378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орта білім беру мекемелерінің басшылығына үміткерлер сынақ тапсырады

  • 270
  • UPD: 15:16, 31.01.2019
Орта білім беру мекемелерінің басшылығына үміткерлер сынақ тапсырады

Елімізде мемлекеттік білім беру ұйымдары басшыларын тағайындау қағидалары бекітілгені мәлім, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Енді директорлар бұрынғыдай конкурстық негізде емес, білімдерін тестілеу барысында дәлелдеуі тиіс. Кейін бірнеше кезеңнен өтеді. Ертіс өңірінің білікті мамандары еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып емтихан тапсырды.

Өңірде 350-ден астам мектеп болса, 50 басшының орны бос тұр. Ал үміткерлердің саны 70-тен асады. Жаңа үрдістің басты мақсаты – директорлар корпусының сапасын көтеру. Жауапты қызметке кандидаттардың қатарында салада 22 жыл еңбек еткен Бағда Қазиева бар.

Бағда Қазиева, үміткер:

- Жаңартылған білім беру аясында мектеп жұмысы, Қазақстан бойынша сол жағдайға өтетіндіктен, осындай үлкен-үлкен іс, басыңқы бағыттарды қамтиды. Дегенмен оқу мен тәрбиенің үндестігі ерекшелігіне назар аудару керек. Себебі, оқу тәрбиесіз берілмеу керек, тәрбие оқусыз берілмеу керек.

Тестілеу орталығына біліктіліктерін дәлелдеуге келген әр қатысушы ұялы телефон немесе өзге де көмекші құралдарды пайдалана алады. Себебі, кіру кезінде аранайы тексеріс жүргізілген жоқ. Ұйымдастырушылар ұстаздарға сенім білдіріп отыр. Дегенмен тестілеу үрдісі басынан бастап аяғына дейін бейнебақылау камерасына жазылды. Бұл жазбалар ортақ серверде бір жыл бойы сақталады.

Реформаға сәйкес мамандарға 120 сұрақ ұсынылады. Сұрақтардың жартысына жауап берген үміткерлер келесі кезеңге өтеді. Мамандар негізгі заңнамалар, педагогика мен психология бойынша білімдерін сараптайды.

Қанат Шайғазин, үміткер:

- Басшы болғың келсе алдымен заңды білуің керек. Қазір өмір талабы да солай ғой. Балалармен жұмыс істеу үшін балаларды қорғау заңын, Конституция – бәрін білу керек. Педагогика-психологияны практика түрде білсек, теорияны білу керек.

Негізгі кезеңдерден өту бір бөлек, үміткерлер мектептің үшжылдық даму жоспарын ұсынуы керек.

Жомарт Қарамбаев, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші кезең – кандидаттардың біліктілігін бағалау. Екінші – кандидаттарды әр мемлекеттік білім беру мекемесінің қамқоршылық кеңесімен келісу. Үшінші кезең – ол білім беруді басқару органының соңғы конкурстық комиссияның отырысында әңгімелесу.

Алма Қозбаева, қамқоршылық кеңестің төрайымы:

- Бірінші рет осындай үлкен шараға қатысып отырмыз. Енді өз тарапымыздан адал болу, бұл балаларымыздың болашағы ғой. Бізге директордың қызметіне тағайындалғандар, әрине, олар мектеп дамуының үшжылдық жоспарын ұсынады ғой.

Бүгінде облыс мектептерін тізгіндеген мамандардың орташа жасы 45-50-ді құрайды. Олардың қатарында зейнет жасына жақындағандар да бар. Сала мамандарының айтуынша, жаңашыл үрдістер басқарушы кадрлар тапшылығын жоюға сеп болмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы