384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы жарылыс үшін кінәлілер қатаң жазаланады – Қ.Тоқаев

  • 410
  • UPD: 17:01, 25.06.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласындағы эвакуациялық пунктке барды.

Мемлекет басшысы төтенше жағдай болған аймақтан көшірілген тұрғындарды орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.  Президент қауіпсіз жерлерге көшірілген Арыс қаласының тұрғындарын ыстық тамақпен, медициналық жәрдеммен қамтамасыз етіп, басқа да барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен олардың дүние-мүліктерінің сақталуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігіне әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы тәртіппен жұмысты жалғастырыңыздар. Үкіметке қалаға және оның тұрғындарына көмектесу туралы тапсырма берілді. Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екіншісі, көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды. Арысқа бүкіл Қазақстан көмектеседі. Мен халықпен жұмыс істеп жатқан қаланың жұртшылығына, ардагерлерге ризашылығымды білдіремін. Жарылыстың себептерін анықтау қажет. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу-тексеру басталды. Егер кінәлілер болса, олар заңмен қатаң жазаланады. Алдағы уақытта Арыс жарылғыш құрылғылардың барлығынан тазартылуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын да аралап, жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын көрді. Өрт пен оқдәрінің жарылыс болған жерлерді қалпына келтіру жөнінде тапсырмалар берді. Президентке эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы облыстық клиникалық ауруханаға да барды. Онда жарылыстан зардап шеккендердің хал-ахуалын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай аумағында медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Әрі зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік білдірді.

Хабар 24 телеарнасы