380,91 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Келер жылы әлеуметтік салада қандай өзгерістер болады  

  • 363
  • UPD: 11:34, 25.12.2019
Келер жылы әлеуметтік салада қандай өзгерістер болады  

Үкіметтің баспасөз орталығында ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын іске асыру барысы және 2020 жылға арналған басымдықты міндеттер туралы айтып берді, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Баспасөз конференциясына сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, денсаулық сақтау, білім және ғылым, мәдение және спорт, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрлері қатысты.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелерінің еліміздегі барлық өңірлердің, оның ішінде аудан орталықтары мен шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездескенін атап өтті. Барлығы 500 кездесу өткізілді, азаматтардан 70 ұсыныс келіп түсті, 2500 сұраққа түсінік берілді.

Тұрғындардың табысын арттыру туралы айтқан вице-премьер биыл 500 мың мұғалімнің жалақысы 25%-ға артатынын айтты, 215 мың дәрігер мен мейірбикенің жалақысы тиісінше 30% және 20%-ға көбейеді. 34 мың мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінің, сондай-ақ 25 мың әлеуметтік қызметкердің жалақысы 30%-ға артады.

2,2 млн қазақстандықтың зейнетақысы 7%-ға, мемлекеттік жәрдемақы 5%-ға индексацияланады. МӘСҚ-ынан үш әлеуметтік төлем түрі бойынша 132 мың алушы үшін жәрдемақы кемінде 30%-ға өседі.

Биыл «Еңбек» мемлекетік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуда қолдау және кәсіпкерлікті дамыту шараларымен 623 мың адам қамтылды, оның ішінде 416 мың адам еңбекке орналастырылды, 131 мың адам оқытылды, 46 мың грант пен шағын несие берілді, оңтүстіктен солтүстікке 9 мың адам көшірілді. Бұл мақсаттарға 176 млрд теңге бағытталды.

Келесі жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында өзгерістер күтілуде. Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүргізіледі,  «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім» жаңа тетіктері енгізіледі, көшу өңірлеріне Алматы қаласы кіретін болады, ал Ақмола және Қарағанды облыстары қабылдау өңіріне айналады.

Кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін шағын несиелендіру шарттарын жеңілдету жоспарланған. Атап айтқанда, оның мөлшерлемесін 6%-дан 4%-ға дейін төмендету, шағын несие беру мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту көзделген.

Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау аясында биыл жәрдемақы төлеуге және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге бюджеттен 400 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданып, іске асырылуда.

Оңалту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Алматы қалаларында оңалту орталықтарының құрылысы басталады. МЖӘ аясында және МӘСҚ қаражаты арқылы оңалту орталықтарының желісін дамыту мәселесі пысықталуда. Пилоттық режимде әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді, ол мүгедек жандарға оңалту құралдары мен ықзметерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Мүгедектік 5 жылға берілетін аурулар тізімі бекітілді, мүгедек балаларға кешенді көмек көрсетудің Жол картасы жасалуда, жұмыс берушілердің мүгедек жандарды еңбекке орналастыруына квоталарды сақтауына монторинг жүргізу күшейтіледі.

Бас прокуратурамен бірге еңбек инспекторлары 30-дан аса шетелдік маманды тартқан 95 кәсіпорында тексеру жүргізді. Мыңнан аса еңбек және көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбекақы төлеу бойынша 500 алалау фактісі анықталды. 100 млн теғге сомасына 400 әкімшілік іс қозғалды, 700-ге жуық жұмыс рұқсаттамалары қайтарылды, 500 шетелдік жұмыскер елден шығарылды.

Келесі жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 49 мың адамнан 29 мың адамға дейін қысқартылады, жұмыс берушілердің әкімшілік жауапкершіліктері күшейтіледі және басқа да шаралар қабылданады. 30-дан аса шетелдік жұмыскерлерді тартатын кәсіпорындар жыл сайын жоспарлы түрде тексерілетін болады. Бұл ретте 4-ші санат бойынша рұқсат беруді біршама қысқарту жоспарланған. Сонымен қатар, шетелдік жұымскерлерді отандық мамандармен міндетті түрде алмастыру тәжірибесін қайтару көзделген.

МӘМС енгізу нәтижесінде келесі жылдан бастап сақтандырылушы шығындары 57,5%-ға - 55 мың теңгеде 87 мың теңгеге дейін өсуі күтіледі, медициналық инфрақұрылым дамытылады, медициналық техникамен жарақтандырылу деңгейі 70%-дан асады, жоғары технологиялы медициналық көмекке қолжетімділік мен медициналық қызметтер көрсету сапасы артады.

2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында МЖӘ дамыту және 59 млрд теңге сомасына 127 жобаны іске асыру үшін жеке инвестициялар тарту, сондай-ақ 440 млрд теңге сомасына 7 ірі жобаны іске асыру қарастырылған.

Сонымен қатар, Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, бекітті, онда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту шаралары, апатты және үш ауысымдық мектептер мәселелерін шешу, жеке нвесторларды тартумен МЖӘ жобаларын іске асыру қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Ұлы Отан соғысының 75 жылдығын атап өту, әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын, Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу мәселелері пысықталуда.

Сонымен қатар, вице-премьер Жастар жылы мен Волонтер жылы аясындағы шаралар, қоғамдық келісімді нығайту, білім беруді, денсаулық сақтауды, бұқаралық спортыт дамыту туралы айтып берді.

Хабар 24 телеарнасы