376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жолдар неліктен жабылады?

  • 406
  • UPD: 08:20, 06.01.2020

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша жыл басталған бес күн ішінде еліміздің көшелерінде 27 жол апаты тіркелді. Салдарынан 15 адам көз жұмып, 60-тан астамы зардап шекті. Көп жағдайда апатқа ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Мамандардың айтуынша, осы күндері жолдар жабылып, қозғалысқа тыйым салынғанымен ескертуді елемей тәуекел еткендер болды.

Биылғы қыс маусымы басталғалы еліміздегі республикалық маңыздағы жолдарда қозғалыс 300 реттен астам шектелді. Яғни биыл ауа райының тосын мінез танытып, борандатуы былтырғыға қарағанда 30 процентке жиілеп кеткен. Сол себепті жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдар да жиі жабылады.

Ғабит Шымырбаев, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Боранда, қатты аяз болған кезде немесе қар жауып тұрған кезде жолдың көрінбеу себебінен кәсіпкер мекеме төтенше жағдай комитетінің аумақтық бөлімшесімен және жол қозғалысына құзыретті орган жергілікті полциямен бірлесіп, жолдарға шектеу қойылады. Бізде қар жауғаннан кейін екі сағаттың ішінде жолды тазалайды. Сол тазалаған кезде бүкіл техникалар жабылып, барынша ықсқа мерзімде қозғалысты жүргізуге барынша жұмыс жасайды. 

Мамандардың айтуынша Республикалық жолдағы қозғалыс қауіпті жағдай болмаса себепсіз жабыла бермейді. Сондықтан оның жабылғаны туралы ескерту хабарлама да таратылады. Бірақ жолаушылардың көбі бұл ескертуді елемей, діттеген жеріне тезірек жетуге асығады. Сөйтіп, өз өмірін тәуекелге байлайды. 

Мына жол апаты «Нұр-Сұлтан-Щучинск» тас жолының 208-шақырымында болды. Тойота камри автокөлігін тізгіндеген жас жігіт, өзге көлікпен соқтығысудан қашып, жол жиегіндегі дүңгіршікке соғылған. Апаттан сатушы екі әйел зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Ал көліктің ішіндегілер дін аман. 

Ал Көкшетау-Атбасар жолының 114-шақырымында болған жол апаты қайғылы аяқталды. Хюндай көлігін тізгіндеген әйел адам рульге ие бола алмай қарсы беттегі темір тұлпармен соқтығысқан. Апаттан екі әйел көз жұмды. Бес бүлдіршін жарақат алды. Тізбектеп айта берсек биылғы бес күннің өзінде жол апатынан 15 адам көз жұмды. 

Ал мына видеодан көргеніміздей, жүргізушілер жол-патруьлдік полиця қызметкерлері қойған бөгетті айналып жолсызбен қашып барады. Полицейлер мұндай жағдайлардың жиі болып тұратынын айтады.

Хабар 24 телеарнасы