389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев ЕЭО жұмысындағы олқылықтарды шешу жолдарын ұсынды

  • 201
  • UPD: 20:52, 02.10.2019

Еуразиялық экономикалық одақ жұмысында біраз олқылық бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияда өткен Еуразиялық экономикалық кеңесте солардың біразына тоқталды. Атап қана қоймады, шешу жолдарын ұсынды.

Сауда соғысы өршіген қазіргі кезде толайым табысқа кенелу әсте қиын. Алыптар айқасы әлемдік экономиканы шатқаяқтатып тастады. Осы тірес тоқтамаса, жыл соңына дейін әлемдік экономика 1 трлн долларға дейін қаржы жоғалтуы мүмкін. Біріккен ұлттар ұйымы осылай дабыл қақты.

Соның салқыны Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де тиіп отыр. Алғашқы жарты жылдықтың өзінде одақтағы алыс-беріс көлемі 28 млрд долларға азайып кеткен.      

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен алыс-берісі 6,3 процентке азайды. Бұған әкімшілік кедергілердің түрткі болғаны түсінікті. Біздің елдеріміз ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыра беруі керек.

Ортақ нарықтағы кедергілерді жою үшін «Бір құжат – бір талап» жүйесі енгізілген еді. Яғни өз өнімін одақ елдеріне экспорттайтын кәсіпкер тауардың жарамдылығы жөнінде арнайы сертификат алады. Сол құжатпен одаққа мүше мемлекеттерге тауарын тасымалдай береді. Көлденең көк аттылардан құтылудың жолы осы болатын. Бірақ іс жүзінде соның іске аспай жатқаны қынжылтады.   

Евгений Больгерт, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

– Тауардың жарамдылығы жөніндегі сертификат одаққа мүше мемлекеттерге еш кедергісіз өнім тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірақ ресейлік тарап Қазақстан берген сертификатты жоққа шығарып, біздің кәсіпкерлердің өнімін өздерінің нарықтарына өткізбей қойған. Бұл бірлі-жарым жағдай емес. Опық жеп отырған кәсіпкерлер көп.

Отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін одақ елдеріне осылай өткізе алмай жатқанда, өзге елдің пысықайлары Қазақстанға контрафактілік тауарларды тықпыштап жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті жыл басынан бері 227 дерек тіркелгенін айтады. Заңсыз өнімдер Ресей мен Қырғыз елінен жеткізіліпті. Олар 2 мың 300 тоннадан асатын өнімді біздің шекарадан алып өтпек болған. Мемлекетке келтірілген шығын 500 млн теңгеге жуық.  

Әділет Арашапов, ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы:

– Бүгінгі күнде олар бойынша мемлекеттік ауданаралық әкімшілік сотқа құжаттар дайындалуда. Бір тасымалдаушы бойынша Шымкент қаласы әкімшілік сотына құжаттары табысталып, шешім шығарылды. Қазақстан аумағынан шығарылып тасталды, жүргізушіге айыппұл салынды.

Ортақ нарықта осындай былықты болдырмау үшін Еуразиялық экономикалық комиссия құрылып еді. Бірақ солардан да қазір қайран болмай тұр. Арменияда өткен Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия мүшелері тексерісті күшейту керек деді. Кәсіпкерлердің шағымына немқұрайлы қарамауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Комиссия ұлттық заңнамаларға мониторинг тетіктерін күшейте алады және солай істеуге тиіс деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі қолданыстағы құқықтарды түсіндіру мен ақпараттандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу қажет.

Кедендегі кедергілерді кеміту үшін электрондық жүйені пайдалану керек. Мемлекет басшысының осы отырыста айтқан тағы бір ілкімді ойы осы. Президент қажет құжаттардың барлығын электронды форматқа ауыстырса, тексеріс цифрлық жүйеде жүргізілсе, қазіргідей кем-кетіктер болмас еді деді.   

Думан Базарбеков, заңгер:

– Цифрлық технологиялар тауар айналымын дамытуға мүмкіндік береді. Ортақ электрондық ақпараттық база құрылса, өнімдерді сертификаттау, оларды таңдалау, сапасын тексеру сынды жұмыстардың барлығы жеңілдейтін еді. Бірыңғай талап болады. Тауарларды электрондық жүйе арқылы тексергенде кәсіпкерлер уақыт жоғалтпайды, одан бөлек небір әкімшілік кедергілерден арылады. Бұл бюрократиялық бөгеттерді бұзуға жол ашады.

Тығырықтан шығатын тағы бір жол бар. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ транзиттік жүйесін тезірек қалыптастыру керек деді. Алып құрлықтың қақ ортасында тұрғандықтан, тауар тасымалдаудан түсетін пайда көл-көсір болады. Қазір Қытайдан кәрі құрлыққа сауда жанданған. Олар Еуропаға одақ елдерінің шекарасы арқылы өтеді. Сондықтан біз де ұрымтал тұсты ұтымды пайдалануымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік операциялар мен экспорт-импорттың көлемі тұрақты артып келе жатқанын байқауға болады. Вьетнам – Қытай – Еуропа бағыты бойынша іске қосылған трансконтиненталды темір жол желісі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттердің нарығына біздің елдердің өнімдерін шығарудың логистикалық мәселесін шешеді. Аталған көлік дәлізі теңіз тасымалына жақсы балама және Оңтүстік-Шығыс Азиядан Еуропаға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы қысқа мерзімде жүк жеткізуге мүмкіндік береді.

Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін осылай арттыруға болады. Қазір интеграциялық бірлестікпен үшінші мемлекеттер байланыс орнатуға бекініп жатыр. Осыған дейін одақ елдерімен Қытай және Иран келісімге келген. Осы айдан бастап қатарға Сингапур қосылды. Бұл мемлекеттермен сауда-саттық артса, экономиканың дамуына серпін беретіні сөзсіз. 

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы