384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев елордадағы травматология және ортопедия ҒЗИ жұмысымен танысты

  • 186
  • UPD: 17:58, 19.11.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының ғимаратын жөндеуді тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін медициналық мекеме жұмысымен танысқан Президент нысанның әбден ескіргенін атап өтті. «Институт азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін озық технологиялар қолданады. Дегенмен ғимараттар айтарлықтай ескірген. Үкіметке клиниканы күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа бөлімдерін салу қажет», - деді Президент.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – медицина саласындағы бірегей орталық. Озық технологияларды ойлап табумен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттырумен айналысады. Әрі емдеу мекемелеріне үздік деген тәжірибелерін ұсынады. Күн сайын 50-ден астам, ал жыл сайын 8 мың күрделі операция жасалады десек, сол ауқымды шаруа 14 клиникалық бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Мұнда буындарға эндопротез жасау, артроскопия және спорттық жарақаттарды емдеу, омыртқа патологиясын түзету секілді 3 республикалық орталық жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жаңа үлкен шешім қабылдадық. 2021 жылы жаңа ғимарат болады, ақша бөлеміз. 26 млрд теңге қажет болып тұр. Бұл мәселе бойынша тиісті тапсырмамды беремін.

Институт ғимараттарының ескіргені – біршама уақыттан бері көтеріліп жүрген өзекті мәселе. Қол-аяғы сынып, буындары ауырып, омыртқасы майысып келген емделушілер жайлы жағдай жоқтығын айтып, жиі шағымданатын. Тек кадрлардың біліктілігі мен қызмет сапасының жоғары екенін біліп, осында келетін. Бірақ ғимараттағы жағдай көңілге кірбің түсіретін.

Олжас Бекәрісов, дәрігер:

– Осы территорияда жаңа емдеу-диагностикалық корпус салынады. Бұл корпус заманауи, жаңа технологияларға сай. Соған өте қуаныштымыз.

Ал мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру - үздіксіз процесс. Кеше келген жас дәрігер қазір кәнігі ғылыми қызметкер немесе жоғары санатты доктарға айналды.

Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу институты жанынан 23,2 мың шаршы метр болатын жаңа корпус салынады. 6 операция жасайтын орын, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері, сондай-ақ, медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт та болады. Ғимарат пайдалануға берілген соң қызмет көрсету көлемі 45 пайызға артуы тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы