389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ хандары мен осман сұлтандары хаттарының көшірмесі елімізге табыс етілді

  • 286
  • UPD: 00:02, 28.09.2019

Осман сұлтандары мен Қазақ хандарының арасындағы хаттар еліміздің ғалымдарына қолжетімді бола түсті.

Алматыда түркиялық «Yertad» тарих және мәдениет қауымдастығының өкілдері Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивіне осы құнды жазбалардың цифрлық көшірмесін табыстады. Әзірге осман тілінде жазылған хаттардың дипломатиялық қарым-қатынас, сыйлық алмасу және елші жіберуге қатысты екені ғана белгілі. Ал оның нақты мазмұны, саяси рөлі түркітанушылар құжатты қазақ тіліне аударған соң анықталады. Бұл көшірмелерге түркиялық қауымдастық пен қазақстандық архив бекіткен меморандум аясында қол жетті. Меморандум «Отырар» түркі әлемі «Электронды кітапханасы» жобасы аясында ортақ мұраларды бірігіп зерттеуге жол ашады.

Әсел Лахаева, ТР «Yertad» тарих және мәдениет қауымдастығының өкілі:

- Қазіргі кезде біздің қорымызда 70 мыңға жуық түркі әлеміне, түркологияға байланысты сирек кітаптар мен қолжазбалардың, манускриптердің, карталардың құнды көшірмелері бар. Біздің мақсатымыз келешекте архив және біздің қоғам аясында көптеген іс-шараны бірге ұйымдастыру.  

Гүлмира Мұхтарова, ҚР орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің директоры:

- 2020 жылы қауымдастық пен біздің архив бірлесе отырып Түркия елінің бірнеше қаласында Қазақстанның ескі қалаларының тарихы туралы және наурызға байланысты көрме ұйымдастыру және әртүрлі каталогтарды бірлесіп басу көзделіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы