386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы 16 мектепте алғашқы қоңырау соғылды

  • 184
  • UPD: 22:17, 01.09.2019
Арыстағы 16 мектепте алғашқы қоңырау соғылды

Түркістан облысының Арыс қаласында 2500-ге жуық оқушы 1-сынып табалдырығын аттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы жарылыстан зардап шеккен 16 орта мектепті «Самұрық-Қазына» қоры толығымен қалпына келтірді. Бүгін 10 мыңнан астам оқушы жаңартылған мектептерде оқу жылын бастап кетті.

Қазір қаладағы қираған 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 63-і пайдалануға берілді. Қалған 5 нысан қыркүйек және қазан айларында тапсырылатын болады.

Таңмен таласа тұрған арыстық оқушылар алтын ұя мектебіне асықты. Білім мерекесі қаладағы барлық 40 мектепте аталып өтілді. Ал жарылыстан зардап шеккен Кеңес Одағының батыры Иван Журба есімімен аталатын орта мектепте өткен салтанатты шараға облыс басшылары мен нысанды қалпына келтіруге атсалысқан ұлттық компания өкілдері қатысты. Мұнда да алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар ұстаздарымен бірге білім ошағына аяқ басты.

Бұл мектептің әр сыныбы заманауи етіп жарақтандырылған. «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы Арыстағы 16 орта мектепті толығымен қайта қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткізді. Әсіресе, мұндағы акт залы мен сырттағы балалар үшін доп тебетін алаң алыстан көз тартады. Жалпы айтқанда оқушыларға енді терең білім алу үшін бар жағдай бар.

Арман Жетпісбаев, ұлттық компанияның өкілі:

- 68 нысанның ішінде қосымша 4 нысанның жаңа құрылысы бар. Ол жедел жәрдем бөлімі, тіс ауруханасы, сонымен қатар жасөспірімдердің спорт мектебі және бір жеке балабақша жаңадан құрылысы жүргізілуде. Біз енді сол жұмыстардың барлығын қабылдап, сапасын тексеріп қосымша жұмыстарды түгел аяқтап шығамыз.

Арыстағы Сұлтанбек Қожанов атындағы орта мектептің шәкірттері де білім күнін ерекше сән салтанатымен тойлады. Бұл білім беру мекемесі де жарылыстан соң қайта қалпына келтірілген болатын. Мұндағы аз қамтылған отбасылардың ұл-қыздарына қаланың құрметті азаматы, әнші-сазгер Нұрлан Еспанов «Мектепке жол» акциясы аясында жерлес іні-қарындастарына 100-ден аса мектеп формасын тарту етті. Бұған әсіресе ата-аналар жағы ризашылығын білдірді.

Айсара Тұрсынбекова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Әрбір азамат осы Нұрлан бауырымыздай болсын. Рахмет айтамыз. Кешегі жағдайдан кейін балаларымыз қандай қуанышта жүр. Барлығын ұмытқандай.

Сарагүл Қалиева, Арыс қаласының тұрғыны:

- Бәрі артта қалып, қуаныштамыз. Мына мектебіміз қайтадан 100% жаңарды десем болады, барлығын аралап көрдік. Өте үлкен рахметімізді айтамыз балалар мен ата-аналар үшін.

Түркістан облысы бойынша 1-сыныпқа 56506 балдырған мектеп табалдырығын аттаған болатын. Өңірде жаңадан 7 мектеп ашылса, жыл соңына дейін 15 мектеп пайдалануға берілмек.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы