412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында 7,5 мың бала қашықтан білім алуда

  • 216
  • UPD: 23:05, 27.04.2020

Сарқан ауданындағы 7,5 мың оқушының 5 мыңға жуығы онлайн режимінде, қалғаны телеарналар арқылы білім алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы байланыс жүйесін жақсарту мақсатында биыл 11 ауылға кең жолақты интернет желісі тартылады. Сөйтіп, елді ьмекендердің ғаламторға қосылу көрсеткіші 90 процентке жеткізіледі. Бұл оқушылардың оқу сайттарына емін еркін кіріп, мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді.

Химия пәнінің мұғалімі Людмила Воеводина 11-сыныпқа сабақ береді. Күн сайын оқушыларымен онлайн режимінде байланысып, кезекті тақырыбын түсіндіреді. Білікті маман жаңа тәсілмен жұмыс істеудің өзіндік артықшылығы бар екенін айтады.

Людмила Воеводина, химия пәнінің мұғалімі:

– Қашықтан оқыту жүйесі балаларға өздігінен ақпарат іздеуге мүмкіндік беріп отыр. Қазір мен сабақтан кейін тақырыпқа қатысты мәліметтер бар сілтемелерді беремін. Олар сол жерден қосымша білім алады. Сұрақтары болса, «уатсап» желісінде өзара талқылаймыз. 

Бинұр Дәулетханқызы – Людмила Воеводинаның оқушысы. Мектеп бітіруші түлек келешекте күштік құрылымдарда қызмет еткісі келеді. Жоғары оқу орнына түсу үшін ол қашықтан дайындалып, өздігінен ізденіп жатыр екен.

Бинұр Дәулетханқызы, оқушы:

– Осымен жұмыс істеп жатқанымызға бір ай болды, үйреніп алдық. Қазір біз өз бетімізбен жұмыс істейміз. Барлық мәліметті интернет арқылы, «ютюбтен» іздейміз. Қазір басқа мұғалімдердің сабағын қарап, тәсілін қарап, өзімізге керегін аламыз.

Жасұлан Бейтек, Сарқан аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Аудан бойынша 30 мектепте 7500 бала білім алуда. Оның 4,5 мыңнан астамы интернет желісі арқылы білім алады. 2,5 мыңнан астамы телеарналар арқылы білім алады. Қалған 52 оқушы курьерлер жұмысымен білім алуда. Яғни, оқушылармен кері байланыс ұйымдастырылуда. Оқушылар «дарын онлай», «ютюб» платформаларымен жұмыс істеуде Сабақ жоспарға сәйкес күнделікті өтуде.

Ауданда екі колледж жұмыс істеп тұр. Онда өңірдің әр аймағынан келген 600 студент білім алады. Қалыптасқан жағдайға байланысты олар да қашықтан оқыту жүйесіне көшкен.

Еркежан Тұрғанбай, студент:

– Қазір біз «гугл клас рум» бағдарламасымен оқып жатырмыз. Өте ыңғайлы. Ол жерде мұғалімдер бізге тапсырмалар жібереді. Біз оларға үй тапсырмасын жазып жібереміз. Және оқушылардың бізге қойған бағаларын, коментарийлерін көріп отырамыз. Қашықтан оқытудың пайдалы жақтарын көрдім. Мәселен, үйде бос уақытым болып қалған кезде интернеттен әйгілі жазушыларымыздың әйгілі романдарын оқыдым. Сөздік қорын байыттым.

Сарқан ауданындағы 11 елді мекенге биыл кең жолақты интернет желісін тарту көзделген. Соның нәтижесінде байланыс жүйесі жақсарған ауылдардың саны 90 пайызға жетіп, тұрғындардың ғаламторға қосылу мүмкіндігі артады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы