424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан шетелдік инвесторларға 25 жыл бойы жеңілдік жасайды

  • 132
  • UPD: 15:30, 19.11.2020

Шетелдік инвесторлар кеңесінде Президент осылай деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжаттың стратегиялық маңызы бар екенін жеткізді. Енді тау-кен өндірісін дамытуға атсалысып жатқан қаржыгерлер мемлекеттің қамқорлығын сезінеді.

Вирус – бой беретін емес. Үсті-үстіне төбелеп жатыр. Індет жұқтырғандар саны 55 млн адамға жетті. Жойқын соққыдан алпауыттар да есеңгіреп қалды. Сірескеннің өзі сетіней бастаған. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны бәсеңдеді. Сауда-саттық бірден 10,6%-ке құлдырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлем елдерінің табысы 10,7%-ке азайды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта 3,5 трлн доллар жоғалтты. Инвестиция тарту өткір мәселе айналды. Оның көлемі биыл 40%-ке азайды. Келесі жылы тағы 10%-ке төмендейді. Бұл – дабыл қағатын жағдай.

Әлем әлі де мең-зең. Бұл кесел Қазақстанды да құрсаулап тастады. Адым аштырмай қойды. Мұндайда инвесторлардың теріс айналатын жөні бар еді. Бірақ шетелдік қаржыгерлер қолды сермепк еткен жоқ. Президент соларға алғыс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір әлем елдері вирустың зардабын тартып отыр. Бұл індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Осындай қиын сәтте Қазақстанға қол ұшын созған инвесторларға алғыс айтқым келеді. Олар аянып қалған жоқ. Қал-қадірінше көмектесті. Біз инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне әлі де жағдай жасаймыз. Сондықтан алдағы уақытта бірлесіп қызмет қыламыз дегенге сенемін.

Ашок Лаваса, Азия даму банкінің вице-президенті:

– Азия даму банкі биыл жызда Қазақстанға 1 млрд доллар көлемінде көмек көрсетті. Несие ретінде берілген қаражат денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалды. Қаржылық дағдарыспен күресу үшін біздің банк Қазақстанға тағы да көмек көрсетуге дайын.

Шың басында тұрғандардың шыңырау түбіне түскенін көрдік. Талай мемлекет тал қармап қалды. Сазға батқандай күй кешті әлі кешіп жатыр. Қазақстан сол бұғаудан босау үшін қазынадан қомақты қаражат бөлді.

Николай Подгузов, Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы:

– Қазақстан қаржылық дағдарысқа төтеп беру үшін 6 трлн теңгеге жуық қаражат бөлді. Бизнес өкілдеріне де қолдау көрсетіп жатыр. Мұны кәсіпкерлер анық сезінді деп ойлаймын. Біздің банк алдағы уақытта да Қазақстанмен тығыз байланыста болады.

Рас, барлық сала құрдымға кетті деуге келмейді. Құрылыс қарқынын жоғалтпады. Ауыл шарушылығы адымдап жатыр. Өңдеу өнеркәсібінің де өзегі талған жоқ. Тек инвестиция тарту жағы біраз ақсады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шетелден инвестиция тарту көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 35%-ке төмендеді. Әсіресе тау-кен өнеркәсібіне қаржы құятындар азайған. Сондықтан біз стратегиялық инвестициялық келісім әзірлеп жатырмыз. Енді тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсіп саласына қаржы құйған инвесторларға 25 жыл бойы жеңілдік жасалады. Олардың өнімін экспорттауға көмектесеміз. Белгілі бір уақытқа салықтан босатамыз.

Жаңа инвестициялық келісім жыл соңына дейін дайын болады. Мемлекет қаржыгерлерді қызғыштай қорымақ. Азуын батырғандардың айылын жияды. Шүйліккендерді шүйіріп тастайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құны 12 трлн тг болатын 500-ге жуық бизнес-жобаны жіті қадағалап, өзгелердің қол сұқпауын қамтамасыз етті. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жасалады. Инвесторлардың алаңсыз қызмет қылуын қамтамасыз етеміз.

Әлем елдері тың технологияның көмегімен біраз шаруаның тінін ширатып жатыр. Қазақстан да ІТ-жобаларға басымдық беруде. Алдағы 5 жылда бұл салаға 500 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз бұл салаға қомақты қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. Қазір ақпарат өңдеуге бағытталған төрт бірдей ірі орталық салуды бастап кеттік. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында бой көтереді.

Медицина саласы да қағажу қалмайды. Алдағы 5 жылда елге керек дәрілердің 50% өзіміз шығарамыз. Жауаптыларға осындай міндет жүктелген. Президент осы салаларға қаржы құятын инвесторларға мол мүмкіндік берілетінін тағы ескертті. Бастамалардың сәтті жүзеге асарына әлемдік қаржы ұйымдарының басшылары бек сенімді.

Одиль Рено-Бассо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті:

– Қазақстан 30 жылда толайым табысқа жетті. Экономиканы дамыту мен реформа жасаудың озық үлгісін көрсетті. Дұрыс бағытты таңдады. Әлі де дами түсетініне кәміл сенемін. Қазақстанға барудың сәті түсер. Сол күнді асыға күтіп жүрмін.

Індет ертелі-кеш кетеді. Бірақ салдары қалады. Қазір күреспесек, салымыз суға кетеді. Көп елдің тырбанып, тырмысып жатқаны сондықтан. Ал елдің еңсесін көтеруге шетелдік қаржыгерлердің көмегі ауадай қажет болып тұр.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы