388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан – еліміз үшін өте маңызды қала – Елбасы

  • 217
  • UPD: 20:11, 05.11.2019

Елбасы Түркістанға сапары барысында жаңа ғимараттарды аралады. Неке сарайы, музыка мектебі, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық әкімдік ғимараты. Қаланың сәнін келтірген бұл нысандар қолданысқа дайын. 

Сапарды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берген Нұрсұлтан Назарбаев «Әрбір салынған қала – Қазақстанның байлығы» деді. Түркістаннан Дархан Әбдуахит сөз алсын.

Бұл істен бірде-бір аймақ тыс қалған жоқ. Түркістанды қайта түлетуге бүкіл ел өз үлесін қосып жатыр.  Тек биылдың өзінде 102 ғимарат пайдалануға беріледі. Былтыр басталған орасан құрылыстың алғашқы нәтижесі осы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бұл енді тарихи Түркі дүниесінің орталығы дейміз, Қазақстан үшін өте маңызды қала. Қазақтың қалың орналасқан жері, біздің дәстүріміз шайқалмаған жер. Сондықтан бұл жерде үлкен қала орнату бұрыннан ойымызда болған. 

Кеше Елбасы мәдени-ағарту нысандарының құрылысымен танысса, бүгін біраз ғимаратты арнайы барып көрді. Екі қабатты, 2 мың шаршы метрлік Неке сарайы – Қостанай облысының тартуы. Қазіргі құрылыс қарқыны мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына қарап,  келешекте Түркістан тұрғындарының қатары күрт көбеюі деп топшылауға болады.  Бас жоспарды жасаған кезде мұның бәрі алдын ала есепке алынды. Қазірдің өзінде қоныс аударушылардың дені жастар. Себебі қайта түлеп жатқан Түркістанда мүмкіндік көп. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев шаңырақ көтеріп жатқан жастармен жолығып, ақ тілегін айтты. Айта кетейін мұндай ғимарат  қалада бұрын болған емес. 

Халыққа қызмет көрсету орталығы. Басқасы басқа дәл қазір түркістандықтар үшін аса қажет нысан. Әсіресе тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан тұста мұнда келетін адам саны көп болады. Республика бойынша құжат рәсімдеудің, анықтама алудың қандай озық технологиясы бар, соның бәрі осы жерге топтастырылған. Үш қабатты ғимаратта халыққа қызмет көрсетудің барлық тиімді тәсілдері қарастырылған дейді мамандар. 

Биыл тапсырылатын ғимараттардың дені әлеуметтік.  Бұл әуел бастан шешілген мәселе. Бүгін Елбасы көрген тағы бір нысан «Ақ жайық» музыка мектебі. «Ақ жайық» деп аталуы да бекер емес. Құрылысқа жауапты Батыс Қазақстан облысы. 550 орындық концерт залы бар, жастарды өнерге баулуға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі қарастырылған ғимарат қаланың кес-келбетімен әдемі үйлесіп тұр. 

Ал мына алып алаң – Түркістанның әкімшілік–іскерлік орталығының бір бөлігі. Құрылыстың көрігі осы жерде қызып жатыр. Шілденің ыстығында ысылған, қарашаның қара суығында қайраттана түскен құрылысшылар біраз шаруаның басын қайырған. Облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттердің ғимараттары, конгресс-орталық, оқушылар сарайы, спорт кешені, медиа орталық сынды бірнеше нысан Түркістан құрылысының қауқарын аңғартады. 

Енді медиа орталық елордада ғана емес, Түркістанда да болады. Ғимаратты шағындау болғанмен, мүмкіндіктері шамалас шаңырақ – жергілікті ақпарат құралдарына ортақ. Сосын ғимараттың өзі энергия үнемдейді. Тұтастай  көмкерілген шынының арқасында  орталықтың іші қыста жылы, жазда қоңыр салқын. 

Әкімшілік-іскерлік орталықтың белортасындағы ғимарат облыстық әкімдікке тиесілі. Әсем оюмен көмкерілген, шығыстық үлгідегі,  онымен қоса іскерлік стильмен сәтті сабақтас нысанды Елбасы аралап көрді. Айтпақшы «Нұр Отанның» қабылдау бөлмесі осында орналасқан. Есігі бөлек, күзеті жоқ  қабылдау бөлмесі – арыз-шағым айтылатын орын. 

Облыстық әкімдіктің ішінде Елбасына тағы да бірқатар жоба таныстырылды.  Былтыр облыс орталығын дамытуға арналған құжаттар бекітілді. Соларға сәйкес шаһарды өркендетудің негізгі бағыт-бағдары айқындалған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бір жылдың ішінде көп жұмыс жасалған. Ендігі жылы көрші елдердің басшыларын осы жерге шақырайық деп отырмыз өзіміздің саммитке. Олар келісім берсе мүмкін Түркістанда өткізерміз. Бұрында Өзбекстанмен Яссауи кесенесінің алдында мәңгілік достыққа қол қойғабыз, сондай бір келісімге келетін боламыз. Мұның бәрі еліміз үшін үлкен жаңалық. 

Тағы бір маңызды жоба – халықаралық әуежайдың құрылысы. Бүгінгі күні нақты іс басталды. Сонымен теміржол вокзалы мен әуежайды жалғайтын жолдың құрылысы жүріп жатыр. Жобалардың жай-жапсыры жайлы Елбасына баяндалды. Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік сапарды қорытындылап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Қазірдің өзінде аралап шыққанның барлығы грандиозный. Далада қанша көп ғимараттар салынып жатыр, қанша көп жұмыс орындары ашылып жатыр. Әсіресе жастарға мына жерде 2 млн халқы бар облыстың, оның барлығына жұмыс беру керек қазір. Елдер кетпей қайтадан жиналып жатыр осы жерде. Қонаүйлер болады. Мектептер борлады, ауруханалар болады. Заманауи әуежай болады. Су, жол, теміржол мәселесі шешіледі. Жолдың бойында тұрған қала. Сондықтан еліміз тағы да бір үлкен шаһарға байиды деген сөз. 

Әрбір бастама – әлеуметтің әл-ауқатын жақсартуға септесуі тиіс. Түркістан облыс орталығы болғалы бері, қаланың өзінде 1,5 мың жұмыс орны ашылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Бүкіл Қазақстан, үкіметіміз, қазіргі президентіміз Қ.Тоқаев барлығы қолдап, бірге істеп жатқан шаруамыз ел үшін, халық үшін Қазақстанның өркендеп, өсуі үшін. Әрбір салынған үй ол Қазақстанның байлығы. Әрбір салынған қала – Қазақстанның байлығы. Мемлекет қандай деп санағанда сол мемлекеттің жерінде қандай ғимараттар бар, зауыт-фабрикалар бар, соны санайды. Сондықтан біз  салғанда да көп әңгіме болды ғой, қанша ақша жұмсалды деп, қазір барлығын қайтарды. Мемлекетке, бюджетке қазір жыл сайын трлн теңге ақшаны құйып жатыр. Қуанышты жағдай осының барлығы. 

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Былтыр Түркістанға 1,5 млн турист келген. Егер ойлаған іс орындалса, саяхатшыны қызықтыратын жобалар жүзеге асса, бір күнде келіп кетпей, қалада біраз уақыт аялдап қалу үшін, тиісті жағдай жасалса, туристердің саны 4-5 млнға жететін болады. Қазіргі таңда әлеуметтік инфрақұрылымен бірге туристік жобаларды қатар дамыту – басты назарға алынған. Тұтас түркі дүниесінің бой тұмарына айналған Түркістанның бұған мүмкіндігі жетеді.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов, Асхат Әзіретханов

Хабар 24 телеарнасы