420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс: кеше және бүгін. Президент бір жылда атқарылған іске қандай баға берді

  • 327
  • UPD: 09:37, 21.08.2020

Түркістан болашақта жылына 5 миллион қонақ қабылдайтын туристік орталық һәм ірі шаһарға айналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы бағыттағы оң өзгерістерге бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев көз жеткізді. Президент әуелі Арыс қаласы мен  Мақтааралдағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Кейін Түркістанның өз басына ат басын бұрып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне аялдады. Өзге де нысандарды аралап көрді.

Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте қазір құрылыс қарқынды. Бұл жаққа енді үйлері суда қалған Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарының халқы көшіп келеді. Олар үшін...

Қорған Төреқожа, тілші:

– Олар үшін бұл жақта 386 үй салу жоспарланған әуелде. Оның 196-сы республикалық қаражатқа, 190-ны қорлардың есебінен бой көтермек. Бүгінде әлгі 386 үйдің 180-і дайын. Қалғанын құрылысшылар бірінші қазанға дейін салып бітірмек. Сол кезде үш ауылдың жұрты осы жаққа біржола көшіп келеді. Сөйтіп, біз тұрған Мырзакентте 70 гектар аумақта жаңа шағын аудан пайда болмақ.

Мырзакентке бүгін Президенттің өзі келді. Салынған үйлерді көрді. Халықпен тілдесті. Құрылыс жұмыстарына жұдырықтай жұмылған азаматтарға ризашылығын білдірді. Тұрғындар да мемлекет тарапынан жасалған зор қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтты.

Президент айтқандай үйлерді салуға атсалысып, құрылыстың басы-қасында жүрген азаматтардың бірі облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Қосман Айтмұхамбетов еді. Өткен шақта сөйлеп отырғанымыз, Қосман Қайыртайұлы бір ай бұрын көз жұмды. Жергілікті халық еңбегі ерен ердің есімін бір көшеге беруді ұсынды. Президент құптады.

Атап өтейік, Мырзакентке көшіп келетін Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыстағы ағайынның ескі қонысы енді саяжай болады. Ал су басқан Фирдауси мен Өргебастың халқы ешқайда қоныс аудармайды. Өз жерлерінде үйлерін салып, тұра береді. Ол үшін баспанасыз қалған тұрғындардың әрқайсына 17 миллион теңгеден берілген. 

Сәкен Сұлтанханов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір ол жерде де қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Алдыңғы қатарлы үйлер бітіп, тұрғындар үйлеріне кіріп жатыр. Өргебаста бізде 195 үйді су басқан. 195 үй қайтып салынады. Ал Фирдаусида 324 үйді су басып, қазір сол қаражат бөлініп, құрылыс жүріп жатыр.

Үйлер аз уақытта салынды. «Сапасы қандай болмақ» деген заңды сауал туындайды ғой мұндайда.

Нұрмахан Тұрғынов, құрылыс компаниясының бас инженері:

– Сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар, қолдан келгенше жақсылап жасадық. Халықтан ұят болмасын деп, фирманың абыройын төкпеу үшін сапаға көңіл бөлдік. Газ, су ішкі канализация бәрі жүргізілген. Люстра қойдық. Газ плита қойылды.

Енді апат қайталанбас үшін су ресурсын бірігіп басқару мақсатында Өзбекстанмен үкіметаралық келісімшарт жасалмақ. Мұндай құжат әзірге жоқ. Салаға жауапты министр осы бағытта қандай жұмыс атқарып жатқандарын Президентке баяндады.

Мақтааралдағы ахуалды көріп, құрылыспен танысқан соң Президент Арысқа келді. Арыс та бір жылда түбегейлі өзгерген. Жаңғырған. Жаңарған қала болған.

Жарылыстан соң Арыста 480-ге тарта үй салынды. 7800-ден аса шаңырақ пен 66 әлеуметтік нысан, екі ауруханаға жөнделді. Қаланы қалпына келтіруге жалпы 60 млрд теңге жұмсалды. 40000 тұрғынға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленді.

Үйлері бұзылған тұрғындарың бірі, Ізбасар Назаров. Былтырғы жарылыстан бұл кісінің баспанасы 75 процентке қирап қалған еді. Құрылысшылар көпке созбай жөндеп берген.

Ізбасар Назаров, Арыс қаласының тұрғыны:

– 24 маусым күні  жарылыс болған күні ел Президенті, Мемлекет басшымыз Қ.Тоқаевтың өзі келіп, мына халыққа сіздер ешқандай уайым қылмаңыздар, үй-жайларыңыз да, мына қаладағы әлеуметтік нысандарда барлығы қалпына тез арада келтіріледі деді. Енді сол айтқаны бүгінгі таңда ақиқат болды. Өйткені бүгінгі таңда қала өзгерді.

Өзгерді. Өзгергенді көз көрді. Президент те асықпай Арысты аралап шықты. Әуелі жарылыс болған әскери бөлімде болды. Қайта қалпына келтірілген. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол вокзалына барды. Бұл нысанның ғасырлық тарихы бар.1904 жылы салынған. Ел бойынша 3 көне вокзал болса соның бірі осы. Мұның да жарылыс кезінде қасбеті, есік-терезесі қираған еді. Президент тапсырмасымен көне нұсқасы сақталып, вокзал қайта жөнделген. Бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр.

Арысқа келіп, өзі берген уәденің орындалғанына көз жетізген соң Президент көне шаһар – Түркістанға ат басын бұрды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барды. Жөндеу жұмыстарымен танысты. Тарихи қала қазір көркейіп келеді. Айталық, бүгінде...

Қорған Төреқожа, тілші:

– Бүгінде көне шаһарда жаңа ғимаратар бой көтеруде. Мәселен, былтыр 24 нысанның құрылысы басталған. Оның 9-ы пайдалануға берілді. Қалған 15-інің құрылысы алдағы қыркүйек айында аяқталмақ. Бұл нысандардың дені Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында шоғырланады. Қазір бұл маңда драма театр, тұңғыш Президент саябағы, халықаралық туризм, спорт университеті салынып жатыр. Ал кесенеге қарама-қарсы бетте жаңадан шығыс моншасы мен қабылдау орталығы ашылып қойған.

Осы қабылдау орталығының жұмысымен де Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы танысты. Бұл жерде бұрын халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханасы болған. Сол жатақхана жөнделіп, бүгінде туристер қабылдайтын орталыққа айналған. «Мұндай нысан неге керек болды» десеңіз, айтайық. Түркістанға келген шетелдіктер алдымен осы жерге кіріп, шаһармен танысады. Тарихи орындарға бару үшін туристерге билет те енді осы орталықта беріледі. 

Ерасыл Төлебаев, Түркістан қаласы «Сапар орталығының» директоры:

– Біздің ең басты мақсатамыз, біздің туристердің санын арттыру. Біздің Яссауиді бүкіл әлемге таныту. Өткен жылы 1 миллион 300 адам Түркістанға келсе, біздің ең басты мақсатымыз ол санды 5 миллионға жеткізу. Ең бастысы, ол біздің Түркістан туралы керекті ақпараттар беру және біздің қонақтарға жағдай жасау. Ол танспорттық, логистикалық.

Ал бұл жаңадан салынған «Жібек жолы» саябағы. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен алыста емес.

Осы жерде экология, геология, таби,и русурстар министрі баяндама жасады. Мағзұм Мырзағалиев айтты. Түркістанда су тапшы. Мәселені шешу үшін қазір бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Ең алдымен Түркістанның магистральды каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның жалпы ұзындығы 150 шақырым. Қазір 59 шақырымын жөндеп жатырмыз. Келер жылы бұл жұмыс аяқталады. Нәтижесінде 26 жарым мың гектар жер сумен қамтылады.

Түркістан жаңарып жатыр дедік қой. Алдағы уақытта мың жарым гектар аумақ әкімшілік-іскерлік орталыққа айналады. Облыс әкімі Президентке осы тұрғыдағы жоспарларын баяндап берді. 

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

– Бұл іскерлік орталықта алдағы уақытта 160 мың адам тұратын болады. Бүгінде оның орталығы дайын. Бүгінде әкімдік орналасқан. Жаңа саябақ ашылды. Ол алаң «Нұрсұлтан» деп аталады. Конгресс хол салынды. Қыркүйекте пайдалануға беріледі. Желек жол болады. Оқушылар сарайы да жұмыс істейді.

Президент әкімшілік-ісерлік орталықты аралап шықты. Осылайша Түркістан санаулы жылда адам танымастай өзгермек. Жоспарға сенсек, жылына 5 миллион турист келетін шаһарға айналады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Еділ Ермекбаев, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев, ПТРК

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы