389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев: Халық пен президент бір болса ғана табысқа жетеміз

  • 701
  • UPD: 13:57, 21.06.2019

«Ішкі қарама-қайшылыққа тап болған елдер көштің соңында қалып қояды».

Бүгін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық конференцияда осылай деді. Жиынға Елбасымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, Тұңғыш Президент осыдан тура 30 жыл бұрын 22 маусымда Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланып, елді тұрақты түрде басқарған болатын. Содан бері Елбасы бастап, халық қоштап жеткен жетістіктер ұшан-теңіз. Тұңғыш Президент еліміз тәуелсіздік алған сәтте қабылдаған алғашқы шешім Семей ядролық полигонын жабу болғанын айрықша атап өтті. Одан кейін Арал теңізін қалпына келтіру, жас ұрпаққа сапалы білім беру және шекараны шегендеу сынды жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық ұйымдар құрылып, көрші мемлекеттермен экономикалық байланыс бекіді. «Дегенмен алдағы уақытта осы жетістіктерді жалғау білу – келешек ұрпаққа жүктелген маңызды міндет», – деді Елбасы.

Жиынға шетелдік мемлекет қайраткерлері де қатысты. Олар Елбасы билікте болған 30 жылда жеткен жетістіктерді саралап, сол тәжірибені қолдану ниетін білдірді. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды ортақ Отанымызды одан әрі гүлдендіруге шақырды. Бұл жолда Елбасы айқындаған саясат жалғасып, артылған сенімге адал болу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

– Бұл жай ғана дата емес, Қазақстанның даму жолын анықтаған кезең болды. Қазіргі заман дамуының қарқыны мүлде өзгеше. Бәсекеге толы заманда өмір сүріп келеміз. Бәрімізге Елбасының айқындап берген адал болу, ел игілігіне еңбек етуді басты мақсат деп түсіну қажет. Маңызды жиында Елбасының жылдар бойы қызмет еткен үзеңгілес достары отыр. Елбасы жолы – ел дамуының жылнамасы. ТМД шеңберінде Қазақстан ең жоғары әлеуметтік-саяси көрсеткіштер бойынша алға шықты. Тарихты тұңғыш рет шекараны біржола бекіттік. Тәуелсіздікті жаңа алған мемлекеттің алдында сын-қатер көп болды. Экономиканың тұралауы, халықтың әл-ауқатының төмендеуі, саяси дағдарыс алғашқы сынақ еді.

Хабар 24 телеарнасы