374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҰБТ-ның алғашқы күнінде 14 мың түлек тест тапсырды

  • 840
  • UPD: 14:55, 20.06.2018
ҰБТ-ның алғашқы күнінде 14 мың түлек тест тапсырды

Бүгін елімізде 14 мың түлек тест тапсырды.

Ал жалпы 1 шілдеге дейінгі аралықта 102 мыңнан аса адам ҰБТ-дан өтеді. Ол үшін тест қабылдайтын 167 орталық жасақталған. Соның біріне Білім және ғылым министрі барып, сынақ тапсыратын аудиторияларды аралап көрді. Орайы келгенде, түлектерге ақыл кеңесін айтты.

Сынаққа қатысатын кез келген түлек үшін бүгін – жауапты сәт. Күндіз-түні ұйықтамай дайындалып, 11 жыл бойы оқыған білімін дәлелдеуі керек. Әрине мұндайда қобалжымау мүмкін емес. Бұл күн тек түлектер үшін ғана емес, баласының тілеуін тіліп отырған ата-аналар мен шәкіртінен зор үміт күтетін ұстаздар қауымы үшін де маңызды.

БЛИЦ:

– Тұңғышымыз ҰБТ тапсырып жатыр. Соны уайымдап осы жерде күтіп отырмыз.

– Немеремнің тілеуін тілеп келіп тұрмын. Барлық балаларға сәттілік тілеймін.

– Жасұлан мектебінен келіп тұрмыз. Балама сәттілік тілеймін, қобалжып тұрмын. Өзінің таңдаған университетіне түсіп кетуіне тілектеспін.

Елордалық түлектерге сәттілік тілеу үшін министр де арнайы келді. Еліміздің бас ұстазы сынақ тапсыратын аудиторияларды аралап көріп, ақыл-кеңесін айтты.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Ең бастысы ұйқыны қандырып алу керек. Миды тынықтыру маңызды. Екіншіден сабыр сақтап, уайымдаудың қажеті жоқ. Ал үшіншіден өзін-өзі қолға алу керек. Сұрақ саны аса көп емес әрі берілетін уақыт жеткілікті. Психологиялық тұрғыдағы дайындыққа мән берген жөн. Бұған дейін әрбір түлек 7-8 рет сынақ тестін тапсырып көрді. 11 жыл білім алды. Сондықтан сұрақтардың барлығы белгілі.

Осымен он бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған ҰБТ-ға биыл айтарлықтай өзгеріс енген жоқ. Тек бұған дейін талай сынға ұшыраған орынсыз сұрақтардың 25 пайызы ауыстырылған. Басты жаңалық – тестілеудің ашықтығы. Яғни биыл сынақтың қалай өтіп жатқанын кез келген тұрғын онлайн жүйеде көре алады. Еліміздегі тест тапсыру аудиторияларының 90 пайызы бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталған. Әрі биыл жергілікті жерлерде комиссиялардың саны 1 жарым есеге артып, 5 мың адамға жетті. Атқамінерлер бұл шаралар тестілеудің барынша әділ өтуін қамтамасыз етеді деп сендірді. Ал бірінші болып ең жоғары балл алған түлекке Ұлттық тестілеу орталығының басшысынан арнайы сыйлық бар.

Рамазан Әлімқұлов, ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

– Ең жоғары балл алған түлекке өз жалақымнан iPhone телефонын сыйлаймын. Ол уәдемді орындаймын. Сондықтан барлық түлектерге сәттілік.

ҰБТ-ның нәтижесін үйде отырып-ақ, Telegram арқылы білуге болады. Ол үшін тест тапсырушының жеке кодын енгізсеңіз болғаны. Бұдан бөлек әдеттегідей Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан да қарауға мүмкіндік бар.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Жандос Битабар, Айдос Меделбеков

Осы категория бойынша: « Грузияда 11 мың оқушы аттестациялық емтиханнан өтпей қалған Түркістан облысы түркі әлемінің ғалымдарын біріктіруші орталыққа айналады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы