам сомаға инвестициялар жүзеге асырылды. Ресейде негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі ЖІӨ 21 процентін құрайды.

Қазақстандағы көрсеткіш небәрі 19 процент. Елдегі инвестициялық жағдайды жақсарту үшін, енді Үйлестіру кеңесі құрылып отыр. Ал инвестициялар жөніндегі омбудсмен болып, Үкімет басшысы Асқар Мамин тағайындалды. Кеңес құрамына сондай-ақ премьер-министрдің орынбасарлары, негізгі министрліктердің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Ұлттық басқарушы холдингтердің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстандық инвесторлар кеңесі қауымдастығының басшылары, сондай-ақ Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары кірді.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР сыртқы істер министрі:

- Инвестицияларды тарту бойынша кешенді 3 деңгейлі экожүйе жасалуда. Шет елдердегі мекемелеріміз 650 жаңа компаниямен кездесулер өткізді. Әлеуеті жоғары 78 жоба қарастырылды. 12 инвестициялық іс-шара өткіздік. Қазақстан Республикасы Президенті қазір жұмыс істеп жүрген инвесторларды жоғалтпау, олардың көңіл-күйін үнемі мониторлау және жаңа инвесторларды тарту туралы тапсырма бергенін атап өткім келеді.

40-қа жуық елден тікелей инвестициялар тарту көзделіп отыр. Олардың қатарында АҚШ, Германия және Жапония елдеріне басымдық беріледі. Бүгінде министрлік жалпы құны 40 млрд доллар болатын 170-тен астам жобаны қарап жатыр. Бұл 41 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, мұнай-химия, энергетика және машина құрастыру салалары қамтылған. Ал инвестициялық даулар бұрынғысынша Астана халықаралық қаржы орталығында ағылшын құқығы негізінде шешіледі.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Біз осылайша барлық институттардың жұмысын оңтайландырып, керісінше бюджет шығындарын үнемдеуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ Үкімет арнайы жол картасын қабылдайтын болады. Онын аясында, заң актілеріне түзету енгізу, халықаралық орталықтармен байланыса отырып инфрақұрылым, қаржы, салық жүйесін оңтайландыру мәселесі қарастырылады. Себебі бізде инвесторларға арналған жеңілдіктер өте көп. Іскер азаматтарға сол шараларды барынша түсінікті етеміз. Бастысы, даму институттары бірлесе жұмыс істейді.

Жаһандық тікелей инвестициялар көлемі 2017 жылы 23 процентке, ал 2018 жылы 19 процентке немесе 1,2 трлн АҚШ долларына дейін төмендеген. Инвестициялар тартудағы бәсекелестік, әсіресе, дамушы елдер арасында байқалады. Мәселен, Өзбекстанда биылғы жылдың қаңтарында 1 млрд доллар капиталмен тікелей инвестициялар қоры құрылған.

Айта кетейік, Қазақстанға инвестиция тарту жөніндегі Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы мамыр айында өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы