425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантин алынады. Бірақ...

  • 353
  • UPD: 20:50, 14.08.2020

Жұрттың аузына қақпақ бола алмайсың. Қазір желіде жаппай тарап, халықтың үрейін алған мәлімет көп.

Соның бірі – «алдағы күзде вирус өршіп, балалар да көз жұмады» деген ақпарат. Бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері осы жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдай тұрақталды. Бұрынғыдай өсім жоқ. Салаға жауаптылар елді осылай сендіріп жатыр. Вирустың таралу қарқыны бәсеңдеді деп мына сандарды мысалға келтірді.

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Қатаң шектеу шаралары енгізілген күннен бастап сырқаттанушылықтың тәуліктік өсімі 0,5 пайызға дейін төмендеді. Тіркелген COVID-19 жағдайларының жалпы санынан 77 проценттен астамы емделіп, күнделікті өмірге оралды.

Маманның айтпағы мынау еді. Елде індет жұқтырғандардың көбі жазылған. Бірақ о дүниелік болып жатқандары да аз емес. Кеше вирустан 21 адам бақилық болды. Қазір 4 мыңға жуық науқас ауруханада, қалғаны үйінде ем қабылдап жатыр. 80 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары алдағы дүйсенбіден бастап жұмыс істейді. Осыған дейін сауда үйлеріндегі азық-түлек дүкендері мен дәріханалар ғана ашық болатын. Енді тұрғындарға бутиктерге де баруға болады. Бірақ сақтық шараларын сақтау керек.

Шектеу шаралары шынымен-ақ індетті тежеген шығар. Бірақ қауіп сейілді деуге болмайды. Күзде қайта өршиді деп жатыр. Күн суытады, адамдар тұмауратады. Сол кезде індеттің қайта алқымнан алмасына кім кепіл? Онсыз да әлеуметтік желіде «мына кесел енді балалардың өмірін жалмайды екен» деген ақпарат жаппай тарап жатыр.     

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Оның бәрі өтірік. Сондықтан тұрғындар тек тексерілген мәліметтерге ғана сену керек.

Елдің үрейленуі тегін емес. Өйткені Кавасаки синдромы деген ауру түрі пайда болған. Вирус сол кеселді қоздыратын көрінеді. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балаларға аса қауіпті. Сондықтан балабақшаларда тек кезекші топтар ғана ашылады. Сондай-ақ әр демалыс сайын шектеу шаралары енгізіліп отырмақ.  

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Демалыс күндері шектеу шараларын не үшін енгізгелі жатырмыз? Мақсат аурудың тағы да өршіп кетпеуіне жол бермеу керек. Демалыс күндері адамдар қоғамдық орындарға жаппай ағылады, сауда жасайды. Ал ондай ортада вирус тез тарайды. Сондықтан демалыс күндері тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді.

Күзді күні науқастар күрт көбейіп кетсе, дәрігерлерге қайта салмақ түседі. Онсыз да үй көрмей кеткен олардың әбден сілікпесі шыққан. Министрлік те уәде еткен өтемақыны толық бермей жатыр. Тек 500 дәрігер қаржылай көмек алған екен.  

Брифинг. Карантинді кезеңімен жеңілдету

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Қолда бар мәлімет бойынша, осы күнге дейін 500 медицина қызметкеріне төлем жасалды.

Ендігі мәселе – вакцина. Жақында көрші Ресей соны жасап шықты. Бірақ біздің ел әзірге әлгі вакцинаны сатып алмайды. Өйткені өнім толық зерттеуден өтпеген.

Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Қазір әлемде вирусқа қарсы 166 вакцина дайындалған. Олардың көбі клиникаға дейінгі тестілеуден өтіп жатыр. Ал 17-сі адамдарға салынып жатыр. Қай вакцина тестілеуден толық өтсе, соны ғана аламыз.

Карантин кезінде 830 мыңға жуық бизнес нысаны жұмыс істемеді. Шамамен 1 млн 300 мың адам бос отырды. Келесі аптадан бастап солардың көбі қызметіне қайта кіріседі. Бірақ караоке, түнгі клубтар, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары әлі де тоқтап тұрмақ. Яғни осы салада қызмет қылатын кәсіпкерлер табыссыз қалады. Сондықтан мемлекет оларға қолдау көрсетудің жолдарын қарастырып жатыр. Өтемақы беруі мүмкін. Салықтан уақытша босатып, несие төлеу мерзімін кейінге шегермек.    

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Жақында ғана елордадағы бірнеше нысанды араладық. Кәсіпкерлермен кездестік. Олардың барлығы табысымыздан айырылдық деп отыр. Қазір соларға көмек көрсетудің жолдарын қарастырып жатырмыз.

Жаз келе шектеу шаралары алынғаны есте. Індеттен құтылдық деп ойладық. Бірақ қолдан сабын ұқсап сусып кеткенде, сан соғып қалдық емес пе?! Бұл жолы олай болмас деп үміттенейік. Аузы күйген үрлеп ішпей ме?!

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы