376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Президенті: Билікте тамыр-таныстық әлі де бар

  • 179
  • UPD: 21:13, 15.01.2020

Билікте тамыр-таныстық әлі де бар. Бұл індетпен күресу керек. Президенттік кадр резервіне енген жастармен кездесуінде Мемлекет басшысы осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қызметке тағайындалса, командасымен бірге ауысатын шенділердің әрекетін тағы бір сынға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бізге мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек деді. Ол үшін жастардың ұсынысына құлақ асуға дайын екенін жеткізді.

Белін бекем буып, билікке келуге бекінген жастардың өкілі – осылар. Президенттің пәрменімен кадрлық резервке алынған. Енді Мемлекет басшысымен кездеседі. Маңызды басқосу. Бірақ қобалжып жүргендері жоқ арасында.   

Жастар кадрлық резерві былтыр жасақталды. Бастапқыда 13 мыңнан астам адам үміткер болған. Кейін үздіктері ғана іріктелді. Сөйтіп, ұлттық комиссия 300 маманды таңдап алды. Енді оларды жауапты қызметке тағайындау көзделген.  

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің әрқайсысыңыз жоғары кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетіп, мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге ниетті екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сондықтан сіздермен кездесіп, еліміздегі өзекті мәселелер бойынша пікірлеріңізді тыңдап, кадр резервіне енген азаматтардың алдында тұрған міндеттер жөнінде өз ойымды білдіру үшін баршаңызды Ақордаға арнайы шақырып отырмын.

Жиында жастар белсенді болды. Өткір әрі өзекті проблемаларды көтерді. Кемшін тұстарды жіпке тізді. Айталық, қазір жаһан жұртын экология мәселесі алаңдатып отыр. Қазақстан құрғақшылықпен күресу үшін жылына 93 млрд теңге жұмсайды екен. Суды тиімсіз пайдаланудың кесірі елімізді орға жығуы әбден мүмкін.

Зүлфия Сүлейменова, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

– Біз суды көп мөлшерде қажет ететін тауарлар өндіреміз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, индустрияландыру және энергетика салаларында суды көп қолданады. Өзен-көлдерді айтпағанда, жер асты суларын да бірте бүлдіріп жатыр. Осылардың барлығына тоқтау салу керек.

Мемлекет басшысы бұл ұсынысқа құлақ асу керек деді. Қазақстанды кесіп өтетін өзендердің көбі бастауын басқа елдерден алады. Сондықан іргелес мемлекеттермен тиімді келіссөз жүргізудің маңыздылығына тоқталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Суды үнемдеуге жіті мән беру керек. Оны көп мөлшерде қажет ететін өндіріс орындарына жаңа технлогия енгізу қажет. Қазір өзен суларын ортақ пайдалану мәселесін көрші мемлекеттермен дипломатиялық тұрғыда шешіп келеміз. Өйткені қазір әрбір мемлекет өз қажеттілігіне қарай суды көбірек пайдаланғысы келеді.

Кей мәселені шешуге келгенде кейбір маманның кежегесі кейін тартаныны анық. Үстел тоқпақтайтын бюрократтар бар. Билікке таныс-тамырын тартып, қоса ілестіріп жүретін шенділер де жетеді. Соның кесірінен жақсы мамандар тасада қалып қойып жатыр. Мемлекет басшысы бұл індетпен күресу керек деді. Одан бөлек, резервке енгендерді лауазымға қызықпай, елдік үшін ерінбей еңбек етуге шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі жас буынның, оның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік менмендіктен биік тұруы тиіс.

Бармақ бастылықты жоятын жалғыз құрал – жаңа технологиялар. Жастар соны жаппай меңгеруге көшу керек. Өйткені қазір мемлекеттік басқару саласына тың серпін қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек.

Жаңа технология келсе, жарамсыз мамандардың қатардан қалып қоятыны тағы бар. Биылғы жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту басталады. Алдағы 4 жылда олардың қатары 25 пайызға азаймақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтқанымдай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Әрине, бұл біржақты жасалмайды, олардың атқаратын қызметін қайта қарап, яғни мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартамыз.

Көптің көкейінде көлкіп тұрған мәселені айтып, соны шешудің тың тәсілдерін ұсынғандары қазір жауапты қызметке қабылданып жатыр. Қазірдің өзінде резервтегі 55 адам түрлі ведомствоға жұмысқа орналасыпты.

Тимур Жазитов, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

– Мен экономика пәні бойынша университетте дәріс оқып жүрмін. Оған дейін мемлекеттік қызметте болғанмын. Қарапайым қызметкерлердің қатарында болдым. Кадр резервіне алынған соң, ел игілігі үшін жұмыс істеуге тағы бір мүмкіндік туып тұр. Ұлттық экономика министрлігіне қызметке шақырды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Кейбір біздің өзіміз аламыз деген азаматтарымыз басқа министрліктерге жұмысқа тұрып кетті. Десек те, резервте тұрған 7 азаматты біз жұмысқа алдық. Әлі де осы жұмысты жалғастырамыз дейміз. Өйткені осы резервке кірген адамдардың әлеуеті өте жоғары.

Жыл соңына дейін кадрлық резервтегі 100 адамды жауапты жұмысқа орналастыру көзделген. Қалғаны кезең-кезеңімен қызметпен қамтылады. Қазір ел ішінде Президенттік кадр резервіне тек шенділердің балалары барып жатыр деген әңгіме өріп жүр. Жауапты агенттік басшысы мұны жоққа шығарды. 

Анар Жайылғанова, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

– Дауыс берген кезде комиссия мүшелері алдарындағы айпадтармен онлайн форматта беріп отырды. Балдардың барлығы бірден базаға түсіп отырды. Ешкім оны өзгерте алмайды.

Озық жастарды іріктеудегі мақсат – барлығын бірдей қайыс креслоға жайғастырып қою емес. Бұқараға септессін, қордаланған мәселені шешуге өзіндік үлесін қоссын деген ой. Мұны резервке алынғандар жіті түсінеді.

Мұрат Төрегелді, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:

– Мемлекет басшысы кадрлық резервін жасақтау жұмыстары мұнымен шектеліп қалмайды деді. Ел ішінде жүрген, бірақ тасада қалып қойған талаптылар әлі де таңдалып алынады. Бастысы, сенім артылған соң, сол сенімге селкеу түсірмесе игі еді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы