428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда аула клубтары Абай өлеңдерін оқудан жарысты

  • 553
  • UPD: 11:55, 24.03.2020

Оралда Мәдени ағарту бірлестігінің ұйымдастыруымен аула клубтары тәрбиеленушілерінің арасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе...» атты байқау ұйымдастырылды.

Мақсат ақын мұрасын кейінгі жас буынға кеңінен насихаттау. Байқау жеңімпазы ақынның туған елі Жидебайға жолдама алды.  

Шұғыла Сағындық 5-сыныпта оқиды. Бос уақытында би билегенді, сурет салғанды ұнатады. Тоғызқұмалақ пен каратэ секілді түрлі үйірмелердің тұрақты қатысушысы. Бірақ ол үшін «Ақ Желкен» аула клубындағы мәнерлеп оқу үйірмесінің жөні бөлек. Өйткені мұнда ол көркемсөз оқудың қыр-сырын меңгерумен бірге жанына жақын ақын-жазушылардың шығармаларымен жақынырақ танысады. 

Шұғыла Сағындық, байқау жеңімпазы:

- Маған көбіне Абай Құнанбаев атамыздың өлеңдері ұнайды. Мен Абай атамыздың 6-7 өлеңін жатқа білемін. 25 қара сөзін білемін.

- Өлеңдері  түсінікті өзім үшін. Қара сөздері мен үшін қиын болмады, түсінікті жазылған.  

Өңірде ұлы ақынның 175 жылдығына орай көптеген шаралар жоспарланған. Соның бірі «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе...» атты байқауға 20 шақты жеткіншек қатысып, бақтарын сынады.   

Анаргүл Бимұханова,  әдістемелік кабинет меңгерушісі:

- Байқауға 18 қатысушы қатысып отыр. Оның 15-і балалар аула клубтарынан болса үшеуі комьюнити орталықтарынан. Байқау 2 кезеңнен тұрады.

– 1-кезең іріктеу кезеңі. Іріктеу кезеңінде 2 бөлім бар. Бірінші бөлімде «Әсемпаз болма әрнеге!» тақырыбында ақын өлеңдерін жатқа оқу болса екінші кезеңде ақынның қара сөздерін ұяшық таңдау арқылы  жатқа оқып беру. 

Жатқа оқудан алдына жан салмаған Альмира Сейітмұханова мен Аяулым Төлеудің өнері көпшілікті тәнті етті. Нәтижесінде, қазылар құрамының шешімімен екеуі де жүлделі орындарды еншіледі. Ал «Атамекен», «Арай» және «Бәйтерек» аула клубынан келген Альвинура Сағынғалиева мен Нұргүл Байзуллиева және Ерсайын Сайын  түрлі аталымдар бойынша топ жарды.  

Альмира Сейітмұханова,  байқау жүлдегері: 

- Мен Абай атамыздың 35-40  сөзін білемін және 15 қара сөзін жатқа білемиін. Бүгінгі конкурсқа дайындап келгенім өлеңім Абай атамыздың «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңі және де 15 өлеңін жаттап келдім. Маған түскен қара сөзі ол 6 және 7-қара сөзі.  

Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 7 үміткер ақтық сынға шығып, гала концертте өнер көрсетті. Бұл жолғы сында біздің кейіпкеріміз Шұғыла Сағындықтың жұлдызы жанды. Байқаудың бас жүлдесін иеленген «Ақжелкендік» бүлдіршінге ақынның туған жері Жидебайға саяхаттау үшін арнайы сертификат табысталды.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы