389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түтін, ауыз су, масалармен күрес, LRT дауы: елорданы дамыту мәжілісінде тағы қандай мәселелер сөз болды

  • 167
  • UPD: 20:14, 08.10.2019

Елордада 60 жылдан бері жөндеу көрмеген аурухана бар.

Осы күні емдеу мекемесінің іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап тұр. Ондағы медициналық жабдықтар да тозып тынған.

Мемлекет басшысы қаланы дамытуға арналған жиында осы жайтқа ерекше тоқталды. Біраз үлескерлер үйлеріне кіре алмай сенделіп жүр. Жаз шықса, маса-шіркей қаптайды. Жолдан қауіпсіз өтетін жөні түзу өткел аз. Осындай олқылықтарды тізіп берген Президент жауаптыларға соңғы рет ескерту жасады.

Баспана – бас қаладағы бұқараның бас ауыртатын басты мәселесі. Мұндағы құрылыс қарқыны күрт төмендеген. Бірден 30 пайызға кеміді. Үлескерлер де үйлеріне кіре алмай, сеңдей соғылып, сенделіп жүр. Елорданы дамытуға арналған жиында Мемлекет басшысы алдымен осы жайтқа тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қалада 49 проблемалық нысан бар. Құрылыстың бітуін 13 мың 500 адам күтіп жүр. Осы мәселені шешу үшін өткен жылы 40 млрд теңге бөлінген. Бірақ соның 4 жарым млрд теңгесі ғана игерілген.

Құрылыс қарқыны бәсең. Бірақ жауаптылар бет қаратпады. Елордада үйлерді көптеп саламыз деп Президентті сендіріп бақты.

Құрылыстың тұралап қалуына алаяқтардың көбейіп кетуі себеп. Қасым-Жомарт Тоқаев айласына құрық бойламайтындардың кесірінен бұқара сан соғып отыр деді. Сонымен қатар елордада энергетика нысандарының құрылысы да тұралап қалған. Осыдан 9 жыл бұрын үшінші жылу электр сансасы салына бастаған еді. Биыл қолданысқа берілуі тиіс болған. Бірақ белгісіз себептермен тағы бір жылға кейін шегерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрылысты осылай созбақтап жүргенде, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы да ескіріп кетті. Біраз өзгеріс керек екен. Ол үшін қосымша 40 млрд теңге сұратып отыр. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Әкімшілік басталған істің соңына дейін жетуін жіті бақылауға міндетті.

Жылудың әлсіз берілетіні осыдан. Бар үміт көгілдір отында еді. Бірақ одан да қайыр болмады. Қала әкімдігі газ құбырларын тартып үлгермеген. Ал «Сарыарқа» магистральді желісі елордаға жақындап қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қыста елорданы қошқыл түтін басады. Ең алдымен тұрғындардан ұят. Осылай жүріп, шеттен келетін қонақтарды да шошытып аламыз. Біз Нұр-Сұлтан қаласын халықаралық қаржы орталығы, «Еуразия жақұты» дейміз. Бірақ іс жүзінде барлығы басқаша. Аз сөйлеп, көп жұмыс істеу керек.

«Сөйлегенде алдыға жан салмайсыңдар, ал нақты іске келгенде – кірпідей жиырылып қаласыңдар». Мемлекет басшысы министрлер мен әкімдерге осылай деді. Қаланың көріксіз кескіні шеттен келетін кәсіпкерлердің көңілін қалдырады. Мұндайда инвестор атаулы бойын бізден аулақ ұстауға тырысады. Бұқара базынасына құлақ аспаған соң, осындай келеңсіздіктер туындап жатыр.

Аида Балаева, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі:

– Жыл басынан бері елорда тұрғындары 775 өтінішті қайтара жазған. Оның 110-ы өткен айда жазылды. Бұл жергілікті билік пен тұрғындар арасында байланыстың жоқтығын білдіреді. Әкімшілік қызметкерлері тұрғындармен тілдеспейді, олардың мәселесін шешуге асықпайды.

Асықпайтын ақжағалылар ауыз судың сапасын да уақытылы тексермеген. Тұрғындардан арыз көп, бірақ тындырылған жұмыс жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қала тұрғындары ауыз су сапасы жөнінде біраз мәселе көтерген. Судың жағымсыз дәмі барын айтып, әлеуметтік желіде қызу талқылаған еді. Бірақ сапаны бақылау демартаменті тек бір аптадан кейін ғана тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Неге осылай созбақтай береді? Уақытылы жауап беруге болмай ма?

Елордада кәріз жүйесі дамымаған. Қалаға жақын орналасқан елді мекендер қобырсып жатыр. Шұрық-тесік жолдан көлікпен жүргеннің желкесі үзіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қала шетіндегі жолдардың 36 пайызы нашар. Асфальт төселмеген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көшелердің 20 пайыздан астамында жарық жоқ. Мұндай келеңсіздік қылмыстың артуына әкеледі.

Емдеу саласында да кем-кетік бар. Қаланың қақ отасындағы бұл аурухананың ескіргені қашан. Тоз-тоз болып әлі тұр. Не жөндемейді, не сүрмейді. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Емдеу мекемесінің іргетасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған. Содан бері жөдеу көрмепті. Кеңес Одағы күйрегенде аурухана жекенің қолына өткен. Кейін мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрынғы басшылық жөндеу қажет деп, жауаптыларға талай рет жүгінген екен. Бірақ құлақ асқан адам болмады. Қазір аурухананың қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп тұр. Науқастардың мұндай жағдайда қалай ем қабылдап жатқанын айтудың өзі артық шығар.

Жағдайды білмекке аурухана басшылығына бардық. Бірақ бас дәрігер менің де бастығым бар деп, бет қаратпады. 

Аурухананың қашан жөнделетінін аудан басшы да, сала басшысы да жөндеп түсіндіріп бере алмады.

Президент сауалына министр жөнді жауап бермеді, ал аудан әкімі қала басшысына сілтеді.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Медициналық жабдықтардың 40 пайызы ескірген. Темір жол ауруханасы салынғалы жөнделмеген. Қазір оны жаңартуға келмейді. Сондықтан жаңасын салуды ұйғардық. Бюджетке салмақ түсірмеу үшін, жеке инвестор таптық. Сол ауданда жаңа аурухана саламыз.

Сарыарқа ауданы – адам көп шоғырланған аумақтың бірі. 400 мың адам тұрады. Сондықтан аурухананың ауадай қажет екені түсінікті. Әлеуметтік нысандарды жеке кәсіпкерлердің көмегімен салу қажет. Бірақ бұл істе елорда әкімдігі әлі де енжар. Жыр болған ЛРТ жобасын сол күйі созбақтап әлек.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Протяженность LRT - 22,5 километра. Запланировали 18 станций. Слушайте, вы на соревнованиях по марафону здесь в столице бегаете больше, чем 22 километра. А для чего тогда строить LRT? 18 станций это значит, что чуть больше одного километра один отрезок пути. Мы пешком на прогулках больше ходим.

Дау тудырған жобаны қалай да жүзеге асыру керек. Мемлекет басшысы басқа амал жоқ деді. Бірақ жауапты адамдар жауапкершіліктен сытылып кетпеуі керек. Қашқаны бар, сол кезде құжатқа қол қойғаны бар, барлығы тексерілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шетелге қашып кетті екен деп, бос отыруға болмайды. Бұл іске әкімшілік қызметкерлерінің де қатысы бар емес пе? Олар да қол қойды ғой? Соларды неге тексермейсіздер? Тергеуді қайта жандандыру керек.

Президенттің бұл сынына қала басшысы жауап берді. Алтай Көлгіновтің айтуынша, жобаға жұмсалатын қаражатты үнемдеу үшін стансалардың саны азайған. 

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Бастапқыда 18 станса болды. Біз оны 11-ге қысқарттық. Құрам санын да 7-ге азайттық. Осының арқасында 1 млрд 350 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік аламыз.

Мемлекет басшысы елорданың сәнін келтіру биік ғимараттар тұрғызумен өлшенбейді деді. Қала бірінші кезекте тұрғындарға қолайлы болуы тиіс. Сондықтан жол өткелдерінің санын көбейтіп, қоғамдық көліктердің бағытын дұрыс анықтауды тапсырды. Жауын кезінде көлге айналатын аумақтарды реттеуді міндеттеді. Тіпті мұқым жұрттың мазасын қашырған масалармен күресті де сөз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Практический весь летний период дискомфорт жителям и гостям столицы создавали полчища комаров. Даже неудобно эту тему говорить, но приходится. Комары то не вчера сюда прилетели?!

Жауаптылар өздеріне жүктелген міндетті дер кезінде орындауы керек. Кабинетке қамалмай, қарашамен тілдесуі тиіс. Жұрттың мұң-мұқтажын тыңдауы қажет. Әкімдердің негізгі міндеті осы. Президент елмен етене араласқан басшы ғана, халықтың алғысына бөленеді деді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы