386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын халықпен бірге бақылауды ұсынды

  • 192
  • UPD: 23:52, 20.08.2019

Елімізде азық-түлік бағасы қымбаттап барады. Ұлттық экономика министрінің ақпаратына сай әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі жыл басынан бері 9%-ке көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөредегі құбылған бағаны одан әрі шарықтатпай ұстап тұрудың амалы бар ма? Биліктің әрекеті қандай?

Биыл пияз 79%-ке, сәбіз 59%-ке, күріш 54%-ке, картоп 33%-ке қымбаттаған. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Бірақ шарықтаған баға халықтың қалтасын жұқартатыны онсыз да белгілі. Ендігі мәселе, өндірушіден тұтынушыға жеткенше тауар неге сонша қымбаттайды ? Үкімет бағаны қалайша бірқалыпты ұстап тұрмақ.

Бағаны тұрақты ұстау үшін өткен аптада ішкі сауда жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, азық-түлікке қосылатын сауда үстемелерінің көлемі шектеліп, отандық тауар өндірушілердің жұмысына қолайлы жағдай жасалды.

Руслан Даленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Біріншіден, ішкі сауда ережесіне өзгерістер күшіне енді. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-тен аспайтын сауда үстемелерін енгізуді көздейді. Сондай-ақ отандық азық түлік тауарларына кемінде 30% сату кеңістігін беру керек. Екіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді. Әкімдіктер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар сауда желілеріне азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұрғаны үшін айналым қаражатын ұсына алады.

Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бағаны халықпен бірге бақылауды ұсынды. Ведомство басшысы күнделікті қолданыстағы тауар бағасын суретке түсіріп, Статистика комитетінің сайтына жіберуге үндеді. Бағаның құбылуымен министр осылайша күреспек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Бүгінгі күнде Статистика комитеті апта сайынғы негізде әр сейсенбі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды жинақтау жүргізеді. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жарияланады. Деректер жинау 2011 жылдан бастап қол тәртібінде жүргізіледі. Бұл ретте дамыған елдерде бағаны мониторингілеуге халық тартылды. Яғни, кез келген азамат тауар бағасын суретке түсіріп және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар статистикасы жинақталатын мамандырылған сайтқа жібере алады.

Бағаның қолжетімділігімен қатар өнімнің сапалы болуы да маңызды. Осы ретте еліміздің әр өңірінде көтерме-тарату орталықтарын ашу қолға алынған. Қазір олар Жамбыл, Павлодар облыстары, БҚО, ШҚО салынып жатыр. Маңғыстау облысында көтерме-тарату орталығының құрылысы келер жылға жоспарланған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы