418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19 бойынша жедел штаб: Өңірлердегі жағдай бақылауда

  • 173
  • UPD: 17:04, 09.07.2020
COVID-19 бойынша жедел штаб: Өңірлердегі жағдай бақылауда primeminister.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен COVID-19 мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысында елдегі шұғыл шешімді талап ететін жедел мәселелер қаралды.

Олар:

1. Өңірлерге дәрілік заттарды жедел жеткізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қабылдау;

2. Қосымша 1600 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын, жедел медициналық жәрдем қызметінің 800 санитариялық автомашинасын, сондай-ақ сұранысқа аса ие дәрілік препараттарды (парацетамол, азитромицин, цефтриаксон, осельтамивир және басқалар) сатып алу, оларды осы аптаның соңына дейін жеткізу күтіледі.

3. Коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жалғастыру.

Сондай-ақ Жедел штабта Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жеке тәртіппен қаралды.

Өңірлердің әрқайсысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі проблемалық мәселелерді баяндап, қазіргі жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар әзірледі.

Жедел штабта COVID-19 сырқаттанушылығының өсуіне байланысты Атырау облысындағы қанағаттанарлықсыз санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ерекше атап өтілді.

Осыған байланысты Е.Тоғжанов Атырау облысының әкімдігіне жағдайды жақсарту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау туралы, оның ішінде қосымша шектеу шараларын қолдану туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары өңірлердің әкімдіктеріне карантиндік шаралардың сақталуын мүлтіксіз бақылауды қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде қосымша инфекциялық стационарларды ұйымдастыруды, қажетті жабдықтарды (ӨЖЖ, КТ және т.б.), дәрілік заттарды сатып алуды, сондай-ақ зертханалардың ПТР қуатын арттыруды тапсырды.

«Біз әр өңірдегі жағдайды Жедел штабтың ерекше бақылауында ұстайтын боламыз. Біз жұмысты күнделікті негізде республикалық және өңірлік ауқымда тыңдап, нақты жедел шаралар қабылдай отырып жалғастырамыз», – деп қорытындылады Е.Тоғжанов.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы